Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, құжатқа «Самғау» холдинг басқарма төрағасы Азамат Әбдімомынов пен «Майкрософт» басшысы Билл Гейтс қол қойды.
Меморандумға сәйкес, тараптар бірнеше басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға уағдаласқан. Оның ішінде электронды білім беру, ақпараттық қауіпсіздік, Интернет желісінің қазақстандық сегментін дамыту, электронды үкімет, электронды медицина, электронды коммерция, үкімет үшін электронды мемлекеттік сатып алулар және т.б. бар.
Баспасөз қызметінен хабарлағандай, 2008 жылдың бірінші жартыжылдығында «Майкрософт» корпорациясының өкілдері инновациялық білім беру консорциумын құру бойынша бірлескен жобаны талқылау үшін Қазақстанға келеді. «Инновациялық білім беру консорциумын құрудағы мақсат жаңа ақпараттық технология негізінде білім беру бағдарламаларын пайдаланып білім беру ортасында бірыңғай ақпараттық инфрақұрылымды қолданысқа енгізу», — деп көрсетілген баспасөз баянында.
Бұрын хабарлағанымыздай, «Майкрософт» компаниясы Берлинде өтіп жатқан Орталық, Шығыс Еуропа және ТМД елдерінің үкімет басшыларының 4 Әлемдік форумының ұйымдастырушысы болып табылады. Бұл жылы әртүрлі деңгейлерде тиімді мемлекеттік басқару мен ұлттық білім беру жүйесіндегі ақпараттық-коммуникациялық технологияның маңызы форум тақырыбына алынған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті