Алдын-ала жорамалға сәйкес Алматы әуежайындағы Челленджер ұшағының апаты экипаждың қателігінен болған - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+10 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алдын-ала жорамалға сәйкес Алматы әуежайындағы Челленджер ұшағының апаты экипаждың қателігінен болған

Алдын-ала жорамалға сәйкес Алматы әуежайындағы Челленджер ұшағының апаты экипаждың қателігінен болған

Алматы. 29 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Алдын-ала жорамалға сәйкес Алматы әуежайында өткен жылдың 26 желтоқсанында "Челленджер" CL-60 ұшағының апаты экипаждың қателігінен болған. Бұл туралы бүгін апаттың себептерін зерттеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұшулар жөніндегі кіші комиссиясының мүшесі, Алматы халықаралық әуежайының ұшулар қауіпсіздігі басқармасының бастығы Ришат Түстікбаев журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

  • 29 Қаңтар 2008
  • 547
Фото - Caravan.kz

«Ұшақ экипажы апатқа алып келген бірқатар ереже бұзушылықтарға жол берген. Бұл экипаж жұмысының технологиясын бұзу, аспанға көтерілу командасын орындамас бұрын екінші пилотқа теріс нұсқау беру, екінші пилоттың тәжірибесіздігі секілді қателіктер», — деді Р. Түстікбаев.

Оның айтуынша, екінші пилот дайындық бағдарламасынан өтіп жатқан, сол себепті экипаж командирі «аспанға көтерілу секілді аса жауапты кезеңде ұшақты басқаруды өз бақылауы астында жүзеге асыруға тиіс. Ал командир болса жолақтан көтерілетін сәтте назарын басқа нәрсеге аударып әкеткен, ал ол осындай ұшақта жұмыс істеуден жеткілікті тәжірибе жинақтамаған пилоттың ұшуды қалай жүзеге асырғанын қадағалауға тиіс еді».

Ұшулар жөніндегі қорытындыға сәйкес, «командир өзінің атқаруға тиіс іс-әрекеттерін іске асырмаған».

Р. Түстікбаевтың атап көрсетуінше, «ұшақтың техникалық ахуалы дұрыс болған».

Алматы транспорттық авиациялық прокуроры Марат Төлеубаевтың айтуынша, «қазір тергеу жүргізіліп, барлық жорамалдар қарастырылуда. Олардың арасында әуежай тарапынан ұшаққа дұрыс қызмет көрсетілгендігі, қандай отын құйылғандығы, диспетчерлер мен әуежайдың құтқару қызметтері дұрыс жұмыс істегендігіне қатысты мәселелер анықталуда».

Прокурордың айтуынша, қазіргі жағдаймен «әуежай қызметтерінің жұмысына қоятын қандайбір кінарат жоқ. Комиссия бүгін жария еткен қорытындылар негізгі қорытынды ретінде қабылданып, бұдан кейінгі тергеулер мен қылмыстық іс бойынша дәлелдер жинауда ескерілетін болады».

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті