Кеше №31 алаңның жанармай құю станциясында үдеткіш блоктың жоғарғы қысымдағы бактарын жанармай және сығымдалған газ компоненттерімен толтыру аяқталған. Жанармай құйылғаннан кейін «Бриз-М» үдеткіш блогы әрі қарайғы операциялар жасау үшін №92А-50 алаңының монтаж-сынақ корпусына жеткізілді.
Алдағы күндері Хруничев атындағы Мемлекеттік ғарыштық, ғылыми-өндірістік орталығының, Решетнев атындағы қолданбалы механикалық ғылыми-өндірістік бірлестігінің, «Байқоңыр» федералдық ғарыш орталығының мамандары «АМС-14» ғарыш аппаратын «Бриз-М» үдеткіш блогымен түйістіруге кіріседі. Бұл екеуі бірігіп «Протон-М» зымыран тасығышының ғарыштық негізгі бөлігін құрамақ. Жұмыс кестесіне сай ауыспалы жүйесі бар ғарыш аппаратын, кейін «ғарыш аппараты+ауыспалы жүйе» қосындысын үдеткіш блокпен түйістіру іске асырылатын болады.
Ғарыштық негізгі бөлікті «Протон-М» зымыран тасығышымен құрастыру ұшырылым алдындағы дайындықтың қорытынды кезеңі болмақ.
Байқоңырдан «Протон-М» зымыран тасығышының көмегімен «АМС-14» ғарыш аппаратын ұшыру 2008 жылдың 15-наурызына жоспарланған.
«АМС-14» телекоммуникациялық спутнигін Lockheed Martin Commercial Space Systems компаниясы жасаған. Жер серігі 32 транспондермен жабдықталған және Солтүстік Американың тұтынушыларын байланыспен қамтамасыз ететін болады. «АМС-14» телекоммуникациялық жер серігі 15 жыл пайдалануға есептелген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті