Мемлекет басшысының баспасөз қызметінен хабарлағандай, кездесу барысында Қазақстан мен Катар мемлекеттерінің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Хамад бен Халиф аль-Тани мұнай-газ, мұнай химиясы, туризм және өзге де салалардағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға Катар инвестициясын тарту бойынша нақты мәселелерді талқылады.
Келіссөздер қорытындысында инвестицияға ынталандыру және өзара оны қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ мен Катар инвестициялық қоры арасында бірлескен инвестициялық қор құру мәселесіне орай меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, екі ел үкіметтері стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойды.
ҚР Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, екі ел арасындағы тауар айналымы 2006 жылы $879,5 мың, оның ішінде, экспорт — $273,4 мың, импорт — $606,2 мың құраған. 2007 жылы өзара сауда көлемі $927,6 мыңға жеткен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті