Соттарды жеке тұлғаны тексеру құралдарымен жабдықтау керек - ҚР Жоғарғы сотының комиссиясы - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Соттарды жеке тұлғаны тексеру құралдарымен жабдықтау керек - ҚР Жоғарғы сотының комиссиясы

Соттарды жеке тұлғаны тексеру құралдарымен жабдықтау керек - ҚР Жоғарғы сотының комиссиясы

Тараз. 6 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан соттарын жеке тұлғаны тексеру құралдарымен жабдықтау керек. Тараз қалалық №1 сотында жауап берушінің өзін-өзі өлтіру жағдаятын тексеруге Таразға келген ҚР Жоғарғы сотының комиссиясы осындай қорытындыға келді. Бұл туралы кеше баспасөз мәслихатында ҚР Жоғарғы соты комиссиясының мүшесі Ақылтай Қасымов мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

  • 6 Наурыз 2008
  • 529
Фото - Caravan.kz

«Осы оқиғаға байланысты Қазақстанның барлық соттарында суық және атыс қаруларын анықтау құралдарын орнату мәселесін біз тиісті ұйымдардың алдына қоямыз. Бұл тек соттардың ғана емес, тараптардың, көрермендердің, баспасөз өкілдерінің, сот залында болатындардың барлығының қауіпсіздігі үшін жасалады», — деді А. Қасымов.

«Біз іс материалдарын тексердік, іске қатысушылармен әңгімелестік. 2007 жылдың сәуір айында Исмаилов Мәлік «Альянс Консумер Финанс» шағын несиелік ұйымынан 500 мың теңге несие алғаны анықталды. Ол барлық келісім мен кассалық ордерге қол қойған. Ол ақша алған күннен бастап жеті ай көлемінде несие бойынша бір де бір салым жасамаған. Бұл несиелік ұйымға несиенің толық көлемде жедел арада қайтарылуын талап ету құқын пайдалануға ықпал еткен», — деді А. Қасымов.

Оның айтуынша, 5 ақпанға белгіленген сот отырысына М. Исмаилов келмеген. Келесі отырыс Исмаилов Мәліктің өтінішімен 14 ақпаннан 28-іне ауыстырылған. «Осы отырыста ол несиеден бас тарту әдісін ұстанды. Несие алмағанын айтты. Оған қол қойылған құжаттарды көрсеткенде, әдісін өзгертіп, несие төлеуге ақшасы жоқ екенін мәлімдеді. Осыдан кейін ол белбеуінен тапаншаны шығара бастады».

А. Қасымов хабарлағандай, істі жүргізіп отырған судья Шоқан Кенжеханов тез арада қимылдаған. «Судьяның үстелі мен іске қатысушылар отырған кафедра арасы бар болғаны 80 см — біз өлшедік. Содан судья жауап берушінің қолынан шап беріп ұстай алып, ұңғыны іске қатысушыларға қаратпауға тырысып, қолын қайырған. Сонда да Исмаилов Мәлік тапаншаны өз иегіне қадап тұрып атып жіберуге мүмкіндігі туған. Жедел жәрдем шақырылған. Ол оның қайтыс болғанын тіркеп, қатты қорқып қалған судьяға көмек көрсетті», — деді А. Қасымов.

«Қаражат пен бөлмелердің жетіспеушілігінен Тараз соттарында тіпті сырт киімді қалдыратын киім ілгіш те жоқ. Жауап беруші кең күртешенің ішіне тапаншаны тығып алып кірген. Біз қазіргі таңда соттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылған «Күзет» кәсіпорынының іс-әрекеттерін талқылаудамыз», — деп жауап берді А. Қасымов тілшілердің тапанша ұстаған адам қалайша отырыс залына кіре алды деген сұрағына жауап бере тұрып.

Соңғы хатына келер болсақ, А. Қасымовтың айтуынша, оны марқұмның заттарын тексеру кезінде полицейлер тауып алған. Оның нақты мәтіні баспасөз мәслихаты барысында жарияланған жоқ. Бірақ, комиссияның екінші мүшесі Жоғарғы соттың судьясы Қалима Өтешованың айтқанынан белгілі болғандай, сот жүйесінің атына біраз айыптаулар жазылған.

«Біз Исмаилов Мәліктің үш азаматтық іске өкіл ретінде қатысқанын анықтадық. Оның бірі — азаматша Дербісәлиева мен азамат Бертілеуовтың арасындағы ажырасу және мүлікті бөлісу туралы. Онда ол жартылай жеңіліс тапқан. Біз сот ісінде заң бұзушылықтардың болмағанын анықтадық. Екінші бір іс — моральдық шығынның орнын толтыру туралы азаматша Смирнованың Қаржы полициясына түсірген шағымы бойынша ол жеңген. Азаматша Гончарованың пайдасына алимент талап ету туралы іс тіпті де басқа салада қарастырылып жатыр. Сондықтан, оның өзін-өзі өлтіруін өкілдік қызметімен байланысты деп санаудың қажеті жоқ», — деп атап көрсетті Қ. Өтешова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті