Алматыда орта мектептердің бірінің ұстазы алаяқтығы үшін тұтқындалды - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда орта мектептердің бірінің ұстазы алаяқтығы үшін тұтқындалды

Алматыда орта мектептердің бірінің ұстазы алаяқтығы үшін тұтқындалды

Алматы. 6 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Алматыда 5 наурызда орта мектептердің бірінің ұстазы алаяқтығы үшін тұтқындалды. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады. Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қала мектептерінің бірінің жағрафия пәнінің мұғалімі болып істейтін ол екінші ықшамауданда қоқыс шығарып жүрген зейнеткермен өзін аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің қызметкері ретінде таныстырған.

  • 6 Наурыз 2008
  • 493
Фото - Caravan.kz

«Ол 8 наурызға орай барлық әйел зейнеткерлерге 2 мың теңге көлеміндегі сый-сияпат бөлінгенін айтып, осы себеппен кейуананың пәтеріне кіруді сұраған. Шындыққа жақын болуы үшін бірнеше бланктерді толтырып, өз қолын қоюды өтінген», — деп хабарлады Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі бастығының орынбасары полиция капитаны Ернұр Уәли.

Зейнеткердің айтуынша ол бойжеткенге өз жинағын көрсеткен. «Мен 74 жастамын. Мен өзімнің жерлеу рәсіміме 125 мың теңге жинап қойғанмын. Құдды гипнозда тұрғандай мен оған өз ақшамды көрсетіппін. Ол қалада жалған ақшаның шыққанын айтып, менің ақшамды тексеріп беруін өтінді. Нәтижесінде ол 95 мың теңге «жалған ақша» тапты. Ол оны конвертке салып, ақшаны поштада ауыстыруыма кеңес берді. Конвертті ашқан пошта қызметкерлері ақшаның орынына ақ қағаз тапты. Мен сол арада Әуезов АІІД шағымдандым», — деді жәбірленуші.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ол өзін сан соқтырған адамды егжей-тегжейлі суреттеп берген. Бұл патрульдік жасақтарға қызды «ізін суытпай» табуға мүмкіндік берді. Оны Жұбанов пен Өтеген батыр көшелерінің қиылысынан тапты. Ол жерде кезекті құрбанын іздестіріп жүруі де мүмкін.

«Тұтқындалушыны зейнеткер таныды. Қазір оның осы қылмысқа қатыстылығы тексерілуде. Тұтқындау кезінде күдіктіден ақша табылған жоқ. Ол ақшаны беріп үлгерген сыбайластары болуы да жоққа шығарылмайды», — деп атап көрсетті Е. Уәли.

Бойжеткен үш жылдық еңбек өтілі бар ұстаз болып шықты. Бұрын заңға байланысты мәселе туындамаған. Мектеп ұстазының іс-әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 177- бабымен қарастырылады. Әуезов аудандық ІІД тергеу амалдарын бастады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті