Ақтөбе облыстық прокурорының көмекшісі Гүлсім Сердалинаның айтуынша, тексеру жүргізуге халық тұтынатын газ баллондарын теріс пайдалануға қатысты қайғылы оқиғалардың жиілеп кетуі негіз болған. Осыған байланысты аталған тексеру барысында тұрмыстық газ баллондарын толтыру мен сатуға баса назар аударылды.
«Тексеру нәтижесінде барлық тексерілген нысандарда еңбек қорғау мен қауіпсіздік талаптары орындалмайтындығы немесе жартылай ғана сақталатындығы, газ шаруашылығындағы қауіпсіздік талаптары мен қысым астында жұмыс істейтін ыдыстарды пайдалану қауіпсіздігі мен оларды жасау ережелері сақталмайтындығы анықталды», — деді Г. Сердалина.
Мәселен, «Ақтөбе ГНС»ЖШС-де тұрмыстық газ баллондарының есебі жүргізілмейтіндігі, баллондар мен олардың толтырылу жағдайын куәландыру есебін жүргізу талаптары орындалмайтындығы белгілі болды.
«Сонымен бірге бұл фирмада тексеру кезінде баллондарды техникалық тұрғыдан куәландыру жөніндегі тақта жұмыс істемеген. Цехта автокөлік пен тұрмыстық газ баллондарының сапасын растауға арналған насос болмаған, бас инженер оны «жөндеуде» деп түсіндірген», — деді прокурор көмекшісі.
Ал келесі бір ұйым — «Өмір Газ» ЖШС-де тұрмыстық газ баллондары автогазқұю станцияларында толтырылып келген, ал заң бойынша, автокөліктерде пайдалануға арналмаған баллондарды автогазқұю станцияларында толтыруға тыйым салынған.
Бұған қоса, прокурорлық тексеру барысында «Өмір Газ» ЖШС-нің бірде-бір жұмысшысы арнаулы оқудан өтпегендігі, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарға қызмет көрсету жөніндегі куәлігі болмағаны, ал директордың өз қолындағы куәлігінің мерзімі 2007 жылдың наурызында өтіп кеткені анықталды.
Г. Сердалинаның ақпаратына сәйкес, «Регион Газ Сервис» ЖШС-ін тексеру барысында прокурорлар фирманың балансында үш автоцистерна мен екі автогазқұю станциясы болғанын анықтады. Алайда, онда тек қана жылжымалы автоцистерналарды пайдалануға ғана мемлекеттік лицензия болған.
«Қазір осы анықталған барлық кемшіліктер бойынша уәкілетті органдар заң бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқау шығарды. «Регион Газ Сервис» ЖШС-нің лицензиясыз қызмет жүргізу дерегіне қатысты материал процессуалдық шешім қабылдау үшін қаржы полициясы органдарына тапсырылды», -деді Г.Сердалина
Прокурор көмекшісінің мәліметінше, жалпы Ақтөбеде сұйытылған газ сатумен шұғылданатын 7 фирма бар, алайда, сұйытылған газ сақтау және тасымалдауға арналған баллондарды пайдалану мен жөндеуге берілген лицензия тек алты кәсіпорынға ғана тиесілі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті