Кеше Мәскеуде келіссөздер қорытындысы бойынша «Газпром» ААҚ басқарма төрағасы Алексей Миллер мен «Нафтогаз Украины» ҰАК басқарма төрағасы Олег Дубина газ саласындағы қатынастарды дамыту туралы келісімге қол қойды.
Баспасөз қызметі таратқан баспасөз баянында «келісімге сәйкес, 2008 жылдың наурызынан желтоқсанға дейін Украинаға 1 мың текше метрі 179,5 АҚШ долларына теңестірілген бағамен 49,8 млрд текше метрден кем емес көлемдегі Орта Азия газы жеткізіледі. Украинамен арадағы шекарада сатып алушы «Нафтогаз Украины» ҰАК болады. Сонымен бірге, 5,2 млрд куб метр көлеміндегі қаңтар-ақпандағы газ тасымалы толығымен RosUkrEnergo және УкрГазЭнерго арасындағы келісімшарт бойынша рәсімделеді және төленеді.
Орта Азия газына қосымша ретінде «Нафтогаз Украины» ҰАК RosUkrEnergo-мен 1 мың текше метріне базалық бағасы 315 доллармен 2008 жылдың қаңтар-ақпанында Украинаға жеткізілген Ресей газын сату-сатып алу келісімшартын рәсімдейді. Оның есебі тиісті газ көлемін қайтарып алу жолымен жүзеге асуы мүмкін.
Сонымен бірге, RosUkrEnergo компаниясы биылғы жылдың қаңтар айынан бастап компанияға жеткізілетін Орталық Азияның табиғи газының көлемі қысқаруы себепті Украинаның газ балансын қамтамасыз ету үшін Ресей газын сатып ала бастағаны жөнінде ескерткен болатын. Алайда, Украина жағы компанияның хабарламасына көңіл аудармай, 2008 жылдан бастап Украинаға тек қана Орталық Азияның арзан газы жеткізіліп жатыр деп сендірген еді.
«Нафтогаз Украины» да, «Газпром» да 2008 жылдың қаңтар-ақпанында Украина жерінде «шөгіп» қалған Ресейдің табиғи газының көлемін ашып айтпай отыр. Бұдан бұрын «Газпром» Украинада құны 600 млн АҚШ доллары болатын 1,9 млрд текше метр Ресей газы қалғанын мәлімдеген болатын.
2008 жылдың 1 сәуірінен бастап «Газпром» ААҚ еншілес компаниясы жыл сайын Украинаның өндірістік тұтынушыларына 7,5 млрд текше метрден кем емес көлемдегі газдың тікелей жеткізілуін қамтамасыз ететін болады.
Ал Украинаға 2009 жылдан бастап газ жеткізілу жағдайына келер болсақ, «Газпром» баспасөз қызметі атап көрсеткендей, «келіссөздер Орта Азия газының сатып алу бағасының жағдаятының қалыптасуын ескере отырып жалғасатын болады».
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті