Бұдан бұрын хабарланғанындай, белгілі ди-джейдің денесі өзінің пәтерінде табылды. Медициналық -сот сараптамасы бойынша, ди -джей буындырып өлтірілген. Оның мойнында аяқ киімнің бауы мен фотоаппарат белдікшесінің іздері қалған.
«Бірінші кезекте қылмыскердің үйге қалай кіргендігі тексерілді. Құлып бұзылмаған. Яғни, қылмыскер өлген адамның танысы болған деген дәйек пайда болды. Сондай-ақ, пәтердің ішінде барлық заттар орнында тұрды. Барлық себептерді ескере отырып, шұғыл тергеу тобы қылмыс адамдар арасындағы араздықтан туындаған деген болжамға келді», — деп хабарлады Алматы ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Амангелді Шідерқұлов.
Оның сөздері бойынша, ди -джейдің барлық таныстары мен жақындары жіті тексерілді. Оның соңғы күні қалай өткенін білу үшін оның дос жарандары, жақын туыстарынан да жауап алынды. Ди -джей жұмыс істеген клубтың күзетшісі жарты жыл бұрын жұмыстан шығарылған официант оны сұрағанын айтты. Ол адамның кім екенін полиция қызметкерлері тез арада анықтады.
«Асхат деген жігіт шұғыл тергеу тобының назарына түсті. Ол тұрып жатқан жерінде табылмады. 13 ақпанда ол қолға түсірілді. Содан бері бірсыпыра кешенді тергеу шаралары жасалып, оларды жүргізу барысында Асхат жасаған қылмысын мойындады», — деп атап өтті А. Шідерқұлов.
Қолға түскен күдіктінің айтуынша, ол ди -джейге $200 ақша қарыз болған. Алайда ол оны уақытында қайтара алмаған. Сол түні ол ди -джейдің үйіне мас күйінде келіп, ақшаны кейін беретіні туралы айтқан. Алайда ер адамдар арасында жанжал туындап, Асхат оны өлтіріп тастаған.
Подполковник А. Шідерқұловтың айтуынша, бұл оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 96 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, жақын уақытта сотқа жіберіледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті