Сенбі күні Байқоңырдан "Протон-М" зымыранымен ұшырылған "АМС-14" жер серігі көзделген орбитасына жетпеді - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+18 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сенбі күні Байқоңырдан "Протон-М" зымыранымен ұшырылған "АМС-14" жер серігі көзделген орбитасына жетпеді

Сенбі күні Байқоңырдан "Протон-М" зымыранымен ұшырылған "АМС-14" жер серігі көзделген орбитасына жетпеді

Байқоңыр. 17 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Сенбі күні Байқоңырдан "Протон-М" зымыранымен ұшырылған "АМС-14" жер серігі көзделген орбитасына жетпеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Ресей ғарыш агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

  • 17 Наурыз 2008
  • 512
Фото - Caravan.kz

Баспасөз қызметінен хабарлағандай, «Протон-М» зымыран тасығышы сенбі күні №200 ұшырылым алаңы кешенінің №39 ұшырылым қондырғысынан Астана уақытымен 5 сағат 18 минут 55 секундта ұшырылған және ұшырылым қалыпты режимде өткен.

«Мәскеу уақытымен 2 сағат 28 минут 41 секундта АМС-14 ғарыш аппараты мен «Бриз-М» үдеткіш блогынан тұратын ғарыштық бас бөлік «Протон-М» зымыран тасығышының 3-ші сатысынан сәтті бөлініп шығып, суборбиталық траектория бойымен дербес ұшуын жалғастырған. Зымыран тасығыштың барлық сатылары белгіленген аумақтарға келіп түсті. Осылайша, зымыран тасығыш штаттық режимде жұмысын атқарған», — деп хабардар етті Роскосмостың баспасөз қызметі.

Үдету блогының алғашқы іске қосылуы тәртіп бойынша өтті. Нәтижесінде бас блок жоспарлық параметрлерге жақын тірек орбитасына шығарылды. Ал екінші рет іске қосылғанда «Бриз-М» үдеткіш блогы белгіленген уақыттан 2 минут 13 секунд кем жұмыс істеп 32 минуттан кейін сөніп қалды.

«АМС-14″ ғарыш аппараты үдету блогынан бөлінді, басқарылады. Алайда, талап етілген есептік 36 мың шақырымдағы орбитада емес 28 мың шақырымда ұшып жүр», — деп хабарлайды Роскосмос.

Осыған ұқсас штаттан тыс жағдай 2006 жылдың наурызында болған еді. Ол кезде «АрабСат-3А» жер серігінің ұшырылымы «Бриз-М» үдеткіш блогының жұмысында болған ақау салдарынан сәтсіздікке ұшыраған болатын. Ол аралық орбитаға шығу траекториясын түзететін маневр қозғалтқыштарын уақытынан бұрын өшіріп тастаған-ды. Содан жер серігінің жұмысын қалпына келтіре алмағандықтан ол іске жарамсыз болып қалған еді.

«АМС-14» телекоммуникациялық жер серігін Lockheed Martin Commercial Space Systems компаниясы жасап шығарған. Салмағы 4209 кг тартатын жер серігі 32 транспондермен жабдықталған. Оның алдына Солтүстік Американың тұтынушыларын байланыспен қамтамасыз ету міндеті жүктелген және 15 жыл пайдалануға есептелген.

«Ол бойынша бұдан әріқарайғы шешімдерді тапсырыс беруші — «SES AMERICOM, Inc» (АҚШ) корпорациясы шығаратын болады. Үдеткіш блогының қозғалтқышының уақытынан бұрын өшіп қалуының себептерін саралайтын мекемеаралық комиссия құрылуда», — деп көрсетілген Роскосмос хабарламасында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті