Мемлекет басшысының Алматының табиғат қорғау аймағындағы жерлерді мемлекет қарамағына алу туралы тапсырмасы орындалмай отыр - газет - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мемлекет басшысының Алматының табиғат қорғау аймағындағы жерлерді мемлекет қарамағына алу туралы тапсырмасы орындалмай отыр - газет

Мемлекет басшысының Алматының табиғат қорғау аймағындағы жерлерді мемлекет қарамағына алу туралы тапсырмасы орындалмай отыр - газет

Алматы. 20 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет басшысының Алматының табиғат қорғау аймағындағы жерлерді мемлекет қарамағына алу және ол жерлерде заңсыз салынған нысандарды бұзу туралы тапсырмасы орындалмай отыр, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі "Бизнес и власть" іскерлік басылымына сілтеме жасай отырып.

  • 20 Наурыз 2008
  • 1470
Фото - Caravan.kz

Газет өзінің жолдаған сауалына әкімдіктен ресми жауап алғанын хабарлады. Әкімнің құрылыс мәселелері жөніндегі орынбасары Қанат Сұлтанбеков хабарлағандай, сотқа дейінгі реттеу мақсатында қазір жұмыс тобы азаматтардың жер пайдалануын реттеу бойынша шағымдарын қарастырып жатыр.

«Шымбұлақ шатқалы бойынша 6 арыз қаралды. Жер комиссиясының шешімімен төрт жер телімінің реттелетін туризмді дамыту мақсатында коттедждерді күту және пайдалануға мақсаттық бағыты өзгертілді», — деп көрсетілген әкім орынбасарының ресми жауабында.

Алматы әкімдігінен келген хатта көрсетілгендей, қалған коттедж иелері өздерін жер телімдерін жалға алу шарттарымен таныстыруды ұсынып отыр. Қазір бұл мәселе салық, табиғат қорғау және құқық қорғау органдарымен келісіліп жатыр.

Бекенбай (Бутаковка) өзенінің бойында суға жақын орналасқан жер иелері негізінен (екі адамнан басқасы) меншік құқын уақытша пайдалануға берумен келіспей отыр, деп хабарлады Қ. Сұлтанбеков.

Мақала авторлары коттедждердің мақсаттық бағытын өзгерту туралы ұсынысты жалпы алғанда ақылға қонымды санайтын саясаткер Магбат Спановтың пікірін келтірген. «Алайда бұл түйткілді мәселені шешпейді. Өйткені, бұл үйлер бұрынғыдай жеке меншікте қалып отыр. Сәйкесінше меншік иесі тәртіп сақтап, табиғат қорғау аймағына экологиялық залал келтірмейді деп ешкім кепілдік бере алмайды. Анық айтылды емес пе: не мемлекет меншігіне беру, не бұзу — бітті», — деп еске салды ол.

Өз кезегінде газет 2007 жылдың қазан айында Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетов үкіметте өткен жиналыста жер телімдерін алу және онда орналасқан нысандарды бұзу туралы нақты шешім 2008 жылдың наурызына қарай қабылданатынына уәде бергенін еске салды.

М. Спановтың пайымдауынша, әкімшілік мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға асығып отырған жоқ. «Әлі күнге дейін ешқандай нәтиже жоқ. Тіпті бұны ешкім қозғап та жатқан жоқ. Мұны үкімет неге қарамай отыр? Бұл олардың тікелей жауапкершілігіне жатпай ма? Себебі, бұл мәселе саяси салаға емес, таза шаруашылық саласына жатады емес пе?», — деді саясаткер.

Бұрын хабарлағанымыздай, өткен жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыдағы құрылыстарда заңның орындалуын тексеретін жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобы 1460 заң бұзушылықты анықтап, елбасы Алматы қаласы мен облысының әкімдері И. Тасмағамбетов пен Серік Үмбетовке қатаң сөгіс жариялаған еді.

Әкімдерге табиғат қорғау аймақтарында жер бөліп беру туралы барлық заңсыз шешімдердің күшін жойып, өтемақы төлеместен, тек құрылыс шығынын ғана төлеп заңсыз салынған құрылыстардың бұзылуын қамтамасыз ету тапсырылған-ды.

Алматы әкіміне «Шымбұлақ» курорты мен Медеу шатқалының маңындағы жер телімдерінің және осы жер телімдерінде орналасқан нысандардың иелерімен жер телімін мемлекет меншігіне өткізу туралы келіссөздер жүргізу тапсырылған болатын.

Алайда, М. Спанов осы құрылыстарды салық төлеушілердің есебінен сатып алуға үзілді-кесілді қарсы. «Мемлекет тарапынан жасалған мұндай қадам қоғамдағы наразылықты шиеленістіріп жібереді. Адамдар осы жағдайдың кінәлілер жазаланып әділетті шешілуін күтеді. Әйтпесе, зейнетақы мен әлеуметтік жұмысшылардың жалақысын көтеру, сондай-ақ, Қазақстандағы алданған үлескерлердің проблемасын шешу секілді әлеуметтік әділеттілік мәселелері көлденеңінен шығады», — деп ескертті ол.

Осы мәселеге байланысты саясаткер Ғани Қалиев мақала авторына өз пікірін білдірген. «Мәселе қала билігі тарапынан жасалып отырған жаппай сыбайлас жемқорлық туралы болып отыр», — деп есептейді саясаткер.

«Әкімдік қызметкерлері осы жасыл аймаққа қандай да бір қатысы бар. Ал кейбірі тіпті осы «хан сарайларының» иесі болып табылады. Олар өздерін өздері қалай тексереді?» Ғани Қалиевтің айтуынша, сондықтан да әкімдік жазалау мен мүлікті тәркілеудің орынына өтемақы төлеу туралы мәселе шығарып отыр. «Шенеунік қызметін бағалаудың қазіргі механизмі тұрғанда бұл мәселенің шешімі тығырыққа тіреледі», — дегенге ол сенімді.

«Біздің қаламыз дүниежүзіндегі ең лас және газданған қалалардың біріне айналды. Ал бұрын Алматыда жасыл бақтар болып еді. Қазір олардың орнында коттедждер. Ұлттық парк мен табиғат қорғау аймақтарындағы жерді сата отырып әкімдік туындап келе жатқан экология проблемасын қаперіне де алмады. Тек қана баю жолын көздеді. Ал халық бәрін көріп отыр және осы жағдайда билік өзіне бедел жинай алмайды», — деп сөзін қорытты Ғ. Қалиев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті