Әкімшіліктің хабарлауынша, облыстық прокуратура өңірдегі мұнайгаз компаниялары жол берген Қазақстан Республикасының заңын бұзу оқиғасын анықтады. Сотқа 500 млн астам теңгенің шағымдары түсірілді. Сот талқысы барысында 250-ден астам Қазақстандық жұмысшы өз құқықтарын қорғады.
Облыстық прокуратураның ақпаратына сәйкес, өңірде шетелдік инвесторлар көптеген заң бұзушылықтарға жол беруде. «Польшаның «Поиски нефти и газа» компаниясының филиалында 200 астам жергілікті жұмысшы экологиялық заңнамада қарастырылған өтемақы төлемдерін алмаған, ал оның көлемі 100 млн теңгеден асады», -деп мәлімдеді Қызылорда облысының прокуроры Әбдіқадыр Кәрім.
Оның айтуынша, «СНПС — Ай Дан Мұнай» АҚ қытай тілін білетін мамандарды ғана жұмысқа тартқан. «Байқау арқылы іріктеу сатысында осындай талап қойылуының өзі Қазақстанның Ата заңын тікелей бұзу болып табылады, оған сәйкес азаматқа қандайбір алалаушылық жасауға, соның ішінде тіліне қарай алалауға тыйым салынған», — деді Ә. Кәрім.
Оның хабарлауынша, сондай-ақ, PetroKazakhstan Kumkol Resources компаниясын тексеру барысында да күрделі заң бұзушылықтар анықталды. Оның айтуынша, уақытша қоймада сақтауға рұқсат берілген 580 тонна радиоактивтік қалдықтардың орнына онда 2 мың тоннадан астам қалдық сақталған. «Бұл заң бұзушылық үшін айыппұл төленген, ал 65 тонна қалдықтың арнаулы полигоннан қайда кеткені белгісіз. Бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», — деді прокурор.
Сонымен бірге облыстық әкімшілікте өткен кеңесте өңірдегі мұнай компанияларындағы жалақы көлеміне қатысты мәселеге назар аударылды. Сөз сөйлегендердің хабарлауынша, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ында жұмыс істейтін Қазақстандық маман айына орта есеппен 174 мың теңге, ал шетелдік қызметкер — 2,2 млн теңге алады. «ҚуатАмлонМұнай» БК АҚ-да Қазақстандық маманның айлық орташа жалақысы 177 мың теңге болса, шетелдік қызметкер 1 млн астам теңге алады.
Барлау жұмыстарымен шұғылданатын Қытай компанияларында жағдай бұдан да мүшкіл. Ондағы жергілікті қызметкерлердің жалақысы 60 — 70 мың теңгеден аспайды, деп хабарланды кеңесте.
«Бұның бәрі Қазақстандық қызметкерлердің заңды наразылығын тудыруда, ал бұл әдетте рұқсатсыз наразылық шараларына алып келуде», — деп санайды әкімшіліктегілер.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті