«Тау бөктерлерінің бәрінде террасалар салынған. Қатты жаңбыр жауса бәрі ақты дей беріңіз. Көшкін түсуі де, сел жүруі де мүмкін. Бұны жаппай құрылыс жүрген тау аңғарларының барлығына да қатысты айтуға болады. Олар: Ақсай, Широкое, Проходное, Кіші Алматы аңғарлары», — деді Ә. Көкжанов.
Оның айтуынша, құрғақ ауа райында топырақ жылжиды. 20 наурызда Ақсай шатқалындағы «Эдельвейс» саяжай ауылында дәл осындай оқиға болды. Онда бес адам өліп, екеуі жарақаттанған болатын. Тау етегінде сабаннан салынған екі қабатты үйге терраса құлап түскен. Террасаны тау бөктерінен жоғары өмір сүрген саяжай тұрғыны салыпты. Осылайша ол өз жер телімінің аумағын кеңейтпекші болған.
«Мамандар өз тұжырымдарын жариялайды. Менің ойымша, кінәлілердің аты аталатын болады. Тап осы жағдайда, менің пайымдауымша, біріншіден, барлық ережелер мен заңдарды өрескел бұза отырып, мұндай жерге үй салуға рұқсат берген жергілікті атқару органдарының өкілдері кінәлі. Екіншіден, әрине, тау бөктерінен жоғары тұрған үй иесі кінәлі», — деді Ә. Көкжанов.
Оның айтуынша, бұл жағдайдағы жергілікті атқару органы — бұл Қарасай ауданының Каменка ауылдық округы. «Құрылыс ережесінің бұзылмауын қадағалау жергілікті атқару органдарының функциясы болып табылады. Тау бөктерлері мұндай ауқымдағы құрылысқа шыдас бере алмайды. Содан топырақ жылжиды», — деп атап көрсетті Республикалық жедел құтқару отрядының басшысы.
«Алғашқы дабыл өткен жылдың көктемінде бір адамның қазасымен аяқталған «Каменское плато» тұрғын аумағында көшкін жүргенде соғылды», — деп есептейді Ә. Көкжанов.
Бұрын хабарлағанымыздай, өткен жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыдағы құрылыстарда заңның орындалуын тексеретін жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобы 1460 заң бұзушылықты анықтап, елбасы Алматы қаласының әкімі И. Тасмағамбетов пен Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовке қатаң сөгіс жариялаған еді.
Әкімдерге табиғат қорғау аймақтарында жер бөліп беру туралы барлық заңсыз шешімдердің күшін жойып, өтемақы төлеместен, тек құрылыс шығынын ғана төлеп заңсыз салынған құрылыстардың бұзылуын қамтамасыз ету тапсырылған-ды.
Алматы әкіміне «Шымбұлақ» курорты мен Медеу шатқалының маңындағы жер телімдерінің және осы жер телімдерінде орналасқан нысандардың иелерімен жер телімін мемлекет меншігіне өткізу туралы келіссөздер жүргізу тапсырылған болатын.
Алайда, саясаттанушы Мағбат Спанов «Бизнес и власть» газетінде осы құрылыстарды салық төлеушілер есебінен сатып алуға қарсы мақала жариялаған. «Мемлекет тарапынан жасалған мұндай қадам қоғамдағы наразылықты шиеленістіріп жібереді. Адамдар осы жағдайдың кінәлілер жазаланып әділетті шешілуін күтеді. Әйтпесе, зейнетақы мен әлеуметтік жұмысшылардың жалақысын көтеру, сондай-ақ, Қазақстандағы алданған үлескерлердің проблемасын шешу секілді әлеуметтік әділеттілік мәселелері алдан шығады», — деп ескертті ол.
Осы мәселеге байланысты саясаткер Ғани Қалиев мақала авторына өз пікірін білдірген. «Мәселе қала билігі тарапынан жасалып отырған жаппай сыбайлас жемқорлық туралы болып отыр», — деп есептейді саясаткер.
«Әкімдік қызметкерлері осы жасыл аймаққа қандай да бір қатысы бар. Ал кейбірі тіпті осы «хан сарайларының» иесі болып табылады. Олар өздерін өздері қалай тексереді?» Ғани Қалиевтің айтуынша, сондықтан да әкімдік жазалау мен мүлікті тәркілеудің орнына өтемақы төлеу туралы мәселе шығарып отыр. «Шенеунік қызметін бағалаудың қазіргі механизмі тұрғанда бұл мәселенің шешімі тығырыққа тіреледі», — дегенге ол сенімді.
«Біздің қаламыз дүниежүзіндегі ең лас және газданған қалалардың біріне айналды. Ал бұрын Алматыда жасыл бақтар болып еді. Қазір олардың орнында кілең коттедждер. Ұлттық парк мен табиғат қорғау аймақтарындағы жерді сата отырып, әкімдік туындап келе жатқан экология проблемасын қаперіне де алмады. Олар тек қана баю жолын көздеді. Ал халық бәрін көріп отыр және осы жағдайда билік өзіне бедел жинай алмайды», — деп сөзін қорытты Ғ. Қалиев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті