Кездесу барысында Қ.Саудабаев Қазақстан мен Норвегияны «негізгі халықаралық проблемаларға, әсіресе жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне деген ұстаным ортақтығы жақындастырады, деп мәлімдеді. Өзара белсенді іс-қимыл мен тәжірибе алмасу үшін тағы бір маңызды сала — бұл энергия көздерінің бай қорын игеру және мұнай мен газдан түсетін табыстарды тиімді пайдалану. Біздің ойымызша, осы факторлардың барлығы біздің елдеріміз арасындағы көпқырлы ынтымақтастықтың өзектілігі мен оны одан әрі кеңейту қажеттілігін айқындайды, және де бүгінде Астананың да, Ослоның да дәл осыны пайымдауы өте маңызды».
Кездесуде өзекті халықаралық мәселелер мен екіжақты сауда көлемін айтарлықтай кеңейту бойынша екі елдің ұстанымын барынша тығыз үйлестіруге бағытталған нақты шаралар талқыланды.
Норвегияның технологиялар, өндіріс, басқару салаларындағы тәжірибесі Қазақстанның нақты қызығушылығын тудырып отырғандығы атап көрсетілді.
Өз кезегінде Қазақстан нарығы да өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, инфрақұрылым, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдері, дәрі-дәрмек өндірісі салаларында Норвегиямен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге қажетті орасан зор мүмкіндіктерге ие. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы тек 128,6 млн. долларды құрап отыр, Қазақстанда 10-ға тарта норвегиялық фирмалар жұмыс істеуде, олардың қатарында «Статойл», «Норск Гидро», «Теленор Интернешнл», «Акер-Маритайм», «Нера АСА», «Инсток», «Пи-Джи-ЭС», «Интервет-5» бар.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті