Анкара Ашхабадқа қызығарлық ұсыныс тастады — Еуропаға өз территориясы арқылы газ тасымалдау. «»Түрікменстанның жер қойнауы аса бай табиғи газ Еуропаға жетіп тұруына Түркия мүдделі. Сондықтан, өз тарапынан тиісті жобаларды жүзеге асыруға дайын», — деп мәлімдеді түркімен басшысымен болған кездесуден кейін Түркия президенті А. Гюль.
Алайда, Г. Бердімұхамедов түрік әріптесінің ұсынысын жауапсыз қалдырды. Ол тек бұл сапардың екі ел арасындағы бауырластық байланыстардың жақсарғанының дәлелі бола алатынын атады. «Түрікменстан Түркияны өзара пайдалы ынтымақтастықты одан ары жалғастырғысы келетін өзінің адал досы және сенімді серіктесі деп есептейді», — деп мәлімдеді Бердімұхамедов. Түрікменстан президенті түрік бизнесмендерін Түрікменстан экономикасына инвестиция салуға шақырды. Г. Бердімұхамедов пен А. Гюль басымдыққа ие салалардың қатарында сауда-экономикалық, энергетикалық және көліктік-коммуникациялық салалардағы, тоқыма өнеркәсібі мен құрылыс саласындағы ынтымақтастықты атады. Түрік басшысының пайымдауынша, Баку — Түрікменбашы теміржол паромы көлік саласындағы бірлескен жоба бола алады.
Осылайша, Түрікменстанның Транскаспий құбыр желісіне қосылуы туралы меморандумға қол қойылған жоқ, газ тақырыбы құжаттық дәлелдемелер ала алмады. Ал түркімен-түрік газ ынтымақтастығының деңгейі бұрынғы қалпында қалды: екі мемлекет арасында Түркия жағының 30 млрд куб метр табиғи газды сатып алу туралы келісім өз күшінде. Алайда, оның қаржылық жағы жарияланған жоқ.
«Әрине, Түркия өзіндік логистикалық орталық болғысы, сол арқылы өзінің тұғырын нығайтқысы келеді. Яғни, мұнда экономикалық жағы аз да, геоэкономика жағы басым. Анкара Ресей, Иран және Орта Азия газын тартқысы келеді», — деді агенттік тілшісіне ТМД елдері институтының Орта Азия және Кавказ бөлімінің меңгерушісі Андрей Грозин.
Анкарада Г. Бердімұхамедов осы жолы газ міндеттемесін (тіпті ниет туралы меморандум бойынша болса да) алмағанына қарамастан, ол Ресейге балама экспорттық бағдарлардан бас тартқан жоқ. Бұған Түркіменстанның газ кеніштеріне халықаралық аудит жүргізуге келіскені дәлел бола алады. Егер де Ұлыбританияның Gaffney, Cline & Associates Ltd. компаниясы «бітпейтін» табиғи байлық бар екенін дәлелдесе, онда Транскаспий құбыр желісінің салынуы туралы сөз қозғауға болады. «Әзірге, Транскаспийдің де, Каспий маңы құбыр желісінің де салынуы екіұдай пікір тудырып отыр. Бердімұхамедов тек ірі Оңтүстік Иолотань — Осман кенішінде ғана барлау жүргізуге рұқсат берді», — деп атап көрсетті Ресейдің Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Аждар Куртов. Ол аудит қорытындысы жарыққа шығады дегенге күдікпен қарайды. «Бірақ, ірі инвесторларға ұсынылуы мүмкін», — деп есептейді Куртов. Танымал сарапшылардың барлығы дерлік егер Бердімұхамедов Оңтүстік Иолотаньды аудитке ұсынса, бұл деген сөз ол Түрікменстанға пайдалы нәтижеге сенімді дегенді білдірсе керек деп есептейді. «Қазір тап осы кен орындарында астыртын күрес жүріп жатыр. Оған Қытай, Ресей, АҚШ пен Түркия қатысуда», — деді агенттік тілшісіне ТМД елдері институтының Орта Азия және Кавказ бөлімінің меңгерушісі Андрей Грозин. Және бұл заңды да — Бердімұхамедов газдың қияли қоры жөнінде қанша айтқанымен де «көгілдір отынның» бәріне бірдей жетпесі анық.
Түрікменстан газдың ірі қорына ие және өңірдегі газдың ірі экспорттаушысы. Алайда, бүгінгі таңда шетелге шығарылатын газ (жылына 42 млрд куб метр) толығымен «Газпром» үлесіне тиеді. Ол «Түрікменгазға» 1 мың текше метріне 130 АҚШ долларын төлейді. Екінші жартыжылдықта баға 150 АҚШ долларына дейін өседі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті