Елордалықтар мен қала қонақтарына лық толған алып ғимаратта төрт сағат бойы қазақстандық, ресейлік және шет ел эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Танымал жұлдыздардың қатысуымен өтетін ғажайып гала-концерттер Қала күніне орай алғаш ұйымдастырылып отырмағанымен, ол жылдан жылға әсерлі өтіп, көпке дейін көрермендердің есінде қалуда.
Бұл жолы Астананы 12 жылдығымен құттықтауға қазақстандық әншілермен қатар, Сергей Лазарев, «Город 312», «Инь-Янь», «АСтудио», r&b Ne-Yo және «Morandi» топтары келді.
Туған күнге құр алақан келмеген жұлдыздар, Астана төрінде бұрын-соңды орындалмаған жаңа әндерін орындады. Мысалға, хит-парадтардың көшбасшысы «Morandi» тобы «Rock the world» әнін шырқады.
«Бұл эксклюзивті концерт болады. Бұл әндер бұған дейін ешбір елде шырқалмаған», — деп атап өткен болатын гала-концерттен бірнеше сағат бұрын журналистерге берген сұхбатында топ мүшелері Мариус Мога және Андрей Ропчеа-Ранди.
Олар Лас-Вегасқа ұқсаған жаңа Астананы Алматыға қарағанда жандарына жақын көретінін айтып, елордаға қарқынды даму мен әлемдік деңгейдегі астанаға айналу тілектерін білдірді