«Екі ұлым келіндердің айтқанынан шыға алмады»: Қайыршы ата қалай жалғыз қалғанын айтып күрсінді

Айтуынша, екі ұлын ешкімнен кем қылып өсірмепті. Бірақ әйел алғаннан кейін екі ұлы солардың сөзінен шықпайтын болған. Кемпірі сол кесапат келіндерінің кесірінен де көз жұмыпты. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында Қайрат Нұрлықасымұлы есімді желі қолданушысы жазды.

Қала базарларының бірінің маңынан ары - бері өткен сайын осы бір қайыршы шалды көретінмін. Кір - қожалақ дорбасын асынып, өткен - кеткенге қол жайып тұрады. Қазақ атаның аянышты халі мені бей - жай қалдырмады. Қолымнан келгенше бір сауап іс істегім келді. Ол кісіні сол жердегі бір асханаға алып кірдім. Маған жасқаншақтап қарап - қарап қояды. Алдындағы ыстық тамақты қомағайлана ішіп отыр... Ішіне ел қонса керек, бір кезде маған «рахмет балам» деді. Мен жəй күлімсіредім де «ас болсын ата» дедім. Даяшыны шақырып ас ақысын төлейін деп жатыр едім, қария қалтасынан бір уыс тиынын шығарып: 
- Балам, өз жегеніме өзім төлейін, - деді. 
- Жоқ ата, қоя беріңіз. Ақша өзіңізге керек болар. Өзім бере салайын, - дедім де ақшаны даяшыға жылдам беріп жібердім. 
Ақсақалмен асханада бір сағаттай отырдық. Бұл күнге қалай жеткенін əңгімелеп бергенде, шыны керек терең бір күрсіндім... 
- Қазыргы сүйенішім осы таяғым. Жасым болса 70 тен асты. 
 Қартайғанымда көшеде қайыр тілеп қаламын деп ойламаппын... Алланың берген екі ұлым бар. Екеуін де жұрттан кем қылмадым, оқыттым, үйлендірдім, үй қылдым. Екеуін де əйелдері бөлек алып кеткен. Кемпірімнің жүрек талмасы жиі ұстайтын. Екінші келінімізбен қатты ұрыс кезінде жүрегі ұстап, ауруханада демі үзілді. 
Екі ұлым да əйелдерінің айтқанынан шыға алмады. Қойынға сұр жылан бір кірсе болды екен ғой... Кемпірім кеткен соң үлкен үйде жалғыз қалдым. Ұлдарымның екеуі де қара шаңыраққа көшіп келуге ниет білдірмеді. Қайта «Ол кісіге кім қарап отырады? Жұмыстамыз, қол тимейді. Ол жасында екінші рет үйлендіргеніміз де жараспас. Ең дұрысы қарттар үйіне тапсырайық. Үлкен үйде бір өзі не істейді бəрібір?» деп ұлымның миын улады. Кемпірімнің көзі тірісінде де осы үй келіндеріме тыныштық бермеген. «Біз бала шағамызбен тар пəтерде тұрамыз. Ал олар екеуі-ақ сондай үлкен үйде тұрады» деп бір біріне айтып отырғанын естігем. 
Үлкен үйде қараусыз қалдым. Көршілер қашанғы қол ұшын берсін. Бес, алты күн қарайласты. Оған да шүкір. Үйде жата бергеннен пайда жоқ. Ақырындап базар жағалай бастадым. Өмірімде жан баласына қол жайып көрмеген адаммын. Бірақ, басыңа түссе оған да барады екенсің. Аяп, мүсіркегендер «қазақ ата ғой» деп тиын - тебен тастайды. Бұл жерде мені бəрі «қайыршы қазақ ата» деп атап кеткен. Біреулер өзің сияқты тамақ əперіп кетеді. Тамағым тоқ болғанымен көңілім жарым. Немерелерімді сағындым. Оларды да менен алыстатып жіберген. Қайбір күні кіші балам келін, немерелерді алып келді. Немерем менімен амандаспайды, бетінен сүйейін десем сүйгізбейді. Сөйтсем келін «атаңа жақындама. Үстің сасып кетеді» деп үйретіп қойыпты. Жағдайымды білуге келмегені түсінікті. Үйді өз атына аударып беруімді сұрап келіпті. Оларға əке емес, əкеден қалған шаңырақ керек. 
Осылай сүйретіліп жүріп көз жұмсам, Құдайдан қорқып балаларым қара жерге табыстар.... 
Өмір ғой... Қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Қартайған шағында қамсыз өмір сыйлай алмаған ұлдың барынан жоғы...

Оқи отырыңыз:

2017 жылы Қазақстанда ұл балалар көп туды – статистика 

Елімізде қабірге биік құлпытас пен зәулім кесене орнатуға тыйым салынды