Осы мағында жазылған мақаланы Абай.кз ұсынды.
Қазіргі уақытта елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде жүзеге асырыла бастады. Ең алдымен мемлекеттік тілді латын әріптеріне көшіру мәселесі белсенді түрде қолға алынды. «Жаңа гуманитарлық білім», «Қазақ тілінде 100 оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы» бағытындағы шаралар бойынша жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстары кең қанат жайды.
Қоғамдық жаңғыру шаралары туралы сөз болғанда қазіргі мектеп өміріндегі кейбір мәселелер де айтылып қалады. Мысалы, мектептерде соғылатын қоңырау туралы да там-тұмдап әңгіме қозғалып жүр. Бір басқосуда байырғы ұстаз, жоғары санатты мұғалім, қазір Семей қаласында тұратын зейнеткер Күләш Бәкітаева мынадай бір әңгіме айтты.
- Ақсуат мектебінде оқып жүргенде бізге Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының 1967 жылғы 15 тамыздағы указымен «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» құрметті атағына ие болған Оразалин Қабдрахман деген мұғалім сабақ берді. Ол кісі өте білімді, тәжірибелі, бала оқыту мен тәрбие мәселесін жан-жақты ойлайтын ғажап адам еді. «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» дегендей, бір әңгімесінде Қабдрахман аға: - Бұрынғы өткен ғасырларда христиан дініндегілер адамдарды мінажат етуге шіркеуге қоңыраулатып шақырған екен. Сол қоңырау біздің білім ордамызда қалып қойды,- деді.
Ол кезде бұл сөзге ешқайсымыз мән бермедік. Совет үкіметінің дүрілдеп тұрған кезі. Осы пікірді айтқанда Қабдрахман аға сол кезде мектептегі қоңырау соғу әдетіне іштей қынжылып жүрді ме екен, кім біледі?
Осыдан үш-төрт жыл бұрын болар, «Айқын» басылымында «Қоңыраулатқанды қойсақ қайтеді?» деген тақырыпта бір мақала жарияланған болатын. «Алматыда бір мектеп қоңыраудың орнына күй ойнатады екен» деп ұзынқұлақтан естіген едім, нақтысын білмедім. Жігерлі, екпінді күйлердің бірінен үзінді алып, мектептерде қоңырау үнінің орнына соны шырқатып қойса болады ғой деп ойлаймын, - дейді Күләш Бәкітаева.
Жоғары санатты ардагер ұстаздың бұл пікірлерін ескерусіз қалдыруға дәтіміз шыдамады, көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік. Шындығында, қоңырау үнінің адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқаны белгілі нәрсе. Жер-жерде қытай, орыс, жапон, кәріс шеберлерінің қоңырауды түрлі металдан құятын зауыттары ертеден болған екен. Адамдарды шіркеуге шақыру үшін қоңырау дауысы әлі де пайдаланылып келеді. Қытайлықтар қоңырау соғу арқылы күннің шығуы мен батуын жұртқа хабарлаған екен. Сонымен бірге оқыс оқиғалардың хабаршысы да сол қоңырау даусы болған. Міне осы жағдайларға қарағанда қоңырау үнін жоққа шығаруға болмайды. Алайда, өркениет жолымен өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтіп, жаңалыққа, жаңғыруға түбегейлі бет бұрған қазіргі заманда еліміздің мектептерінде қоңырау дауысын халқымыздың ғасырлар бойы бірге жасасқан музыкалық төл аспабы, ұлт рухын көтеретін домбыраның адам этикасы мен эстетикасын жаңартатын, жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін, қоңыр үнімен алмастырса қалай болар еді?
Хамза Сәтиев, Қазақстанның құрметті журналисі
Оқи отырыңыз:
Елбасы: мектеп түлектерінің 100 пайызы қазақ тілін білуге тиіс
Железин ауданындағы барлық мектептің ескі компьютерлері жаңартылатын болады