Әлемжеліде медресе, жатақхана және діни нысандар құрылысына қаржы жинауға шақыратын видеолар көбейді. Кейбірінде көрерменнің эмоциясына әсер етіп, садақа беруге үндейді. Мәселен, қайырымдылықты ата-ананың денсаулығы үшін жасауға шақырып, оны «ақыретке салынған инвестиция» ретінде көрсететін жазбалар бар. Мұндай діни мазмұндағы жарнамалар халықтың арасында пікірталасқа ұласты. Ал мамандар не дейді? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Мәселе қайырымдылыққа жиналған ақшаның ашықтығы мен есептілігіне қатысты. Сарапшылардың пікірінше, жеке тұлғалардың картасына ақша аудару қаражаттың нақты мақсатқа жұмсалуын бақылауды қиындатады.
Оқи отырыңыз: ҚМДБ қаржысы қаншалықты ашық? Экономист діни бірлестіктердің Құрылтай алдында есеп беруін ұсынды
Журналист Ержан Төлек әлеуметтік желідегі парақшасында аталған мәселеге қатысты пікір білдіріп, оны діни маркетинг құндылықтарын төмендететін үрдіс ретінде бағаладаы. Бұл пікірдің айтылғанына екі ай болса да, мұндай жарнамалардың саны азаймай тұр.
Мысалы, YouTube платформасында видео немесе подкаст қарап отырсаңыз, жарнамалар қаптап шығады. Солардың көпшілік бөлігі осындай діни мазмұндағы, садақа беруге үндейтін жарнамалар. Мұндай видеолар Tik Tok желісінде де қаптап тұр.
Маркетинг әрі пиар маманы Әсел Тайғараның пікірінше, жарнамада діни тақырыптарды қолдануға болады. Алайда ол брендтің құндылықтарына сәйкес келіп, тұтынушының сеніміне құрметпен ұсынылуы тиіс. Сарапшының айтуынша, негізгі мәселе діннің адамға психологиялық қысым жасау немесе оны манипуляция құралына айналуынан туындайды. Мысалы, тауарды сатуға немесе жарнаманы соңына дейін қарауға адамдарды қарғыс, жаза немесе жұмақтан айырылып қалу қаупімен қорқыту этикаға қайшы.
«Бұл жерде мұндай контентті көпшілікке тарататын адамдардың да жауапкершілігі бар. Себебі қорқыныш, кінә сезімі мен діни сенімді үнемі коммерциялық мақсатта пайдалану уақыт өт келе маркетингке, сарапшыларға және жарнамадағы діни тақырыптарға деген қоғамдық сенімді төмендетуі мұмкін», - дейді пиар маманы.
Бұл мәселеге қатысты заңгер Аянхан Омаров та жауап берді.
«Менің ойымша, қайырымдылық жасаудың ең дұрыс жолы - алдымен өзіңнің жақыныңа, туысыңа, ата-анаңа және шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету. Өйткені мұндай жағдайда кімге көмектесіп жатқаныңды білесің», - дейді заңгер.
Ал әлеуметтік желідегі кез келген қайырымдылыққа ақша аудрамас бұрын, қаражатты кім жинап жатқанын, қандай мақсатта жинап жатқаннын және ақшаның қай шотқа түсетінін тексерген жөн.
Ал КМДБ қандай қорытындыға келді?
«Ислам дінінде садақа беру - Құран Кәрім мен Пайғамбар сүннетінде құпталған, мол сауапқа себеп болатын ізі амалдардың бірі. Алайда адамның Жәннатқа кіруі, амалдардың қабыл болуы және оған берілетін сауап - Алла Тағалаға ғана аян. Сондықтан қандай да бір белгілі бір амалдардың адамды міндетті түрде Жәннатқа кіргізетінін нақты түрде айтуға болмайды. Осыған байланысты «осы садақаны берсеңіз, Жәннатқа кіресіз» немесе «Жәннаттан үй сатып аласыз» деген мазмұндағы жарнамалық ұрандарды қолдану дұрыс емес» - дейді ҚМДБ ресми жауабында.
Желі қолданушыларының пікірі қандай?
«Мен мұндай жарнаманы құптамаймын. Мұсылманмын, бес уақыт намаз оқимын, алайда біздің асыл дінімізді қайыршы етіп көрсету дұрыс емес. Қазір банк қосымшасында садақа деген бөлім бар, садақаны солай да беруге болады, немесе жаныңда қиналып жүрген адамға көмектес. Мынандай жарнамаларға тыйым салу керек деп ойлаймын, ұят нәрсе бұл, «балмұздақ алғанша, мешіттің кірпішіне ақша жібер» дегендері не тірлік?» - teniz_tasbolatuly
«Қатты сөйлемейік, көпке топырақ шашпайық, садақа жүйле түрде берілмегесін осындай маркетинг жасалып жатыр. Миллионерлер өздері ақша бөліп, медресе, мешіт салып жатса, бұлай ақша жинамас еді», - azatrashidov1
«Осы жарнаманы көрмей өткізіп жібергендер қарғысқа ұшырайды дегендерін қалай түсінеміз? Қазір халықтың көзі ашық, діни білімі бар. Қалай және қайда беретіндерін жақсы біледі. Ютубты ашып қалсаң, осындай садақа сұраушылар көбейген, олар агресивті түрде сұрайды», - my_hobby_kzoo
«Садақа ол жақсылық. Жақсылықтың несі жаман», - akmaralkarimova