Елімізде діни бірлестіктердің қаржылық және қоғамдық есептілігін күшейту мәселесі өзекті болып отыр. Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, болашақта діни бірлестіктердің Құрылтай алдында есеп беру тетігін енгізу осы бағыттағы тиімді шешімдердің бірі болуы мүмкін. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Экономистің айтуынша, қазіргі таңда діни бірлестіктердің қаржылық аудиттен өткен есептері ашық жарияланбайды. Осыған байланысты олардың нақты қаржылық жағдайы туралы толық ақпарат алу қиын.
«Болашақта діни бірлестіктердің Құрылтай алдында есеп беретін формасына келетін сияқтымыз. Себебі бірлестіктердің қаржылық аудиттелген есебі ашық жарияланбайтындықтан, бұл бағытта үлкен диспропорция бар», – дейді Айбар Олжаев.
Ол Қазақстандағы ең ірі діни бірлестік – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) атқарушылық және операциялық тұрғыдан мемлекетке тікелей бағынбайтынын атап өтті. Экономистің пікірінше, болашақта діни бірлестіктер мемлекеттік органдардың шешімдерін талқылаудан гөрі, заң аясында атқарушылық принциппен жұмыс істейтін конструктивті институтқа айналуы үшін қазірден бастап тиісті тетіктерді қарастыру қажет.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, дін мен діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген. Мемлекет діни ұйымдарға мемлекеттік функцияларды жүктей алмайды және олардың заңға қайшы келмейтін ішкі қызметіне араласпауға тиіс. Сонымен бірге Дін істері комитеті діни бірлестіктер мен діни білім беру ұйымдарының қызметін зерделеп, талдау жүргізуге және осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асыруға құқылы.
ҚМДБ жүйесінде 2,9 мыңнан астам мешіт бар
Айбар Олжаевтың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 2 945 мешіт ҚМДБ филиалы ретінде ресми қызмет атқарған. Оның ішінде бір республикалық, үш мегаполистік, 17 облыстық, 472 қалалық, 164 аудандық және 2 289 ауылдық мешіт бар.
Бұдан бөлек, елде 545 намазхана жұмыс істейді. Бір жылдың ішінде 61 жаңа мешіт ашылып, тағы 214 мешіттің құрылысы жүргізілген. ҚМДБ 329 мешіттің құқықтық құжаттарын жаңартуға берген, сондай-ақ 741 дін қызметкеріне Бас мүфти атынан сенімхат рәсімдеген.
Экономистің айтуынша, Қазақстандағы исламдық діни өмірдің негізгі ұйымдастырушылық жүйесі ҚМДБ арқылы қалыптасқан. Діни білім беру бағытының да маңызды бөлігі Мүфтияттың қатысуымен жүзеге асырылады.
Қазір ҚМДБ-ға қарасты Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институты жұмыс істейді. 2026 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институты ашылды. Сонымен қатар ҚМДБ медресе-колледждердің жұмысына қатысады.
Ал Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде ҚМДБ Қазақстан тарапынан құрылтайшы болып саналады және Қамқоршылар кеңесі арқылы проректор кандидатурасын ұсына алады.
Мүфтият жанында «Халал Даму», «Зекет және қайырымдылық», «Уақып» сияқты бағыттар да жұмыс істейді. Мәселен, «Халал Даму» кәсіпорындарды сертификаттау және халал стандарттарының сақталуын бақылаумен айналысады. «Уақып» қоры өңірлік өкілдік желісін дамытып келеді.
ҚМДБ-ның нақты қаржылық айналымы қанша?
Мемлекет ҚМДБ-ны республикалық бюджеттен министрлік сияқты қаржыландырмайды. Діни бірлестіктердің өз қаражатына сатып алынған немесе құрылған мүлікке, жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылықтарына, сондай-ақ заңмен тыйым салынбаған өзге де негіздер арқылы алынған активтерге меншік құқығы бар.
Заң діни бірлестіктерге ерікті қаржылай және басқа да қайырымдылықтарды жинауға мүмкіндік береді. Іс жүзінде бұған мешіттерге түсетін садақа, пітір, қайырымдылық, зекет пен ұшыр, демеушілік және уақыптық түсімдер жатады.
ҚМДБ бұған дейін мешіттерге түскен ақша мен заттай көмекті ішкі тексеру комиссиясы қадағалайтынын және қаражаттың жұмсалуы Мүфтият бекіткен тәртіппен реттелетінін мәлімдеген.
Алайда Айбар Олжаевтың айтуынша, ҚМДБ-ға жыл сайын қанша қаражат түсетіні, оның қандай бағыттарға жұмсалатыны және қалай бөлінетіні туралы бірыңғай шоғырланған қаржылық есеп жоқ.
«Нақты ҚМДБ-ға жылына қанша ақша түсім ретінде жиналады, олар қайда және қалай үлестірілетіні туралы шоғырланған қаржылық есептілік жоқ. Сондықтан біз ҚМДБ-ның қаржылық жағдайы қандай, банкрот емес пе, табысы жете ме деген сұрақтарға жауап бере алмаймыз», – дейді экономист.
Құрылтай алдында есеп беру ұсынылды
Айбар Олжаев діни бірлестіктерге мемлекеттік және қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту мәселесін биылдан бастап қарастыру қажет деп санайды.
Оның пікірінше, мұндай есептіліктің тиімді формаларының бірі – діни бірлестіктердің Құрылтай алдында есеп беруі.
«Биылдан бастап діни бірлестіктерге мемлекеттік және қоғамдық бақылау тетіктерінің сапасын күшейту жұмысы қолға алынса, оның ең оптималды формасы – Құрылтайға есеп бергізу. Бұл Құрылтайдың да статусын көтерер еді. Және еліміздегі діндердің қаржылық картинасы туралы анализ жасауға мүмкіндік беретіні анық», – дейді ол.