Мемлекеттік қызметкерлер 8 наурызбен құттықтаған кәсіпкер әйелді сотқа берді

Петропавлда өңірдің мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлеріне 8 наурызда бір қорап кәмпит сыйлаған кәсіпкер әйелге ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды Sputnik тілшісі.

Істің материалы бойынша, 7 наурызда Елена Петрова Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің кеңсесіне келеді. Ол ішімдік сату үшін рұқсатнама алып кетуге келіпті. Кеңседен шығарда әйел адам "Рафаэлло" кәмпиті салынған пакетті тастап кетеді. Қызметкерлер пакетті алып кетуді өтінгенімен, әйел адам елең қылмай, кетіп қалады. Содан кейін мемлекеттік қызметкерлер департаменттің қауіпсіздік қызметіне хабар берген.

"Оның әрекеті мемлекеттік қызмет атқарушы тұлғаға заңсыз материалдық сыйлық беру деп бағаланды", — деп атап өтті Петропавл қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Асламбек Көшенов.

Әйелдің айтуынша, сол күні кеңседе мереке тойланып жатқандықтан, қызметкер ханымдарды 8 наурызбен құттықтағысы келіпті.

"Қыздар, мерекелеріңмен, шәй ішіңдер" деп кәмпитті тастап кеттім. Кеңседе үш-ақ әйел отырды, мен оларды мемлекеттік қызметкер ретінде емес, әйелдер ретінде құттықтадым. Қызметтік міндеттерін орындауда ешқандай әрекеті немесе әрекетсіздігі қажет емес болатын", — деп түсіндірді Елена Петрова.


Алайда сот әйел адамды айыпты деп танып, 200 АЕК, яғни 481 мың теңге айыппұл салды. 

Қорғаушы жақ бұл шешімге шағым түсірмек.

Оқи отырыңыз:

Киімнің түсін жұлдызнамаға сәйкес таңдаңыз!

Головкин әлем чемпионы белдігінен айырылды 

Елбасы Қытайға ресми сапармен барды