Назарбаев қазақтарға түсініксіз "модный" сөздер туралы айтты

 Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманғы "сәнді" терминдерді сол қалпы қолданбай, барынша түсінікті етіп аударуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Біз қазір жаңа терминдерді меңгеріп жатырмыз. Мәселен, коворкинг-орталықтар құрылып жатыр, қазақтарға мүлде түсініксіз сөз осы. Міндетті түрде осылай айту қажет пе? "Ко" – бірлескен, "воркинг" – жұмыс. "Бірлескен жұмыс" деп неге айтпайсыңдар? Барлығы міндетті түрде "сәнді", әдемі болуы керек, әсіресе жастар әуес осыған. Бірақ біздің жасаған дүниеміздің барлығы халыққа түсінікті болуы керек", — деді Назарбаев "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Ол өңірлерге жасаған сапары кезінде, Алматы мен Оралдағы коворкинг-орталықтардың жұмысымен танысқанын атап өтті.

"Бұл жұмыстың ашықтығы – барлығы бір жерге жиналып, оқиды, бірлесіп ІТ өнім шығарады", — деді президент.

Астанада "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Отырыста мемлекет басшысының 2017 жылдың 3 қарашасында партия саяси кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын іске асыру барысы және президенттің бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын қадағалайтын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралады.


 

Оқи отырыңыз:

Қоғамдық ұйымдар Зағипа Балиеваны "Асыл ана" деп атауды ұсынды

Қазақстан Қытайға астықты жеткізу көлемін 1 млн тоннаға дейін ұлғайтуы мүмкін

Алматыда ірі жол апатынан үш адам зардап шекті