Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлайды.
Бүгін, 16 мамырда Астанада қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқа өкілдері экс-министр мен тағы 22 фигуранттың ісін қарауға кірісті. Апелляция сотталушылардың қатысуынсыз өтеді. Осыған байланысты адвокаттар соттан қорғалушыларының отырысқа қатысуына рұқсат беруін өтінді.
"Әрине, ол өте қатты уайымдап жатыр. Меніңше, сотталушылардың әрқайсысына осы процеске қатысу оңай емес. Күйеуіммен дүйсенбіде көрістік. Барлық шағымын айтып, жазып берді. Шағым түсті. Енді ол апелляциялық отырысқа қатысқысы келіп отыр. Менің ойымша, осындағы әрбір сотталушы отырысқа қатысқысы келеді. Бұл анық нәрсе, олардың тағдырлары шешіледі", - деді журналистерге экс-министрдің әйелі Назым Бишімбаева.
Айта кетейік, сотталушылардың апелляциялық отырысқа қатыстыру жайлы өтініштері әлі қараған жоқ.
Биыл 14 наурызда Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталған болатын. "10 жылға бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметтерде басшы лауазымдарында жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Жазасын максималды қауіпсіз мекемеде өтесін, сондай-ақ, мүлкі тәркіленсін", - деп оқыған еді үкімді судья Әділхан Шайхисламов.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 30 желтоқсанында ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу шаралары жүріп жатқаны белгілі болған еді. ҚР СІМ басшылық құрамымен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Қуандық Бишімбаевтың қызметтен босатылғанын мәлімдеген болатын.
"Бишімбаев топ болып, алдын ала келісім жасау арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алып отырған. Заңсыз алған қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жаратқан", - деп хабарлаған еді Антикоррупция қызметінің өкілдері.
Оқи отырыңыз:
«Мен әлі де жылаймын»: Роза Рымбаева ішкі жан-сырымен бөлісті
Алдағы күндері ауа райы қандай болады?
Алматыда қап толы қаражатпен шекарадан заңсыз өтпек болған адам ұсталды