Бұл материалда Caravan.kz медиа порталының тілшісі жеңіл тіскебасарлардың балалардың денсаулығына тигізетін кері әсері жайлы тақырыпты ұсынады.
Агрессивті жарнама қаптады
Балалардың тамақтануы мен денсаулығына қатысты мәселе қайтадан күн тәртібіне шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қоғамдық кеңістікті жаулаған фастфудтың агрессивті жарнамасын зерттеп, оны шектеу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Президенттің айтуынша, мұндай жарнама балалар мен жасөспірімдер арасында зиянды тамақтану әдеттерін қалыптастырып, болашақта денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттыруы мүмкін.
"Фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кетті. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің мәліметінше, қазір Қазақстанда шамамен 7 мың бала қант диабетіне байланысты дәрігерлердің бақылауында. Олардың саны жыл сайын артып келеді.
Мемлекет басшысы көптеген елдерде құрамында май, қант және тұзы көп өнімдердің балалар мен жасөспірімдерге бағытталған жарнамасына шектеу қойылғанын атап өтті. Алайда бұл мәселені Қазақстан жағдайында жан-жақты зерттеу қажет екенін айтты.
«Бұл мәселе оңай емес. Оның ішінде көптеген нәзік әрі күрделі тұстар, соның ішінде медициналық және тіпті саяси пікірталас тудыратын мәселелер бар. Дегенмен Үкімет бұл проблеманы жан-жақты зерделеуі керек. Ең алдымен, балаларымыздың денсаулығын ескеру қажет», – деді Президент.
Балалар арасында "ересектер ауруы" неге көбейді?
Фастфуд пен тәтті өнімдерді жиі тұтыну мәселесі балалар арасында артық салмақ пен дұрыс тамақтанбауға байланысты қауіптердің өсуімен де байланысты. Дәрігерлер кәмелетке толмағандар арасында 2-типті қант диабетінің көбейіп жатқанына алаңдаулы.
Мамандардың айтуынша, он жыл бұрын балаларда 2-типті диабет өте сирек кездесетін, ал қазір Қазақстанда мұндай диагноз қойылған 500-ге жуық бала бар.
2-типті қант диабеті кезінде ағза инсулин өндіруін жалғастырады, алайда жасушалардың инсулинге сезімталдығы төмендейді. Соның салдарынан қандағы глюкоза дұрыс сіңірілмей, оның деңгейі жоғарылайды.
Бұл аурудың дамуына бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында артық салмақ, қозғалыстың аздығы және дұрыс тамақтанбау бар. Сондықтан дәрігерлер баланың күнделікті рационына ерекше назар аударуға шақырады.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар эндокринологы Гүлмира Әбдуахасованың айтуынша, балалардың жеңіл тіскебасарға әуестігі әдетке айналмауы керек.
«Тіскебасарлардың түрі өте көп. Мысалы, кішкентай балалар балабақшадан шығып, дүкенге кіріп, қандай да бір тәтті нәрсе сатып алады. Бұлай болмауы керек. Мен мұндай өнімдерді мүлдем жеуге болмайды деп отырған жоқпын, өйткені олар айналамызда бар. Бірақ оларды тұтынуды барынша азайтуымыз керек. Мысалы, үш айда бір рет немесе алты айда бір рет қана», – деді маман.
Артық салмақтың салдары қандай?
Дәрігерлердің айтуынша, баланың денесіндегі май тінінің үлесі артқан сайын 2-типті диабеттің даму қаупі де жоғарылайды. Оның балалардағы ағымы ересектерге қарағанда ауыр болуы мүмкін.
«2-типті диабет балаларда бауыр мен қан тамырлары тарапынан асқынуларды тезірек тудырады. Балалардағы ауру ересектерге қарағанда агрессивтірек өтеді. Сондықтан диабет неғұрлым ерте басталса, жүрек-қан тамырлары асқынуларының қаупі соғұрлым жоғары болады. Сонымен қатар метаболизммен байланысты майлы бауыр ауруы дамуы мүмкін. Яғни көмірсу алмасуы бұзылғандықтан, бүкіл ағза зардап шегеді», – деп түсіндірді Гүлмира Әбдуахасова.
Сондықтан мамандар ата-аналарға баланың салмағына ғана емес, оның күнделікті тамақтануына да көңіл бөлуге кеңес береді. Балаға қандай тағам сатып алынатыны, қаншалықты жиі тәтті жейтіні және қандай сусын ішетіні уақыт өте келе оның тамақтану әдетіне айналады.
7 мыңнан астам бала диабетпен өмір сүріп жатыр
Қазір Қазақстанда 7 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала қант диабетімен есепте тұр. Бір жыл ішінде олардың саны шамамен 10%-ға өскен.
Пациенттердің басым бөлігінде 1-типті қант диабеті анықталған. Бұл аурудың пайда болу механизмі 2-типті диабеттен өзгеше: ол көбіне аутоиммундық процестермен байланысты және ағзаның инсулин өндіру қабілетінің бұзылуына әкеледі.
Сонымен бірге балалар арасында 2-типті диабеттің көбеюі дәрігерлер үшін бөлек алаңдаушылық туғызып отыр. Себебі бұл аурудың дамуында өмір салты мен тамақтану тәртібі маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Осыған байланысты мамандар аурудың алдын алуды бала ауырғаннан кейін емес, денсаулыққа қауіп төндіретін әдеттер қалыптаспай тұрып бастаудың маңызын атап отыр. Бұдан бұрын біз ел экономикасына түсетін ауыр жүкке айналып отырған семіздік мәселесі туралы да жаздық. Мамандар жағдайға алаңдап, дер кезінде алдын алу шараларын қабылдау керек деп дабыл қағуда. Әйтпесе артық салмақ дерті медициналық мәселе шеңберінен шығып, уақыт өте келе әлеуметтік-экономикалық ауыртпалыққа айналады.
Оқи отырыңыз: Тамақтану мәдениетін өзгертіп, зиянды тағам өндірушілерге салық салынуы керек: Семіздік дертімен қалай күресеміз?
Балалар не жеп жүр?
Бұған дейін редакциямыз балалар мен жасөспірімдер арасында танымал бола бастаған қытайлық тіскебасарлар және олардың денсаулыққа ықтимал әсері туралы жазған болатын. Мұндай өнімдерді сатып алғанда ата-аналар ең алдымен қаптамадағы ақпаратқа назар аударуы керек.
Өнімнің құрамын, жарамдылық мерзімін, өндірілген елін және басқа да қажетті мәліметтерді мұқият тексерген жөн. Ақпарат тұтынушыға түсінікті болуы керек және қолданыстағы талаптарға сәйкес қазақ және орыс тілдерінде көрсетілуі тиіс.
Егер өнімде қажетті таңбалау болмаса немесе оның қауіпсіздігіне күмән туындаса, тұтынушы тиісті мемлекеттік органға шағымдана алады. Сондай-ақ мұндай жағдайларды фотосуреттерімен бірге редакциямызға astanawork01@gmail.com жолдауға болады.
Оқи отырыңыз: Бауыры ісіп, асқазаны күйіп қалған: Қытайдың ащы снектерін жеген жасөспірімнің денсаулығы қалай зақымданды?
Бұған дейін де әлеуметтік желілерде ата-аналардың шағымдары тарады. Қазір танымал болып жатқан тәтті сусындар ішкеннен кейін ата-аналар балалары өздерін жайсыз сезінгенін жазып, дабыл қаққан. Осыған байналысты да біз материал жариялаған едік. Құрамында қанты көп сусындар мен тапиока шариктері қосылған тәтті шайды шамадан тыс әрі тұрақты тұтыну денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар кейін емделуге кететін шығынды да ескерген дұрыс.
Оқи отырыңыз: Жүрек айну, әлсіздік: Жасөспірімдер арасында трендке айналған арзан сусын денсаулыққа қаншалықты зиян?
Қауіп қайда жатыр?
Балалардың денсаулығына әсер ететін тағамдар туралы айтсақ, тек ірі фастфуд желілеріне назар аудару жеткіліксіз. Шағын қоғамдық тамақтану орындарының санитариялық жағдайы, азық-түліктің сақталуы, тағамның дайындалу талаптары және қызметкерлердің гигиенасы да маңызды.
Соңғы жылдары үй жағдайында тағам дайындап, оны әлеуметтік желілер арқылы сататындар да көбейді. Мұндай өнімдердің қалай дайындалғанын, қандай жағдайда сақталғанын және санитариялық талаптардың сақталғанын тұтынушы әрдайым біле бермейді.
Редакциямыз бұған дейін шағын қоғамдық тамақтану орындары мен үй жағдайында дайындалып, әлеуметтік желі арқылы сатылатын тағамдардың қауіпсіздігі туралы да көлемді материал әзірлеген болатын.
Оқи отырыңыз: СЭС жауабынан кейінгі сұрақтар: Шағын қоғамдық тамақтану орындарында сатылатын өнімдердің қауіпсіздігін кім бақылайды?
Демек, балалардың дұрыс тамақтануы бір ғана өнімге немесе жарнамаға қатысты мәселе емес. Бұл баланың күнделікті рационынан бастап, өнімнің құрамына, оның таңбалануына, қоғамдық тамақтану орындарының қауіпсіздігіне және жарнаманың бала санасына әсеріне дейінгі бірнеше факторды қамтитын мәселе.
Президенттің тапсырмасынан кейін енді Үкімет қандай нақты ұсыныс әзірлейтінін уақыт көрсетеді. Десе де, жауапкершілік отбасынан басталатынын ұмытпайық.