Caravan.kz медиа порталының тілішісі тақырыпты толық зерттеді.
Қазақстан нарығына кіргеніне екі-ақ жыл болған қытайдың тағы бір өнімі жастар арасында ең танымал әрі қолжетімді сусындардың біріне айналды. Тапиока шариктері қосылған тәтті шай әсіресе жасөспірімдер мен мектеп оқушылары арасында сұранысқа ие. Сауда орталықтарынан бастап, адам көп шоғырланған көшедерде, тіпті оқу орындарының маңында қаптап ашылған дүңгершектердің саны күн сайын артып келеді. Нәтижесінде «Wedrink» аталатын жаңа желі жастар мәдениетінің бір бөлігіне айналып үлгерді.
Арзан әрі тәтті сусынға деген қызығушылық артқан сайын оның сапасы, құрамы және денсаулыққа әсері туралы алаңдаушылық та күшейіп келеді. Соның дәлелі ретінде әлеуметтік желіде тараған пікірлерді келтірейік. Елдің түпкір-түпкірінен қосылған ел тұрғындары сусынды ішкеннен кейін өздерін жайсыз сезінгенін айтып, тәжірибелерімен бөлісуде. Кейбір ата-аналар балаларына медициналық көмек қажет болғанын мәлімдеді.
«Түні бойы құсты»: ата-аналардың шағымы көбейді
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі қызының WeDrink сусынын ішкеннен кейін ауруханаға түскенін жазды.
«Қызым WeDrink-те уланып қалды. Қазір ауруханада дәрі қабылдап жатыр. Түні бойы құсты, есінен танып қала жаздады. Жедел жәрдем алып кетті. Қазір өзіне келді, шүкір. Балалардың денсаулығына төнген қауіп деп ойлаймын. Бұл жалғыз жағдай емес шығар, кімнің басынан өтті?», — деп жазды ол.

Артынша ұқсас пікірлер жаппай тарай бастады. Кейбір қолданушылар сусынды ішкеннен кейін жүрек айну, әлсіздік, іштің ауыруы және құсу секілді белгілер болғанын айтады.
«Бір жұтым ішкеннен кейін өзімді өте жаман сезіндім. Инфекциялық ауруханаға барып, асқазанымды тазалауға тура келді. Бұған дейін басқа нүктелерден алып жүргенмін, бәрі қалыпты болатын. Ал бұл жолы ішіндегі дәмі мүлде өзгеше, сабын секілді болды», — дейді ол.

Кейбір тұтынушылар мәселе сусын құрамындағы сироптарға, тәтті қоспаларға, тапиока шариктеріне немесе өнімді сақтау жағдайына байланысты болуы мүмкін деп болжайды.
Кейбір желі қолданушылары мұны брендке қарсы ұйымдастырылған ақпараттық шабуыл болуы мүмкін деп есептейді екен. Десе де, шағымдардың басым бөлігі арзан сусынның денсаулыққа тигізетін зиянына қатысты екенін ескеруіміз керек. Сондықтан мәселені елемеуге болмайды.

Bubble tea қалай әлемдік трендке айналды?
Bubble tea немесе boba tea алғаш рет 1980-жылдары Тайваньда пайда болған. Сусын қара немесе жасыл шай, сүт, түрлі сироптар және тапиока шариктері негізінде дайындалады. Ал тапиока — маниок өсімдігінің тамырынан алынатын крахмал өнім.
Бастапқыда Азия елдерінде танымал болған бұл сусын кейін әлемдік нарықты жаулап алды. Бүгінде bubble tea индустриясы миллиардтаған долларлық бизнеске айналған.
Databridge Market Research дерегіне сәйкес, 2029 жылға қарай bubble tea нарығының көлемі 6,67 млрд долларға жетеді. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,63 млрд доллар болған. Яғни бірнеше жыл ішінде нарық көлемі екі есеге жуық өседі деген болжам бар.
Қазақстан да бұл жаһандық трендтен тыс қалған жоқ. Қазір bubble tea әсіресе өскелең ұрпақ арасында кең таралған. Әлеуметтік желілердегі жарнама, трендтік бейнелер, блогерлердің ықпалы және ерекше визуалды безендіру сусынның танымалдығын одан әрі арттырып отыр.
Мамандар неліктен алаңдап отыр?
Сусын өндірушілері bubble tea құрамында табиғи ингредиенттер бар екенін айтып, өнімді «глютенсіз», «антиоксиданттарға бай» сусын ретінде таныстырады. Алайда сарапшылар мен дәрігерлер аталған өнімнің денсаулыққа зияны туралы жиі айтып, дабыл қағып келеді.
Мысалы, журналист Дмитрий Шишкиннің мәліметінше, bubble tea-дің бір порциясында 38 грамнан 96 грамға дейін қант болуы мүмкін. Ал балалар үшін тәуліктік ұсынылатын қант мөлшері шамамен 25 грамм. Яғни бір сусын баланың күндік қант мөлшерінен бірнеше есе асып кетуі ықтимал.
Сонымен қатар бір стақан bubble tea-дің калориясы 500–600 килокалорияға дейін жетеді. Бұл кей жағдайда толыққанды түскі аспен тең. Мамандар тапиока шариктеріне де ерекше назар аударып отыр.
«Тапиока шариктері қою крахмалдан жасалған өнім. Олар ас қорытуға ауыр болуы мүмкін және асқазан-ішек жолында түрлі мәселелер туғызуы ықтимал», — дейді сарапшылар.
Дәрігерлердің айтуынша, құрамында қанты көп сусындарды жиі тұтыну балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақтың көбеюіне, ас қорыту жүйесінің бұзылуына, қандағы қант деңгейінің күрт өзгеруіне және тағамдық тәуелділіктің қалыптасуына әсер етуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Тамақтану мәдениетін өзгертіп, зиянды тағам өндірушілерге салық салынуы керек: Семіздік дертімен қалай күресеміз?
WeDrink Қазақстан нарығына қалай жылдам кірді?
Қазақстанды өте қысқа уақытта жаулап алған әрі ең танымал брендтердің бірі осы WeDrink. Бұл бренд Қытайдың Хэнань провинциясындағы Чжэнчжоу қаласында тіркелген Runxiang Catering Company компаниясына тиесілі.
Ресми мәліметтерге сәйкес, компания әлем бойынша 3 мыңнан астам сауда нүктесін басқарады. Олар Қытай, Малайзия, Тайланд, Индонезия және басқа да мемлекеттерде жұмыс істейді. Жыл сайын шамамен 600 миллион порция сусын сатылады.
Қазақстанда бренд «Wedrink International.kz» ЖШС арқылы жұмыс жүргізеді. Компания 2024 жылдың қазан айында тіркелген.
Осы қысқа уақыт ішінде WeDrink нарыққа өте агрессивті түрде кірді. Әлеуметтік желілердегі жарнама, блогерлермен әріптестік, жастар аудиториясына бағытталған визуалды маркетинг брендтің тез танылуына әсер етті.
2GIS мәліметінше, тек Алматы қаласының өзінде WeDrink-тің 150-ден астам нүктесі жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі мектептер мен университеттердің маңында орналасқан. Бұдан бөлек, аталмыш желі елдің түпкір-түпкіріне дейін жетіп, филиалдары өте жылдам ашылуда. Олардың негізгі клиенттері — жасөспірімдер, сондықтан мектептен шыққан бала алысқа бармай, арзан сусынды алуға құмартып тұрады.

Екі қызметкер және жүздеген миллион теңге салық
Компанияның қаржылық көрсеткіштері де қоғам назарына ілікті. Adata.kz мәліметінше, «Wedrink International.kz» ЖШС-де ресми түрде екі адам жұмыс істейді. Ал қызметкерлердің орташа жалақысы 6 млн теңге деп көрсетілген.
Компанияны 35 жастағы Қытай азаматы Бэньцзинь Чжэн басқарады. Ол Алматыдағы мейрамхана бизнесімен айналысатын «Run Xiang» компаниясының да құрылтайшысы болып табылады.
Соған қарамастан, WeDrink Қазақстанға кірген жылы бюджетке 500 млн теңге салық төлеген. Бұл бизнестің өте жоғары табыс әкелетінін көрсетеді.
Салыстыру үшін айтсақ, «Run Xiang» компаниясы барлық қызметі барысында шамамен 3 млн теңге ғана салық аударған.
Осылайша, WeDrink өте қысқа уақыт ішінде Қазақстандағы жасөспірімдерге арналған сусындар нарығындағы ең табысты желілердің біріне айналып үлгерген.
«Іс жүзінде WeDrink аз шығынмен жасөспірімдерге арналған сусындар нарығын бақылауға алды», — дейді журналист.
Bubble tea қалай жастар мәдениетінің бір бөлігіне айналды?
Сарапшылардың пікірінше, брендтің табысы тек бағаға байланысты емес. Мұнда маркетингтің де рөлі өте үлкен. Ашық түсті стақандар, ерекше атаулар, түрлі дәмдер, әлеуметтік желідегі трендтік бейнелер, блогерлердің жарнамасы және қолжетімділік bubble tea-ді қазіргі жастар мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдырды.
Жасөспірімдер үшін бұл жай ғана сусын емес, әлеуметтік тренд, сәнге айналған өнім.
«Әр екінші нүкте мектеп немесе университет жанында орналасқан. Бұл қолжетімділік пен тұрақты визуалды әсерге құрылған нақты стратегия», — дейді Дмитрий Шишкин.
2025 жылдың тамыз айында компания халал сертификатын да алған. Бұл бренд аудиториясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік берді.
Қоғам неге мәселе ушығып кеткенде ғана әрекет етеді?
WeDrink төңірегіндегі жағдай тағы бір маңызды мәселені көтерді. Әдетте жауапты органдар жаппай шағымдардан соң, немесе үлкен даудан кейін ғана іске кіріседі. Себебі Caravan.kz медиа порталының тілшісі бұл мәселеге былтыр назар аударып, дабыл қаға бастаған. Ол видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап, халықтың қолдауына ие болды. Сол кезде ата-аналар балалар мен жасөспірімдерге бағытталған өнімдерді мұқият тексеруді талап еткен.
Сондай-ақ, өнім құрамын, сақтау шарттарын, санитарлық талаптардың сақталуын және ингредиенттердің сапасын да тексеру керектігін жазып жатыр.
Өйткені мәселе бір брендпен шектелмейді. Бұдан бұрын біз нарықта қаптаған қытайдың арзан тіскебасарлары туралы да ауқымды мақала жаздық. Себебі ол өнімдердің негізгі тұтынушылары — балалар. Ал өскелең ұрпақтың денсаулығы күн тәртібіне шығуы тиіс маңызды мәселе.
Оқи отырыңыз: Бауыры ісіп, асқазаны күйіп қалған: Қытайдың ащы снектерін жеген жасөспірімнің денсаулығы қалай зақымданды?
Әзірге ресми тексерулер болады ма, жоқ па, ата-аналардың шағымдарына бизнес өкілдері жауап береді ме, жоқ па, белгісіз. Ресми жауап алған кезде, міндетті түрде қосымша жариялайтын болмамыз. Әзірге бірлесе балаларымызбен күн сайын сөйлесіп, тамақтану мәдениетін насихаттауды, дамытуды қолға алайық.