"Торғайлық ақын" деген атау кейбір кісілерге ауыр тиіп жүрсе, Саят Əбенов болып қалайын


Көп ұзамай аталған сыни мақалаға орай Саят Әбеновтың өзі жауап берді. Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлады.

Ол өз сөзін әлеуметтік желідегі жеке парақшасында қалдырыпты.

"Кешелі бері қызу талқыға түсіп жатқан мақала мен үшін үлкен соққы болды. Шыны керек айтыс деп жүріп бұған аса мəн бермеппін. Енді үнсіз қалған жарамас. Жалпы, бұл мақаладан түсінгенім өнердегі ұстаздарым маған тоқтау айтқан екен. Дұрыс. Дұрыс жағынан түсіндім. Ол кісілердің ақылынан кейін ақылсызға да ақыл қонады ғой. Мен ол кісілерді қатты сыйлаймын. Айтқан сынынан бір қорытынды шығаруға тырысамын. Тек мақаланың арасында ол үлкен кісілер ескертті деген екен. Ол қандай дерекке сүйеніп жазылғаны белгісіз. Егер шынымен сол ұстаздарым алдын ала ескертсе бір қорытынды шығаратын едім. Негізі "Қостанай таңы" газеті қарашаңырағыма айналған газет еді. Мектеп қабырғасынан бастап сол газетке өлеңдерім жарияланып тұрды. Əлі күнге дейін байланысымыз үзілген емес. Үзілмейді де...

Ал "Торғайлық ақын" деген атау кейбір кісілерге ауыр тиіп жүрсе Саят Əбенов болып қалайын. Ол кісілердің де айтуы жөн. Ол атақты ел беруі керек. Əйтсе де өз туған жерін айтпау керек деген де заң жоқ шығар. Енді өлеңімнің құрылымына келер болсақ менің жазып жүргенім поэзия емес. Поэзия деп те жар салған емеспін. Мені оқыңыздар деп біреуді күштеген емеспін. Нағыз поэзияның ақындары бар. Поэзия оқығысы келетіндер сол кісілерді оқысын.Тек өз парақшамда жазған дүниелерімді жариялап отырмын. Елде болып жатқан əр жағдайға өз азаматтық пікірімді өлеңдетіп жеткізіп жүрмін. Қостанай облыс əкіміне тек өз ойымды айттым. Ол жерде құлпыртатындай ештеңе жоқ. Елге жасаған жақсылықтары да жоқ емес-ау. Ол əр басшының ел алдындағы өз міндеті. Тек су алып жатқан жерлерде біздің əкім көрінсе ғой және де əкімсіз қалған Торғайға əкім сайласа ғой деген ниетпен жазған едім. Айбек ағайдың əдемі бір сөзі бар қате жазсам кешірсін: "Бəйтерегім Астанада жайқалғанмен, Тамырым қарт Торғайдан нəр алып тұр!" Міне, мен де елден жырақ жүрсем де туған жеріме жаным ашиды. Одан артық ойым болған емес. Құрметті ағайын, сондай-ақ, Торғай өңірінен шыққан ақындардың поэзиясын менің жазғандарыммен өлшемеңіздер. Сосын мен үшін бір-бірлеріңізбен жанжалдасқандарыңызды қаламаймын. Біреуі жаны ашып айтады, біреуі қарны ашып айтады. Бəрінің пікірі өзінше дұрыс. Сабыр ағамыздың сөзімен қорытындыласам: "Əр қазақ менің жалғызым". Егер шектен шықсам кешіріңіздер!"- депті ақын.