Ұлттық арнада тағы бір танымал ток-шоу жабылды

Бұл туралы Caravan.kz тілшісі Ләйлә Сұлтанқызының Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап хабарлап отыр.

"Қымбатты көрермен! 2013 жылдан бері көрермендер көзайымына айналған «Әйел Бақыты» бағдарламасы арна басшылығы мен біздің тараптың ортақ шешімі аясында қыркүйек айының 1 жұлдызынан бастап эфирге шығуын тоқтатады. Осы орайда, Ұлттық арна басшылығына, бізбен бірге болған көрерменнің әрқайсысына жеке алғысымызды білдіреміз.

Төрт жылдың ішінде ел арасында танымалдылық пен жоғары рейтингке ие болған «Әйел Бақытында» 1000-ға жуық эфир көрермендер жүрегіне жол тартып, 3000-ға жуық кейіпкер қатысты. Сіз бен біз болып тікелей эфирде түрлі өзекті тақырыптарды қозғадық. Бұл жоба арқылы әйел қауымына Лəйлə Сұлтанқызы мен “Əйел Бақыты” жобасының ұжымы кішкене болсын бақыттың бөлшегін сыйлады деп есептейміз.

Себебі соңғы жылдың өзінде жобаның арқасында 40-қа жуық әйел жұмыспен қамтылды. 100-ге жуық кейіпкерге қаржылай көмек көрсетіліп, кейбіреуіне әлі күнге дейін көмек беріліп келді. 20 ана баласына сапалы әрі заманауи медициналық көмек алды. Жоба аясында 10 балаға мектеп формасы мен демалыс лагеріне жолдама берілді. 3 кейіпкеріміз толығымен алкоголизмнен айықты. 2 әйел жасанды жолмен ана бақытын сезінді. 50 әйел әлеуметтік көмек алып, өз кәсібін ашты. 70 әйел отбасын сақтап қалды. «Жар-Жар» айдары бойынша 4 жұп қосылды. Бұл бағдарлама арқылы анасы мен қызы 27 жылдан кейін қауышты. «Үлгілі отбасы» айдарына еліміздегі ең берекелі 150 отбасы шақырылып, бақытты болудың сырымен бөлісті. Кез келген әйелдің тағдырына бей-жай қарамаған «Әйел Бақыты» бағдарламасымен бірге болғандарыңызға тағы да рақмет! Жаңа жобаларда жүздескенше!


Ләйлә Сұлтанқызы. Фото - kaztrk.kz

Әрбiр телеөнiмнiң өзiндiк өмiрлiк циклы бар. Бағдарламамыздың арқасында жаңашыл телевизионщиктердiң бiр буыны пiсiп-жетiлiп шықты. Олар да ұядан ұшқан құстай отандық телевизиядағы басқа хабарларда орнын таппақ. Бұл жағдай, әрине, бiз үшiн адал боп келген көрерменнiң көңiлiне қаяу түсiрсе, саралап қарасақ, әр тарап үшiн пайдасы бар жағдай болады. Телеарна жаңа өнiмдермен толығады, бiздiң компания жаңа белестерге ұмтылады, ал жүрегiнде оты бар әр маманымыз үшiн бұл карьерасын бәсекелi нарықта өрге домалатуға тағы бiр мүмкiндiк. Бағдарлама болып басталған “Əйел Бақыты” бүгінде брендке айналды десек те, артық айтқанымыз емес. Бағдарлама экраннан кетсе де, брендіміз əлеуметтік желілерден, ютуб арналарынан, халық назарынан кетпейді.

Жуырда біздің компанияның mediaprom.kz сайты толыққанды жұмысын бастайды. Компаниямыз бен шығармашылық топтың өзге де жобалары, жаңалықтары туралы сол жақтан хабардар етiп тұрамыз" , - деп атап өтті продюсер

Айта кетейік, бұдан бұрын "Қазақстан" ұлттық арнасындағы "Айтуға оңай" ток-шоуының да жабылғанын оның жүргізушісі болған Бейсен Құранбек хабарлаған еді.