Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Өнер иесі “Таңшолпан” бағдарламасына берген сұхбатында жолдасы туралы көп қойылатын сұрақтарға жауап берді.
”Менің жолдасым қазақ өнеріне еңбек етіп жүргенімен, өзін көрсеткісі, насихаттағысы келмейді. Болмысы, табиғаты сондай. Қолынан іс келеді. Бірақ өзін жариялағысы келмейді. Ұлты қазақ болмағанымен, жаны да, тәні де қазақ. Қазақ өнеріне еңбек сіңіріп, жүрегі қазақ деп соққан азаматтың бірегейі. Өзі Жамбылда туып-өскен. 1,5 жастан әке-шешесінен айырылып, балалар үйінде өскен. Өзін сүйреп, өмір бақи әкесі, шешесі не әпкесі болмай, өзін қамшылап, осындай деңгейге жеткен. Ермек ағамыздан, Роза Бағланова апамыздан бастап, сондай үлкен өнер майталмандарымен бірге еңбектенген. Соларды үлкен сахнаға шығарған, гастрольдік, концерттік бағдарламаларды дайындаған. Көптеген өнер адамдарын менің жолдасым сахнаға шығарған. Қазақконцерттің гастрольдік концерттік бағдарламаларымен 35 жыл айналысқан. Шоу-бизнестің тасын қалаған, кірпішін салып кеткен — менің жолдасым. Кейбір кезде “қазақ емес” дегендерге менің балаларым қазақ жерінде туып-өсті ме, төлқұжаттары да қазақ деп жазылады”, — дейді ол.
Сондай-ақ, өнер иесі ана атанар сәтте көптеген ұсыныстар түскенін де жасырмады.
”Мен балаларымды босанатын кезде “Америкаға, Германияға, Францияға барып тусаңызшы” деген көптеген ұсыныстар түсті. Ондай мүмкіндік болды. Бірақ, “Менің елім, жерім, кіндік қаным тамған жерім, ата-бабаларымның жері — қазақ жері. Балаларым да осы жерде туылады. Кейін қай жерде тұрғысы келетінін өздері шешеді” дедім”, — дейді Толқын Забирова.