Бишімбаев соты туралы сарапшылар не дейді? - kaz.caravan.kz
  • $ 441.44
  • 473.09
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бишімбаев соты туралы сарапшылар не дейді?

Бишімбаев соты туралы сарапшылар не дейді?

Бишімбаев соты. Тікелей эфирде көрсетіліп жатқан процесті бақылай отырып қандай ой келеді, жалпы әділ төрелікке орай қандай кілтипандарды көреміз? 

  • 8 Сәуiр
  • 54
Фото: caravan.kz

Судья-прокурор- адвокат үштігі , мына жағдайда алқабилер бар, жалпы соттың қалай өтетінін көпшілік көзбен көріп, біраз дүниеге қанықты. Екіншіден, нақты осы іске орай қоғам кәдімгідей елеңдеп отыр. Неге нақ осы сотты өте маңызды деп бағалаймыз? Себебі зорлық-зомбылық, агрессия шкаласы өте жоғары көтеріліп кеткен. Әсіресе әйелдерге қатысты.

Бишімбаевтың өз аргументін ешқашан келтіре алмайтын Салтанатты психологиялық жағынан тұрақсыз, мәселенің байыбына бармай, бірден ренжіп шыға келетін, қит етсе алкогольді ішімдік ішетін, жұмыс істегісі келмейтін тағы басқа сүйкімсіз қылығы көп адам қылып көрсетуге тырысуы – психологиялық манипуяция. Ұғымдарды ауыстырып жіберу әдісі екенін белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев телеграмдағы парағында жазды. Бір сөзбен айтқанда, газлайтинг. Газлайтинг дегеніміз не? Бұл манипулятор өткен шақта болған фактілерді жоққа шығарып, құрбанды соған сендіретін психологиялық, тіпті эмоционалдық зорлық. Ал тап осы сот процесінде құрбан тарап жоқ. Тыңдаушы тарап бар: алқабилер мен көріп отырған аудитория.Сарапшылар не дейді? Caravan.kz медиа порталы Qazaqstan.tv телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Соңғы екі аптада елдің назарын аударған екі мәселе болса соның бірі Бишімбаев соты. Дәл осы ғимараттың ішінде не айтылып, не қойғанын көп адам қадағалап отыр. Оны сот процесін тікелей эфирден тамашалағандардың санынан да, желіде сақталған нұсқаларының қаралымынан да оңай байқайсыз. Осы аптада Қуандық Бишімбаев сотта өзін-өзі ұстауымен, мәлімдемелерімен біраз адамды таңғалдырдырды. 

Қуандық Бишімбаев марқұм әйелімен қалай танысқаннан бастап, сол қайғылы күнге дейін екі сот отырыс бойы баяндады. Тіпті бір кезде Бишімбаевтың мәлімдемесінен микрофон да шаршағандай көрінді.

Қуандық Бишімбаев өз сөзінде Салтанат Нүкенованы психологиялық жағынан тұрақсыз тіпті оның әкесі де осындай дертпен ауырған дегені сол еді… Бірақ жәбірленуші тараптың қорғаушылары мұны жоққа шығарды.

Бишімбаев кейсіне ұқсас өзге кінәлілер қандай жаза алды? 2022 жылы бұрынғы әйелімен ортақ дүние-мүлікті бөлісе алмаған алматылық азамат әйеліне бірнеше жерден ауыр дене жарақатын салады. Салдарынан әйел ауруханада көз жұмды. Алдымен сотталушыға 1,5 жыл жаза кеседі. Бірақ қоғамдық резонанстан кейін жазасын 11 жылға бас бостандығынан айыруға ауыстырады.

Айгүл Орынбек, Заңгер:

«2022 жылы неке түнінде қайтыс болған қызды да ваннада құлап қалды өзі деп күдікті ұсталмаған. Анасы бір емес екі рет ол кезде Шымкент қаласының департаменті Дәлібековтың алдына екі рет кірген. Неге ұсталмайды деп. Көрген ғой, экспертиза жаңағыдай болып шыққан. Анасы шырылдап маған келді, президенттің атына үндеу жасады. 2 ай халықаралық іздеуде жүрген адам 1-ақ күнде табылды. Менің осы іске де көңілім толмайды. Себебі 9 жыл берді».

Заңгер Әйгерім Құсайынқызының сөзінше мұндай жағдайларда түпкілікті шешімге қоғамда қалыптасқан кей түсініктер де әсер етеді.

Әйгерім Құсайынқызы, Заңгер:

«Криминалистикада виктимблейминг дейміз. Қайтыс болған тарапты, жәбірленушы тарапты кінәлау оңай. Себебі Салтанат қазір бізге келіп жоқ олай болмады деп айта алмағандықтан тек қана бір тарапты тыңдау бізде мүмкіндігі болғандықтан ол патриархалды қоғам екендігі де әсер етеді».

Ержан Мырзабаев, отбасылық психолог: 

«Біздің қоғамда патриархалды түсінік басым екенін ұмытпау керек. Бәрі ашық түрде өз пікірін айта алмаса да, ішінде: «Иә, менің де әйелім былай болса мен де солай істейтін едім» деп ойлайтындар бар. Кейбір таныс ортада біз сондай дүниені талқылаған кезде кейбір таныстардың ойларын естіп шошып кетесің».

Қазіргі Бишімбаев ісіндегі сот процесінің қалай өрбитінін болжаудан аулақпыз. Соңғы сөз алқабилер мен судьядада. Бірақ кәсіби заңгерлерден «қалай болуы мүмкін?» дегенді де сұрап көрдік. 

Бахтияр Бөлеулиев, Заң ғылымдарының докторы, профессор, акдвокат:

«Бұл жерде қылмыстық кодекс бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Немесе өмірлік бас бостандығынан айыру жаза белгіленген. Алдын-ала тергеумен сараланған іс-әрекеттері 106 бапқа ауысып кетуі мүмкін. Бұл абайсызда адам өліміне келген қылмыс. Оның жазасы 8 жылдан 12 жылға шейін бас бостандығынан айыру».

Әйгерім Құсайынқызы, Заңгер:

«Бишімбаевтың ісі лакмус қағазы секілді. Болашақта және дәл қазір Қазақстан сот процесі қалай жұмыс жасайтынын… Қазақстанда әйел құқы осылай тапталып кете бере ме? Әлде тұрмыстық зорлық-зомбылық криминализацияланып қайтадан заң жазасы қатая ма? Соны білдіреді деп ойлаймын. Неліктен Бишімбаевтар пайда болды? Себебі 2012 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық бабы қылмыстық кодекстен алынып әкімшілік құқық бұзушылық кодекске ауысқан болатын».

Және тағы бір жайтты айта кеткен жөн шығар. Бұған дейін: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетушілер құқықтық сауаты төмен, материадық жағдайы нашар адамдар» деп ойлаушылардың қатары көп болғаны рас. Соңғы резонансты сот ол түсінікті жоққа шығарғандай. Ресми дерек бойынша жылына кемінде 80 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Ал, Қуандық Бишімбаев ісіне қатысты сот бүгін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар