Қарапайым қазақ қашан дені дұрыс көлік мінеді? - kaz.caravan.kz
  • $ 443.72
  • 482.28
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарапайым қазақ қашан дені дұрыс көлік мінеді?

Қарапайым қазақ қашан дені дұрыс көлік мінеді?

Біздің елде шешілмей жатқан бір мәселе бар. Ол утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу құнының тым жоғары болуы. Ол мыңдаған көлік жүргізушілерінің күнделікті бас ауруы. Депутаттар да, қоғам белсенділері де осы мәселені шешуге тырысып жүр. Алайда бір министрлік оған қарсы. Бұл төлемдердің төмендеуіне министрлік неге қарсы?

  • 4 Сәуiр
  • 51
Фото: ашық дереккөз

Caravan.kz медиа порталы осы тақырыпты зерделеп көрді. 

Негізі қазақстандықтарға шетелден көлік әкелу тиімсіз. Себебі көлік құнының 30%-ы салықтар мен алымдардан тұрады. Атап айтсақ, кедендік баж салығы, қосымша құн салығы және утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу құны. Осы факторлар еліміздегі көлік паркінің ескіріп кетуіне әкелді. Көпшілік шетелде арзан тұратын көлікті елімізде қымбатқа сатып алғысы келмейді, сол себепті өздері барып алып келетіндер де жетерлік. 

Утилизациялық алым Қазақстанда 2016 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылған кезде енгізілген. Автомобиль жасайтын компаниялар мен ресми импорттаушылар, сондай-ақ көлікті сырттан әкелетін қарапайым азаматтар төлеуге міндеттелді. Алым көлікті алғашқы тіркеуге қойғанға дейін төленуі керек.

Утилизациялық алымның мөлшері жыл сайын айлық есептік көрсеткішке қарай өзгеріп тұрады. Жаңа жылдан бастап бір айлық есептік көрсеткіш 3692 теңгеге көтерілді. Ал утилизациялық алымның базалық коэффиценті 50 АЕК, яғни 184 600 теңгені құрайды. Қозғалтқыштың көлеміне қарай коэффицент беріледі де, утилизациялық алым мөлшері есептеледі.

Жеңіл автокөліктер:

  • 1 000 текше см. – коэффицент 3 (150 АЕК) – 553 800 теңге;
  • 1 001 – 2 000 текше см. – коэффицент 7 (350 АЕК) – 1 292 200 теңге;
  • 2 001 – 3 000 текше см. – коэффицент 10 (500 АЕК) – 1 846 000 теңге;
  • 3 001 текше см. жоғары – коэффицент 23 (1 150 АЕК) – 4 245 800 теңге.

Мысалы, қазіргі бағам бойынша Hyundai Elantrаның бағасы 6 334 200 теңге деп есептейік. Ел ішінде төленетін барлық төлемдерді есепке алғанда, Қазақстанға ол 8 966 383 теңгеде жетеді. Осылайша, біздің азаматтар Қазақстанға жаңа көлік әкелу үшін 2 632 183 теңге төлейді. Бұл өте қымбат. Ал ескі көлікті әкелу одан да қымбат.

Жұрттың бәрі министрлер мен әкімдердей 1,5- 2 млн теңге жалақы алмайды. Жаңа көліктің бағасы удай болып тұрғандықтан, адамдар автопаркын жаңарта алмай отыр. Утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу құнын төлеу арқылы отандық автоөндірісті қолдаймыз деп жүріп, неге біреудің бизнесін дамытуға мүдделі болуымыз керек?

Осы мәселені көтеріп жүрген белсенділердің бірі мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы. Осы мақсатта дөңгелек үстел өткізіп, алты министрлік қатысқан. Жиында ІІМ, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Экология, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері осы төлемдердің азаюына қарсы емес екенін білдірді. Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утиль алым бойынша ешқандай өзгерістер болмайтынын айтты. 

«Біз утилизациялық алым бойынша қазіргі таңда ешқандай өзгеріс жасамаймыз. Ең әуелі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрімін. Менің жұмысым – кәсіпорындарды дамыту, олардың қуатын арттыру. Қазір Қазақстанда екі автокөлік зауытын салып жатырмыз. Автокөлік өндіру саласында қаншама адам жұмыс істейді. Оны ешкім санап жатқан жоқ. Мысалы, 2025 жылы Kia зауытының құрылысын аяқтаймыз. Сонымен қатар Алматы қаласының жанында 90 мың көлік өндіретін зауыт салып жатырмыз. Ол жерде жұмыс орындарын кім сақтайды? Мен депутаттарға осындай сұрақ қойдым. Меніңше, Қазақстан азаматтарының жұмыс орындары мен кәсіпорындар сақталу үшін бізге аз да болса протекционизм жасау керек», — деп жауап берді Қанат Шарлапаев.

Жауап осылай берілгенімен, халық та, қоғам да сұрақтың оң шешілуін күтуде. 

Қазақстанда тіркелген жеңіл көліктердің 49%-ы 20 жылдан асқан болса, 21%-ы 10 жылдан асқан. Елімізде 3 жылға дейінгі жаңа көліктердің үлесі небәрі 6%-ды құрайды. Депутаттардың пікірінше, ескі көліктер жүргізушілердің өміріне қауіпті. Сондай-ақ қаланың экологиясына да кері әсерін тигізеді. Қазақстан азаматтарының жаңа көлік міне алмауының себептеріне тоқталайық:

— қосылған құн салығы (ҚҚС) – көлік бағасының 12%- ына тең;

— мемлекеттік баж – көлік құнының 15%;

— сәйкестік сертификаты (оны дилерден алу керек) – құны 60 000- 140 000 теңгеге дейін;

— кедендік баж – шамамен 20 700 теңге;

— автомобильдің қозғалтқыш көлеміне сәйкес қайта өңдеу төлемі – 2024 жылы құны 500 мың теңгеден басталып, 4 миллион теңгеден асуы мүмкін.

Нәтижесінде Қазақстанға импортталған көліктің бағасы айтарлықтай өседі, ал ол өз кезегінде халықтың көлік ауыстыруына немесе жаңартуына мүмкіндік бермейді. 

Жоғарыда айтылған факторларды ескере отырып, депутаттар министрліктен халыққа қолжетімді етудің жолдарын ұсынды:

  • Қазақстанға шетелден әкелінетін автокөліктердің тіркелген кедендік құнының бағасын төмендету; 
  • Бастапқы тіркеу құнын төмендету – қазіргі уақытта шыығарылғанына 3 жылдан асқан автокөлікті әкелу үшін 1,8 миллион теңге төлеу қажет, сондықтан бұл шекті 7 жылға дейін арттыру;
  • Утиль алым тарифін төмендету. 

Утилизациялық алым түсінігі қайдан шықты?

Утилизациялық алым, яғни көлікті қайта өңдеуге төленетін салық түрін ең алғаш 1978 жылы Норвегия ойлап тапқан.  Төлемді мемлекетке көліктің алғашқы иесі төлеген, кейін ол сатып алушыдан өңдеп алған. Яғни, соңғы сатып алушы егер өзінің ескі көлігін қайта өңдеуге жібергенін құжат түрінде дәлелдей алса, осы ақшаны мемлекеттен қайтарып алуға құқылы болған.  Норвегиялықтар әлі де осы тәсілді қолданады. Бүгінгі күні утиль алым құны 300 еуроны құрайды. 

2000 жылы автокөліктерге утиль алым салығы Еуропалық Одақта енгізілді. Төлемді алғашқы сатып алушы төлейді, және ол ақша қайтарылмайды. Еуроодаққа кіретін әр мемлекет өзінше алым мөлшерін белгілейді. Шамамен 100 еуро – 50 мың теңге. 

2005 жылы аталмыш салық түрі Жапонияда енгізілді. Қазіргі уақытта оның бағасы көліктің жылы мен техникалық сипаттамасына сай 70-180 доллар (31,5-81мың теңге) аралығында.

Осы мемлекеттердің барлығында елге әкелінген көліктермен қоса, өз елінде шығарылатын көліктерге де утиль алым салығы төленеді.

ЕО өзіне мүше елдерді утиль алымнан босата алмады, себебі кейбір елдер көлік шығарумен мүлде айналыспайды, ал төлем не болса да бәріне ортақ болуы керек. 

Германия, Франция, Италия, сондай-ақ Чехия ірі автомобиль державалары бола тұра, мұндай төлемнен босатылмаған. 

Ресей де осы жолды таңдады. 2009 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) алдындағы Кедендік одақтан тыс шығарылған автокөліктерге қайта өңдеу төлемін енгізді.

Ресей және Кедендік одақ елдерінің (Қазақстан мен Беларусь) өндірушілері ескі көліктерін қауіпсіз қайта өңдеуге міндеттеме алған жағдайда Ресей Федерациясында қайта өңдеу төлемінен босатылған.

Алайда, 2012 жылдың күзінде ЕО өндірушілері еуропалық жеңіл көліктердің дискриминацияға ұшырауын алға тартып, ДСҰ өтініш жолдаған. 2013 жылы Ресей ДСҰ шешімін күтпей, өз елінде және кеден одағы елдерінде шығарылатын көліктерге утиль алымын төлеуді міндеттеді. 

Бұл ретте ресейлік кәсіпорындар үшін салық сомасына тең субсидиялар төлене бастады, осылайша Ресей шетелдік зауыттардың алдында басымдылығын сақтап қалды. 

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейде утиль алым мөлшері өсті. Бірақ ол жақта үш жасқа дейінгі көлік үшін 1 млн 488 мың теңге болса, біздің елде 3 млн 522 мың теңге. Ресейде үш жастан асқан көлік 3 млн 268 мың теңге төлесе, бізде утиль алым мөлшері алғашқы тіркеу алымын қоса есептегенде 5 млн 553 мың теңгеге шығып кетеді. 

Ресейде алғашқы тіркеу алымы деген жоқ, қарапайым ГИБДД тіркеу (мемлекеттік жол қозғалысы қауіпсіздігі инспекциясы) деген бар, ол үшін 3 мың рубль ғана ұсталады. Ал бізде 1 млн 700 мың теңге төлейсің. Сонымен қатар, Ресейде заңды тұлғаларға қарағанда жеке тұлғалар үшін арзан ставка қойылған. 

Ал Қырғызстанда шетелдік көлікті кеденнен өткізіп, тіркеуге қою Қазақстанға қарағанда 2 есе арзан. Өйткені Қырғызстанда утилизациялық төлем жоқ. 

Сонымен қатар, Қырғызстан Орталық Азияның қақ ортасында орналасқандықтан, көлік торабы ретінде ұтып отыр. Атап айтқанда, ЕАЭО елдері (Ресей және Қазақстан) мен Азия аймағындағы негізгі ойыншылар: Қытай мен Оңтүстік Корея арасындағы транзиттік нүкте ретінде қызмет етеді. Қырғызстандағы дамыған жол инфрақұрылымы импорттаушыларға логистика мен автокөліктерді тасымалдауға қолайлы. 

Қырғызстан 2022 жылы шамамен 41,2 мың автокөлік импорттаған: 538,6 миллион доллар. 2023 жылы да бұл рекордтық көрсеткіш жалғасты. 

Қырғызстан транзиттік қызметтерден бөлек, әлемге белгілі автокөлік маркаларын еркін сатып алуға жағдай жасап қойған. БМВ, TOYOTA, RENAULT, MERCEDES,KIA, HYUNDAI, DAEWOO, AUDI, FOLKSWAGEN, SKODA брендтерінің автосалондары бар. 

Бізге де осындай жеңілдіктер, халыққа жаңа көлікті қолжетімді қылу амалын қарастыруымызға не кедергі? 

Соңғы жаңалықтар