Домбыра тартқан бала ұлтжанды болып өседі - Сәуле Жанпейісова - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Домбыра тартқан бала ұлтжанды болып өседі - Сәуле Жанпейісова

Домбыра тартқан бала ұлтжанды болып өседі - Сәуле Жанпейісова

Балалар шығармашылығында балаларды дамытуда сан алуан өнер түрлері бар. Ұлттық рухымызды көтеретін, өзіндік ерекше орны бар өнердің асыл түрі - домбыра тарту. Қазіргі таңда бала үшін ата-аналарда мүмкіндік жетіп артылады. Түрлі аспапатарда ойнау - баланың тұлғалық тұрғыда ерекше болып қалыптасуына әсері етеді. 

  • 26 Сәуiр 2021
  • 1945
Фото - Caravan.kz

Осы тұрғыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, "Аманат" өнер орталығының жетекшісі Сәуле Жанпейісова Caravan.kz порталы тілшісіне балалар шығармашылығы туралы айтып берді.

— Сәуле апай! Қай жылдан бастап жұмыс жасап келесіздер? Өнер орталығы қалай ашылды?

— 2012 жылы туған жерім Жамбыл облыстық филармониясын басқаруға шақырды. Ол кезде мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында Халық әні кафедрасының меңгерушісі едім. Тараз қаласында облыстық филармонияны үш жылдан аса уақыт басқарғаннан соң, 2015 жылы ол жерден жұмыстан кеттім.

2016 жылы Тараздан Астанаға бардым. Сол жақта тұрып, сол жерде қызмет еткім және өзімнің жеке мектебімді ашқым келді. Сөйтіп енді ашамыз деп дайындалып жүрген кезде (бұл 2016 жылдың тамыз айы болатын) Алматы қалалық әкімшілігінен маған хабарлама келді. Көп жылдан бері, 30 жылға жуық уақыт өзіміздің дәстүрлі музыкамыздың орталығы немесе дәстүрлі музыка театры болса деп айтып келген едім, мінекей сол театр ашылып жатыр, сізді шақырамыз деді. Қуанышым қойныма сыймай, Астанадан Алматыға келдім.

 

Сөйтіп, 2016 жылдың тамыз айында Алматыда "Алатау" дәстүрлі өнер театры ашылды. Мінекей, сол театрдың ішінен менің «Аманат» дейтін өнер орталығым құрылған болатын. Сол жерде жұмысымызды бастадық. Әрине, қандай жағдай болмасын алғаш ашылған кезде оның қиындықтары көп болады ғой, бірақ өзіміздің армандап жүрген театрымыз, орталығымыз ашылғаннан кейін әрине біз жұмысқа білек сыбана кірістік. Қуанышымыз койнымызға сыймай жұмыс бастадық. Сол кездегі Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің өзі қатысып, қаламыздың зиялы қауым өкілдері келіп, тұсауын кесті.

Біздің "Аманат" өнер орталығымыз 2016 жылы қазан айында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ішінен ашылды. Артынша мектебімізді Астанадан да аштық. Менің қызым ол кезде Астана өнер университетінде студент болатын. Кейіннен мен Алматыға көшіп кеттім де, Астанадағы мектепті қызым қолына алды. Қазір қызым тұрмыста, жолдасы домбырашы, қызым скрипкашы. Қызым да, балам да, мен де өнер саласында жастарға дәріс беріп жүрміз. Сөйтіп, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуына орай «Аманат» өнер орталығы құрылды. Соның нәтижесінде мен сүйікті Алматыма қайтып оралдым.

— Сіздерді кім қаржыландырады?

— Біз өзімізді өзіміз қаржыландырамыз. Мемлекеттен, үкіметтен бір тиын алған емеспін. Қазір де осы орынымызды жалға алып, ақысын төлеп, сабақ беріп жүрген мұғалімдерімізге де жалақы беріп, мемлекетке салығымызды да төлеп отырмыз. Бұның бәрі оңай емес, әрине. Балалар ақылы оқиды. Бұл жағынан біз қатты қиналдық, әлі де қиналып келеміз. Біздің жанымызда мультимедиялық дәстүрлі музыка музейі бар. Аспаптар сақталған, сол жер дәстүрлі музыка орталығы деп аталатын еді. Осы музеймен тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Жақында Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл, әнші-композитор Манарбек Ержановтың туғанына 120 жыл толуына орай кеш өткіздік. Шәкірттеріміз Жамбыл бабаның жырлары мен Манарбек атасының әндерін шырқады. Біз негізі, қалалық дәстүрлі әншілер фестивалі етіп өткізбекші болған едік. Өкінішке қарай, бұл кісілердің ән-жырларын айтатын балалар мүлдем жоқ болып шықты. Ал, біздің балаларымыздың өнерін тамашалаған жұрт таңдайларын қағып кетті. Alatau creative hub деп атау алған сол ғимараттың ішінде халыққа тегін қызмет көрсететін үйірмелер ашылып, онда Диана Шарапова деген эстрада жұлдызының студиясы балаларға ән үйретіп жатыр. Бірақ Диана Манарбек Ержановтың әнін үйретпек тұрмақ, атын да естімеген шығар деп ойлаймын. Себебі, осыған дейін менің ұйымдастырған балалар фестиваліме келіп қатысқан оның бірде бір шәкірті қазақ әнін білмейтін болып шықты. Сонда нағыз қазақы аудан болып саналатын «Алатау» ауданының жастарына ол не үйретпек? Президентіміз Қ.К.Тоқаев ұлттық өнерімізді, әсіресе жастарға домбыра үйрету керек деп бастама көтерді. Соның нәтижесінде Алматы қаласының бірнеше ауданынан осындай тегін мектептер мен орталықтар ашылды.

— Домбыра тартуды кез-келген бала үйрене ала ма? Әлде, икемділік қажет пе?

— Жалпы домбыраны кез келген бала үйреніп кете алады. Ал әнді, оның ішінде дәстүрлі әнді кез келген адам айта алмайды. Негізі біздің халық өте талантты болып келеді. Мысалы, домбыраны кез келген бала үйреніп кете алады, біріншіден әрине музыкалық қабілетпен бірге ынтасы, қызығушылығы болуы керек, екіншіден мұғалімнің үйрету шеберлігіне байланысты.

Біздің орталығымызда Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген Жігер Бертісов, Бекзат Мұстафаев, Гүлден Жұмабай, Сәния Бііржанқызы, Бауыржан Нұрғалиев сияқты мықты музыканттар, білікті ұстаздар сабақ береді.

— Балаға музыка қай қырынан әсер етеді. Мәселен, сурет салу баланың ойын дамытуға әсері бар деген сияқты.

— Сурет салу өнері сияқты музыка да баланың ойын, қиялын дамытады. Домбыра тартқан бала біріншіден ұлтжанды болып өседі. Домбыраны жақсы көру, үнін тыңдау, қазақтың әнін, жырын үйрену арқылы баланың бойында ұлттық рух пайда болады. Өнерді сүйген бала — өмірді сүйеді, әсемдікке ұмтылады.

— Домбыра тартуды үйренуге қанша уақыт керек. Ережесі бар ма?

— Иә, әрине домбыра үйрену ең бірінші адамның қызығушылығына және қабылетіне байланысты. Музыкалық қабілеті жақсы адамдар тез үйреніп кете алады. Мен эстрада-цирк өнер колледжінде оқып жүрген кезімде бір күннің өзінде 5-6 әнді үйреніп кететін едім. Колледжден қайтып келе жатқанда да, колледжге бара жатқанда да әннің сөздерін жаттап алатынмын. Сол сияқты Құдайдан берілетін қабілет болады. Біздің оқушыларымыз да солай 2-3 сабақта бір шығармадан жаттайды. Бір айда 4-5 өлең жаттаса керемет емес пе?!

— Баланы неше жастан қабылдайсыздар?

— Баланы біз негізінде бес жастан бастап қабылдаймыз, ал үйренем деушілерге жасына шек қоймаймыз. Менің 65, 67 жастағы шәкірттерім болды. Дауыстары зор, тіпті жаттау қабылеттеріне таң қаласыз. Сол жаста терме-толғаулар үйреніп, жаттап алды. Сондықтан «Ештен де кеш жақсы» дегендей, кезінде белгілі бір себептермен өнер жолына түсе алмай арманда қалған жандар да келіп білім аламыз десе, ондай жандарға да есігіміз ашық.

— Өзіңіз жетекшілік етіп отырған «Аманат» өнер орталығының жетістіктері туралы айтып өтсеңіз.

— Биыл орталығымыздың құрылғанына 5 жыл толады. Осы уақыт аралығында қаншама жастарды өнерге, әсемдікке тәрбиеледік. Қаншама шәкірттеріміз Республикалық, Халықаралық конкурстардан жүлдегер атанып, еңбегімізді ақтап келеді. Бірнеше шәкіртіміз кәсіби өнер жолына түсіп, К.Байсеітова атындағы дарынды балалар мектебіне, Ж.Елебеков атындағы өнер колледжіне, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, білімдерін шыңдауда.

2017 жылдан бері Халықаралық «AMANAT music» атты конкурс-фестивалін өткізіп келеміз. Бұл фестивальге көптеген шет мемлекеттен жастар келіп қатысты. Венгрия мемлекетінен келіп қатысқан Богларка есімді жас өнерпаз Қазақстанға келіп, Түркістанда білім алды. Бір кереметі, ол өз елінде үйренген виоленчель аспабын қазақтың қобызына айырбастап, қазір қобызбен күй тартып, ән шырқап жүр. Қазақ тілінде еркін сөйлейді. Бұл бүгінде Будапешт қаласында тұратын апамыз Айша Мондокидің зор еңбегі деп айтсақ болады. Айша апамызды 2017 жылы өткен фестивалімізге қазылар алқасына шақырдым, сол кезде ол кісі өзімен бірге қобыз, домбыра тартатын бірнеше венгер балаларын ертіп келген еді. Міне, солардың бірі Богларка есімді венгер қызы. Сонау Венгрияда тұрып, қазақтың ұлттық аспабын, қазақтың тілін үйреніп жүрген осындай жастарға қарап, өз елімізде тұрып, өз ана тілін білмейтін, білгісі келейтін, өз өнерін керек етпейтін жастар үшін жүрегің ауырады. Бірақ, «AMANAT music» атты конкурс-фестивалімізге қатысып жүрген талай талантты балаларды көргенде шүкір дейсің. 2019 жылы осы фестиваліміздің аясында бүкіл Қазақстанды аралап, талантты жастарды жинадым. Бірнеше шет мемлекеттерде болдым. Франция, Германия, Түркия елінде болып, сол жақтағы жастардың өнерін көріп қайттым. Шет елдегі қазақ жастарының өнерге ынталары жоғары екен. Бірақ, ол жақтарда да мәселелер жетерлік. Өкінішке қарай, әлем бойынша болып жатқан пандемияға байланысты бұл фестиваліміз уақытша тоқтап қалды. Ең бастысы, әлем осы бір індеттен тезірек айығып, қайтадан даңғыл жолға түссе екен. Жер бетінде тыныштық, елімізде береке-бірлік болсын деп тілеймін. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын!

— Сәуле апай! Сұхбатыңызға көп рахмет! Еңбектеріңіз жана берсін! Тек биіктерден көрініңіздер! 

 

Соңғы жаңалықтар