Осы және өзге де сұрақтарға психолог, логотерапевт Гүлім Құлжанова жауап береді.
— Әнші Мөлдір Әуелбековаға байланысты threads желісінде «буллингке ұшырады» деп көп айтылып жатыр. Осыған байланысты маман ретінде не айта аласыз? Бұл жағдайды буллинг деп айта аламыз ба?
— Бұл жерде әртүрлі әрекеттер көрініс табуда. Мысалы, біреулер жауапкершілікке шақырып жатса, біреулер өз ойын айтып жатса, «иә, опасыздық жасап, әділетсіздік жасапты. Бұл ісі дұрыс емес» деп баға беріп жатса, яғни әрекетіне баға беріп жатса, біреулер оның жеке басына баға беріп жатыр. «Оның күлкі де дұрыс емес, жүрісі де дұрыс емес. Өтірік айтады, өтірік істейді» деп пікір айтылуда. Бұл енді буллингке жатады. Жаппай тобырдың, көп адамның пікір жазуы бұл адамның ар-намысына тиюі, абыройына нұсқан келтіруі, оны таптап жойып жіберуге тырысуы ол буллингке жатады.
— Әлеуметтік желідегі әзіл, мем немесе келеке қай сәттен бастап психологиялық қысымға айналады?
— Бір адамға қатысты пікір жазып, мазақ ету тобырлық сананы көрсетеді. Өйткені, тобыр адамның жапа шегуін талап етеді. «Біз бұл адамның жапа шеккенін қалаймын» деп жатады. Сол сияқты оның жапа шегіп, жоқ болып кетуін не болмаса әлсіз болуын талап етеді. Сол кезде бұл енді буллингке жатады. Яғни, психологиялық қысымды көрсетеді. Пікірін жазып, мазақ етіп, келеке ету мұның барлығы психологиялық қысымды көрсетеді.
— Бір адамға қарсы жаппай пікір жазу немесе мазақ ету қоғамда қандай психологиялық құбылысты көрсетеді?
— Мұның барлығы басқа адам үшін өте қауіпті. Мысалы, ол адамға тойтарыс бере алмайды. Адамдар көп болғаннан кейін, олардың пікірі сан алуан болып, ол адамның жер жебіріне жетіп тиісіп жатса, жамандап жатса ол өзінің түрін өзгерте алмайды, дауысын өзгерте алмайды, бірақ ол әрекетін өзгерте алады. Яғни, бұлай жазатын адамдарға бұл жағдайдың қайталанбауы үшін мұның ара-жібін ажыратып алуға кеңес берер едім. Мысалға, бұл әрекетке қатысты. Бір адам жамандық жасады ма, бір адам бір адамды алдады ма, ол адамның алдында кешірім сұрап, соның қателік жасағанын мойындап, әрі қарай оған жол бермеуге тырысу, ол дегеніміз адамды жауапкершілікке шақыру. Ал егерде біз ол адамды толығымен тұлға ретінде жаман деген таңба қоятын болсақ, бұл «жаман адам, онымен енді жұмыс істеуге болмайды. Оны жою керек, жоқ қылу керек» дейтін болсақ, бұл өте қауіпті. Бұл жағдайдан кейін адам қатты стресстен кейін ол депрессияға түсіп, оның ауыр салдары болуы мүмкін.
— Қоғамда «әзіл үшін айтылды» деген сылтаумен жасалатын буллинг қаншалықты қауіпті?
— Бір әрекет екінші әрекеттің жаман екені туралы айтады. Бірақ толықтай бұл адамның жаман екенін айтпайды. Сондықтан да біз керісінше әділеттілікті талап етіп, өзіміз әділетсіз болып, өзімізді басқа адамның ақысына кіріп, жоқ қылуға тырысып, өзіміз жамандықтың себепкері болып жатамыз. Сондықтан бұл жерде бастысы өзіңе сұрақ қою: мен қазір нені талап етіп отырмын? Ол адамның жоқ болуын талап етіп отырмын ба? Ол адамның жапа шегіп, қайғыруын талап етіп отырмын ба? Бұл адамның әлсіз болып, жерде жатып кешірім сұрауын талап етіп отырмын ба? Әлде сол әрекеті үшін жауап беріп қандай да бір зиян келтірген адамдарға өтемін төлегенін талап етіп отырмын ба?
Осы сұрақтарға адам жауап беру арқылы өзі не талап етіп отырғанын түсінеді.
— Осындай жағдайлар қайталанбас үшін әлеуметтік желі қолданушылары нені ескеруі керек?
— Бұл жерде мұның екі жағы бар. Бір жағы жамандыққа, әділетсіздікке, опасыздыққа, әлсіз адамдарға зорлық-зомбылық көрсетуге, төзімсіздік танытып, біз қоғамды саналы болуға шақырамыз. Басқа адамдар бір жамандық жасамастан бұрын өзінің абыройы туралы ойлап, бармауы мүмкін. Яғни, біз осы әрекеттер арқылы бір жамандықтың алдын алуымыз мүмкін. Сонымен қатар, тобырлық сана. Тобырлық сана деген кезде буллинг. Ал буллинг ол тобылық санадан болады. Өйткені, адамдар әділеттілікті талап етемін деп отырып басқа адамды жойып жіберуге тырысады.
Сын айту мен қорлау екі бөлек нәрсе. Сын нақты әрекетке бағытталса, буллинг адамның жеке басын кемсітуге, мазақ етуге бағытталады. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде көп адам осы шекараны байқамай қалады.
Сондай-ақ адамдар жаппай пікір жазып жатқанда, өз әрекетінің әсерін бағаламауы мүмкін. Бір адамның мысқылы болмашы көрінуі мүмкін, бірақ жүздеген немесе мыңдаған ұқсас пікір бір адам үшін ауыр психологиялық қысымға айналады.
Сондықтан әлеуметтік желі мәдениетін қалыптастыру үшін эмпатияны дамыту, жауапкершілікпен пікір жазу және адамның қадір-қасиетін құрметтеу өте маңызды. Кез келген қоғамның деңгейі оның әлсіз немесе қателік жіберген адамға қалай қарайтынынан көрінеді.
— Сұхбатыңызға рақмет!