Жарияланды: 480

2003-жылдың 10 айында Павлодар облысында өндірістегі оқыс оқиғалардан 15 адам қаза тапты

2003-жылдың қаңтар-қазан айларында Павлодар облысында өндірістегі оқыс оқиғалардан 15 адам қаза тауып, 136 адам зардап шекті. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Павлодар облыстық бас мемлекеттік еңбек инспекторы Құсайын Есенов хабарлады.

Биыл өндірістегі оқыс оқиғалардың басым көпшілігі өнеркәсіп және шағын бизнес саласында болды. "Шағын бизнес өкілдерінің еңбек қорғау мәселесіне баса назар аудармайтындығы, сондай-ақ, бұл мақсатқа жеткіліксіз қаржы бөлетіндігі алаңдаушылықты күшейтіп отыр" ,- дейді Қ.Есенов. Жыл басынан бері Павлодар облыстық еңбек инспекциясы құқық қорғау органдарына өндірістердегі оқыс оқиғаларға қатысты деректер бойынша 49 материал жолдады. Олардың алтауына қатысты қылмыстық іс қозғалды. "Сондай-ақ, биылғы жылдың 10 айында облыстағы кәсіпорындардың 159 жұмыс берушілері мен мамандарына жалпы көлемі 1,4 млн. теңгені құрайтын айыппұл салынды",- деді Қ.Есенов. Жыл басынан бері еңбек инспекторлары облыстық кәсіпорындар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасының еңбек, халықты жұмыспен қамту және еңбек қорғау заңдарының талаптарын орындау жағдайына 600-ден астам тексерулер жүргізді. Соның нәтижесінде 5 мыңнан астам заң бұзу көрінісі, соның ішінде еңбек қорғау жөніндегі заңды бұзу оқиғасы 2699 мәрте тіркелді. Тексерулер нәтижесінде 173 станок, машина және жабдықтардың жұмысы, 20 өндірістік нысанның жұмысы тоқтатылып, 8 кәсіпорын басшысы жұмыстан босатылды. Сондай-ақ, Павлодар облыстық еңбек инспекциясы тексерулермен бірге кәсіпорын басшылары үшін оқыту мақсатындағы семинарлар өткізеді. 2003-жылдың басынан бері облыс қалалары мен аудандарында осындай 100-ден астам семинар өтті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін