Жарияланды: 830

2007 жылы транзиттен түскен пайда 590 млн долларды, оның ішінде жүк тасымалынан түскен кіріс - 361,3 млн долларды құрады - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі

Астана. 24 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - 2007 жылы транзиттен түскен пайда 590 млн долларды, оның ішінде жүк тасымалынан түскен кіріс - 361,3 млн долларға тең. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігі VII Халықаралық "ТРАНСЕУРАЗИЯ-2008" форумына орай таратқан хабарламада айтылған.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2008 жылғы 24-25 қыркүйекте Астана қаласында VII Халықаралық "ТРАНСЕУРАЗИЯ-2008" форумы болып өтті. Ол Еуразия құрлығының көліктік-коммуникациялық кешенін дамыту проблемаларына арналып, Еуропа мен Азия елдері арасында өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және олардың көліктік саясаттарын үйлестіруге бағытталды. Бұл форум 2007 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіледі. 1997 жылдан 2006 жылға дейінгі аралықта халықаралық конференцияларға 60-қа жуық елдің көліктік ведомстволарыныңбасшылары, халықаралық және аймақтық ұйымдардың, көліктік, қаржылық және сақтандыру компанияларының өкілдері, дипломаттар қатысты. Конференцияны ҚР Көлік және коммуникация министрлігі ҚР Үкіметінің қолдауымен, еліміздің көліктік-коммуникациялық кешенінің "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ, "Эйр Астана" АҚ, "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" РМК, "Қазаэронавигация" РМК, "Қазақавтожол" РМК сияқты ірі компанияларының көмегімен ұйымдастыруда. Форумның алғашқы күні ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен "Еуразиялық транзит - даму болашағы" деген тақырыпта пленарлық мәжіліс өтіп, онда ҚР Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов баяндама жасады. Өз сөзінде министр Еуразия құрлығының көліктік-коммуникациялық кешенінде қалыптасқан жағдайды баяндай келе, еуропалық және азиялық жолдар жүйесіндегі айырмашылықтарға назар аудара отырып, бірнеше ғасыр бұрын Ұлы Жібек Жолы жүріп өткен Қазақстанның рөліне кеңінен тоқталды. Өз баяндамасында министр былай деді: "Көліктік инфрақұрылымның жағдайы Еуропа, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияның дамып келе жатқан нарықтарының арасында орналасқан Қазақстан экономикасы үшін айқындаушы фактор болып табылады. Және де ол мемлекеттің жоғары транзиттік мүмкіндіктерін барынша тиімді қолдануға тікелей тәуелді. Дамыған темір жол және автомобиль жолдар жүйесі, халықаралық әуежайлар кешені, ел аумағын кесіп өтетін әуе жолдары бар Қазақстанның көліктік әлеуеті орасан зор. Сол арқылы еуразиялық байланыстарды нығайту және еліміздің жүк және жолаушы тасымалына деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін ұлттық транзиттік ресурстарды барынша қолдану қажет". Соңғы жылдары Еуразия құрлығында халықаралық экономикалық байланыстардың жаһандану процесі тереңдей түсіп, Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы ұлғайды. Осыған байланысты еуразиялық трансқұрлықтық көпір Ұлы Жібек Жолын қайта жандандыру өзекті мәселеге айналды. Осындай көпірді ескі жолдарды қайта салу және жаңа жолдардың құрылысын жолға қою негізінде құру Суэц каналы немесе Африканы айналып өтетін жолмен салыстырғанда, жолды 8-15 ың километрге қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл жоба ЕурАзЭҚ, БҰҰ Азия және Тынық мұхиты елдеріне арналған экономикалық әлеуметтік комиссиясы, СПЕКА және ЦАРЭС сияқты ірі халықаралық ұйымдардың қолдауына ие болды. Интеграцияға, көліктік-экономикалық белдеу құруға ұмтыла отырып, алға үш айқын мақсат қойылып отыр: аймақтық деңгейде көліктің бес түрін (темір жол, автожолдар, құбырлар, авиация, өзен және теңіз көлігі) біртұтас өзара байланысты интеграцияланған көліктік жүйеге біріктіру; өндірістік салалардың дамуына, экономикалық дамудың жалпы деңгейіне сәйкес, ынтымақтастықтың белгілі бір бағдарламасын жасау, көліктік инфрақұрылымды дамыту үшін трансұлттық шараларды жүзеге асыру; көліктік ынтымақтастықтың өзара тиімділігін және оған қатысушы барлық тараптың мүддесінің сақталуын қамтамасыз ету. Бүгінде Қазақстан негізгі халықаралық көліктік (ТРАСЕКА, Солтүстік-Оңтүстік, Ортаазиялық дәліз, Трансазиялық темір жол магистралі) дәліздердің қатысушысы болып табылады. Және де еліміз трансеуропалық және азиялық көліктік жүйелерге бірігу үшін белсенді жұмыс атқаруда. Осыдан алты жыл бұрын қабылданған еліміздің көліктік инфрақұрылымын дамытудың негізгі құжаты - Көліктік стратегияға сәйкес, жалпы құны 30 млрд. АҚШ долларын құрайтын 80 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Осы жылдары шамамен 1700 км жаңа темір жолдарын салу, 2100 км темір жолды электрлендіру, шамамен 50 мың км автожолдарды салу және қайта салу, әуежайлар инфрақұрылымын қайта салу және жаңғырту, ұлттық теңіз сауда флотын құру, теңіз порттарының инфрақұрылымын дамыту көзделуде. Өткен үш жылдың ішінде министрлік 56 инфрақұрылымдық жобаны бастап кетті. Былтыр Қазақстан Ұлы Жібек Жолын жандандыру идеясын жүзеге асыра бастады. Ол - Батыс Еуропа - Батыс Қытай трансқұрлықтық автожол дәлізін салу жобасы. Бағдарғының толық ұзақтығы - 8 445 км, оның ішінде Қазақстанның аумағымен - 2 787 км. Еуропа - Ресей - Қазақстан - Қытай жолы - Қытайдан Еуропаға апаратын ең қысқа жол. Жол уақыты шамамен алғанда - он күн. Жобада жолдың өн бойында қазіргі заманғы бес халықаралық көліктік логистикалық орталықты, жол бойғы қызмет көрсету нысандарын салу, спутниктік навигация орнату және жолдың ерекше тығыз учаскелерін ақылы қылу қарастырылған. Жобаның жалпы құны 6,7 млрд. АҚШ доллары. Қазақстандағы жолдар автокөлік білігіне 13 тонна жүктеме түсетіндей етіп, ең жаңа технологияларды қолдану арқылы салынып жатыр. Солардың бірі - республикамыздағы тұңғыш үлкен жылдамдықты автобан - Астана-Щучинск автомагистралі. Биыл 6 жолақты жолдың бойында қозғалыс ашылды. Концессиялық негізде жүзеге асыруға ұсынылып жатқан жобалардың қатарында автомобиль жолдарының ең тығыз учаскелерін қайта салу жобалары бар: Үлкен Алматы Айналма автомобиль жолы - І техникалық категория, алты жолақты, ұзақтығы - 65 км; Астана-Қарағанды, - І техникалық категория, алты жолақты, ұзақтығы - 238 км; Алматы-Қапшағай - І техникалық категория, алты жолақты, ұзақтығы - 104 км; Алматы-Хоргос - І техникалық категория, төрт жолақты, ұзақтығы - 301 км. Қытаймен шығыс шекарада орналасқан Достық станциясының және Ақтоғай-Достық темір жол учаскесінің өткізу қабілетін арттыру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. 2011 жылға дейін бұл көрсеткішті жылына 25 млн. тонна жүкке дейін жеткізу көзделуде. Сонымен қатар, Қытаймен екінші шекаралық өту бекетін ашу да жоспарланып отыр. Бұл үшін Қорғас-Жетіген темір жол желісін салу қажет. Бұл бағдарғы Қытайдан Орталық Азияға, Еуропаға, Иранға, Кавказ елдеріне ең қысқа жол арқылы тасымалдарды қамтамасыз ететін болады. Пайдалануға берілген алғашқы жылдың өзінде жаңа темір жол желісі арқылы тасымал көлемі 5 млн. тонна жүкке жетеді деп жоспарлануда. Және де Қытайдан Қазақстанның оңтүстік аймақтарына және Орталық Азия елдеріне апаратын жол 550 км-ге қысқарады. Темір жол саласының ең ірі және болашағы зор жобаларының бірі - ұзақтығы 988 км болатын Бейнеу-Жезқазған темір жол желісін салу. Жаңа магистраль дайын болған кезде еліміздің шығысынан батысына апаратын транзиттік бағдарғы жұмыс істейді. Қазіргі таңда халықаралық тасымалдарға қатысатын Қазақстанның жалғыз теңіз порты - Ақтау порты. Ол - ТРАСЕКА, Солтүстік-Оңтүстік сияқты халықаралық дәліздердің бір бөлігі. Порттың маңыздылығын ескере отырып, 2006 жылдан бері оны солтүстікке қарай кеңейту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Жобаны аяқтаған кезде порттың өткізу қабілеті 11,5 млн. тоннадан 23 тоннаға дейін жетеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Баутино және Құрық порттарын дамыту да көзделуде. Оның үстіне, бүгінгі таңда Кумо-Маныч ойпаты арқылы Каспий теңізін Азов-Қара теңіз бассейнімен су-көліктік байланыстыру жобасы қарастырылуда. Жақын арада жалпы құны 582 млн. АҚШ долларын құрайтын төрт концессиялық жобаның байқау процедуралары аяқталды: Ақтау халықаралық әуежайында жолаушы терминалын салу; Ұзақтығы 392 км болатын Мақат-Қандыағаш темір жол учаскесін электрлендіру; Ұзақтығы 14,4 км Ералиево-Құрық темір жол желісін салу; Ұзақтығы 135 км Маңғыстау-Баутино темір жол желісін салу. Бұл бағыт Қазақстан мұнайын кен орындардан құрлыққа қарай Баутино портына жеткізуге жол ашады. Азааттық авиация саласында екі мақсат айқындалды: біріншісі - еуропалық стандарттарға жақындатылған Қазақстан авиациясын құру. екіншісі - Қазақстанның транзиттік әлеуетін барынша тиімді қолдану. Алғашқы міндетті орындау үшін әуе кемелері паркін жаңарту бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Онымен бір уақытта әуежайлардың жер беті инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту бағдарламасы да іске асуда. Қазіргі таңда еліміздің 9 қаласындағы (Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Жезқазған) әуежайлар ИКАО-ның халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Көліктік стратегияны қабылдағалы өткен екі жыл онда айқындалған іс-шаралардың нақты іске асатын мүмкіндігі бар екенін дәлелдеп берді. Көптеген инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырыла бастады. Олар аяқталған кезде жүк айналымы екі есе, жолаушы айналымы бір жарым есе, транзиттік жүк ағымы 3,5 есеге өседі деп жоспарлануда. 2007 жылдың өзінде транзиттен түскен пайда 590 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде жүк тасымалынан түскен кіріс - 361,3 млн. АҚШ доллары, 140 млн. АҚШ доллары - транзиттік әуе кемелеріне қызмет көрсетуден түскен пайда. 2020 жылы Қазақстанның темір жолдары арқылы транзитпен 40 млн. тонна жүк, соның ішінде Қытаймен шекарады 17-19 млн. тонна жүк тасымалданады деп жоспарлануда. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін