Жарияланды: 980

2011 жылғы 8-12 маусым аралығындағы оқиғалардың күнтізбесі

ЕЛБАСЫ

8 маусымда Салтанат сарайында ДИЭФ қатысушыларының құрметіне Елбасы Н.Назарбаевтың атынан қабылдау ұйымдастырылады. ПАРЛАМЕНТ 8 маусымда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы болады. 8 маусымда Парламент Сенатында Үкіметтің және Есеп комитетінің есептерін талқылау жөніндегі бюджет бағдарламаларының әкімші-органдарымен кездесу болады. ҚОҒАМ 7-9 маусым аралығында Астанада Қазақстанның ИКҰ-ға алдағы төрағалығы аясында Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы (ДИЭФ) өткізілуде. 8-9 маусымда Венада өтетін Еуропа және Орталық Азия бойынша Дүниежүзілік экономикалық форумына Қазақстан делегациясы қатысады. 8 маусым күні Италиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде танымал ғалым, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, өнертанушы Гүлмира Шалабаеваның «Еуразияшылдық Қазақстанның бейнелеу өнері тұрғысынан қарағанда» деген атаумен сурет көрмесі мен монографиясының таныстырылымы өтеді. 10 маусымда Астанада өтетін Сыртқы істер министрліктерінің бірлескен консультацияларында Қазақстан мен Грузия арасында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері сөз болады. 10-12 маусым аралығында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің кезекті отырысы өтеді. 12 маусымда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао Қазақстанға мемлекеттік сапар жасайды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша өткелі отырған сапарының аясында Қытай Төрағасы сондай-ақ Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады. Естеріңізге сала кетейік, ШЫҰ саммиті 15 маусымда Қазақстанның елордасында өтеді. СПОРТ 7-11 маусым күндері Қытайдың Бейжің қаласында жағажай волейболынан кезеңдік «Үлкен дулыға» жарысы өтеді. АСТАНА Астанада 2-17 маусым аралығында сағат 10.00-ден 18.00.-ге дейінгі уақытта №26 орта мектепте (Конституция көшесі, 26) қаланың мектепке дейінгі мекемелеріндегі балалардың қатарын толықтыру жұмыстары жүргізіледі. 7-9 маусым аралығында Астанада Қазақстанның Дүниежүзілік ИКҰ-ға алдағы төрағалығы аясында ислам экономикалық форумы (ДИЭФ) өткізілуде. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы 2011 жылғы 8 маусым күні «Қазақ журналистикасы және Интернет» деген тақырыпта «Дөңгелек үстел+тренинг» форматында іс-шара өткізеді. 8 маусымда «Бейжің Палас» қонақүйінде «Қазақстанның инновациялық экономикасын дамытудағы технологиялар» деген тақырыпта форум өтеді. 8 маусымда «Бейжің Палас» қонақүйінде ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына орай брифинг өткізіледі. 8 маусымда Астана қаласының прокуратурасында апталық брифинг өтеді. 8 маусымда «Есіл Гранд Парк» қонақүйінде «Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және ядролық қару-жарақты таратпау» деген тақырыпта халықаралық семинар өтеді. 10-12 маусым аралығында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің кезекті отырысы өтеді. АЛМАТЫ 8 маусым күні Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Бас прокурорларының 9-шы мәжілісі өтеді. 8 маусым күні Алматыда «Бизнес пен билік. Қаржы полициясының кәсіпкерлердің мүдделері мен заңды құқықтарын қорғаудағы рөлі» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтеді. 8 маусымда «Интерфакс» баспасөз орталығында «Қазнетке мораторий керек!» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты болады. 8 маусымда Демократия үйінің алдындағы бақта ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаудың аясында өткізіліп жатқан Этномәдени бірлестіктердің фестивалі басталады. 8 маусымда Қазақтың Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университетінде Үздік бітіруші түлектердің дәстүрлі «Самғау-2011» фестивалі өтеді. 9 маусым күні Алматы қаласында «Қазақстандағы франчайзинг 2011» атты IV халықаралық көрме өтеді. АЙМАҚ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ 10 маусымда Алматы облысында «Есік» мұражай -қорығында 2009-2011 жылдарға «Мәдени мұра» арналған стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтеді. ЕЛЕУЛІ ОҚИҒАЛАР. АТАУЛЫ КҮНДЕР. ЕСІМДЕР. МАУСЫМНЫҢ 8-І, СӘРСЕНБІ Дүниежүзілік мұхиттар күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2009 жылғы ақпанның 12-сінде бекітті (№A/RES/63/111 қарар). Ресми түрде, жоғарғы мемлекетаралық деңгейде «Дүниежүзілік мұхиттар күнін» өткізу идеясы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында 1992 жылы өткен саммитте айтылды. Сол кезден бері «Дүниежүзілік мұхиттар күні» дүниежүзілік мұхитқа әлдебір қатысы бар елдердің барлығында дерлік кеңінен аталып өтеді. Бұл күні эколог-ғалымдар, ихтиологтар, көптеген аквариумдар, хайуанаттар бақтары, дельфинарийлер қызметшілері мұхиттың қайталанбас тіршілік иелері мен өсімдіктерін олар үшін зор қауіп - адам ашкөздігінен сақтап қалу үшін өз күштерін үйлестіреді. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 87 жыл бұрын (1924) Патша үкіметінің «Сібір қырғыздары (қазақтары) туралы» жарлығымен Көкшетау округі құрылды. 19 жыл бұрын (1992) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Шетел инвестициялары жөніндегі ұлттық агенттігі құрылды. 13 жыл бұрын (1998) Астанада «Интерконтиненталь» қонақ үйі алғашқы меймандарды қабылдауға әзір болды. 13 жыл бұрын (1998) Астанада Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ескерткішінің ашылу рәсімі болды. Ескерткіш авторы мүсінші - Мұрат Мансұров. 13 жыл бұрын (1998) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жаңа Астанада «Шеврон», «Тексако» және «Аджип» компаниялары салған әлемдік стандартқа сай жанар-жағармай стансаларының ашылу салтанаты өтті. 12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» сыйлығын иеленді. 10 жыл бұрын (2001) Астанада бірінші Қазіргі заманғы өнер галереясының ашылу салтанаты өтті. 8 жыл бұрын (2003) Халықаралық «Астана - 2003» атты тұңғыш қазақ әндерінің конкурсы өтті. 6 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы «Президент-отельдің» ашылу рәсіміне қатысты. Ғимараттың жалпы ауданы 20500 шаршы метрді құрайды. Қонақ үй кешенінде стандартты екі орындық нөмірлерден бастап президенттік «люкстерге» дейін 168 нөмір бар. Сондай-ақ, мүгедектерге де арналған бір бөлме бар. «Президент-отельде» 500 адамдық бал залы, 175 орындық мәжіліс залы, кездесулер өткізетін 100 адамға есептелген екі зал, екі мейрамхана бар. Құрылыс жұмыстарын түріктің «Симбол иншаат» компаниясы іске асырған. 6 жыл бұрын (2005) Қостанайда Қазақстан және Ресей шекара құрама жетекшілері арасында шекараны бірлесіп қорғау туралы ынтымақтастық келісім-шартқа қол қойылды. Келісім-шартта есірткі қылмысына, халықаралық лаңкестікке, контрабандаға қарсы ынтымақтастық сұрақтары бойынша мәселелер алдын ала келісілген. Сонымен бiрге шекара және көші-қон заңындағы өзгерiстер туралы ақпарат айырбастаулар ескерiлген. 6 жыл бұрын (2005) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу жырының нұсқалары» атты кітаптың таныстырылымы болды. Бүгінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының 20-дан астам үлгісі бар. Бұл жинаққа жырдың ХІХ-ХХ ғасырларда Петерборда, Қазан мен Орынборда араб әліпбиімен терілген бірнеше нұсқалары енгізілген. Аталған кітап жоғары оқу орындарының студенттері мен аспиранттарына, оқытушылар мен орта мектеп мұғалімдеріне арналған. Жинақты профессор Сұлтанғали Садырбаев дайындаған. 5 жыл бұрын (2006) «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі қазақ тіліндегі тұңғыш пошталық сервер мен іздеу жүйесін іске қосты. Қазақ тілді пошталық сервер латын әрпінде де қызмет көрсетеді: латын әрпінің қазақша үлгісі ретінде ҚазАқпарат агенттігі қолданысқа енгізіп үлгерген академик Әбдуәли Қайдаровтың нұсқасы алынды. Тұңғыш қазақ тіліндегі серверді: http://mail.qazaq.kz, ал іздеу жүйесін: www.qazaq.kz/izdew.php бойынша табуға болады. 2 жыл бұрын (2009) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй қатынастары саласындағы азаматтардың мемлекеттік кепілдіктерін нығайтуға, көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын, адамдардың тұрмыстық жағдайларын жақсартуға және кондоминиум нысандарын басқару формаларын жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. ЕСІМДЕР 60 жыл бұрын (1951) «Жас алаш» газетінің бас редакторы, журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері СӘРСЕНБАЙҰЛЫ Рысбек дүниеге келді. Алматы облысының Нарынқол ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті). 1973-1975 жылдары - «Советтік шекара» аудандық газетінің тілшісі. 1975-1990 жылдары - «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, жауапты хатшы орынбасары, бөлім бастығы, бас директоры, вице-президенті. 2005 жылдың маусымынан - «Жас алаш» ЖШС-інің вице-президенті, президенті. Қазіргі қызметінде 2008 жылдың қаңтарынан бастап істейді. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 55 жыл бұрын (1956) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Аңсар» ғылыми-танымдық көпшілік журналы бас редакторының орынбасары МАУҚАРҰЛЫ Абай дүниеге келді. Моңғолияның Баянөлгей аймағында туған. 1991 жылы тарихи отаны Қазақстанға көшіп келгеннен кейін еларалық «Шалқар» газетінің тілшісі, «Ана тілі» апталығының бөлім меңгерушісі, «Қазақ елі» газетінің бөлім редакторы, еларалық «Көш» газетінің редакторы, «Қазақстан-Заман» газетінің жауапты хатшысы болған. Мерзімді басылымдарда шеттегі қазақтар өмірінен «Жүз жылғы көші-көн», «О қазақпен бұ қазақ», «Жылқы мінез қазақтың жерсінбеген жері бар», «Дәстүр үшін жанпида» секілді көптеген ой-толғаулары жарияланған. Түрік-монғолдың көне әдеби мұрасы «Алтын шежірені», Тибет ғибратнамасы «Субасшитті» (Асыл сөз) қазақшаға аударып, жеке кітап қылып бастырған. Оның жекелеген туындылары «Көш-керуен», «Ата салтыңды аяла», «Алғашқы ұстаз» атты жинақтарға енген. 45 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Президенті көмекшісі, 1-ші сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші САРЫБАЙ Қайрат Шораұлы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Андрей Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. 1988-1989 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясы Ұйғыртану институтының аға зерттеушісі. 1989-1991 жылдары - КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институты Ленинград бөлімшесінің өтілші-зерттеушісі. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консульдық бөлімінің екінші хатшысы. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің үшінші хатшысы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ақпараттық-талдамалық басқармасының кеңесшісі. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің екінші хатшысы. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Протокол қызметінің жетекшісі. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз қызметінің жетекшісі - баспасөз хатшысы. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі. 1999-2003 жылдары - Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2003-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Германия Федеративті Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті көмекшісі. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың қыркүйегінен бастап істейді. «Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. «Қызмет үшін ГФР Ұлы кресті» шетелдік орден иегері. «Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Республикасының Президенті» кітабының авторы, «Астана - өмір әуені» кітабының бас редакторы, «Қазақстан - Еуразия жүрегі» кітабының редакциялық алқасының мүшесі. Көне түркі филологиясы туралы, халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері туралы ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалардың авторы. МАУСЫМНЫҢ 9-Ы, БЕЙСЕНБІ Халықаралық достар күні. Барлық уақытта барлық халық достықты үлкен әлеуметтік және адамгершілік құндылық деп таныса да «шынайы достықты» өте сирек деп санаған, ал кемелденген кезін өткен уақытқа жатқызады. Халықаралық достар күні өмірдегі әртүрлі қиын-қыстау жағдайларға қарамастан досымыздың қаншалықты қымбат екенін айта отырып, оларды қуанту үшін ойлап табылған күн. Дүниежүзілік аккредитация күні. 2008 жылғы маусымның 9-ында құрылды. Мерекені құру негізі жаһандық бастама болды, Халықаралық Аккредитация Форумымен (IAF, International Accreditation Forum) Халықаралық ынтымақтастықтың аккредитация зертханасының (ILAC, International Laboratory Accreditation Cooperation) ортақ шешімімен қолданған, оған аккредитацияға байланысты жұмыстардың назарын аудару мақсатында құрған. ILAC халықаралық бірлестігі 30 жыл бұрын құрылған, оған 70 елдің аккредитация органдарының өкілдері кіреді. Аккредитация органдарымен дүниежүзілік келісімге қол қойылды, ол шекара сыртында да тауар мен қызметінің кеңейтілуіне жағдай жасайды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 18 жыл бұрын (1993) Алматыдағы Достық үйінде Каспий теңізі айдынының Қазақстанға қарасты табанында геологиялық барлау бағдарламасы жөнінде Халықаралық мұнай компаниялары консорциумы құрылды. Оның құрамына Қазақстан, Италия, АҚШ, Норвегия, Нидерланды, Англия мұнай компаниялары кірді. 18 жыл бұрын (1993) Алматыда, Кино үйінде «Төле би» деректі фильмінің премьерасы өтті. 16 жыл бұрын (1995) Халықаралық «Дидар-Қазақстан» журналының бірінші нөмірі жарық көрді. 13 жыл бұрын (1998) Астанада «Отан қорғаушыларға» арналған болашақ ескерткіштің орнына белгітас орнатылды. 13 жыл бұрын (1998) Астанада Қырғыстан Республикасының елшілігі ашылды. 9 жыл бұрын (2002) Астанада Венгрияның мәдени күндері өтті. 8 жыл бұрын (2003) Астанада Халықаралық астаналар мен ірі қалалар ассамблеясының отырысы өтті. 6 жыл бұрын (2005) Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» атты жаңа кітабының таныстырылымы болып өтті. 5 жыл бұрын (2006) Алматыда курорт мәртебесіне ие жаңа «Жайлау» гольф-клубы ашылды. Клубтың ойын алаңдарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Алматыда ашылған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің XV мәжілісіне қатысушылар алғашқылардың бірі болып сынақтан өткізіп көрді. «Жайлаудың» 18 алаңының жалпы аумағы - 82 гектар. 18 ұясы бар гольф-алаң ТМД аумағындағы үздіктердің бірі болып танылып, гольф-курорт әлемдегі ең үздік клубтардың каталогына енгізіліп отыр. Жобаның авторы - аты аңызға айналған гольф шебері Арнольд Палмер негізін қалаған «Palmer Course Design Co.» компаниясы. Жаңа спорт кешенінің аумағында 38 вилла, 64 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй кешені және 3 теннис корты бар. Жаңа клубтың ашылу рәсімі Қазақстандағы осы спорт түрінің 10 жылдығына және Шетелдік инвесторлар кеңесінің XV мәжілісіне орайластырылды. 2 жыл бұрын (2009) Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы Торғай ауылының маңында орналасқан түркі дәуірінің ғұрыптық «Қос батыр» ескерткіші табылды. Ол ғұрыптық ескерткіш тастан қаланған төрт бұрышты екі қоршаудан тұрады. Екі қоршаудың шығыс жағында тастан қашалған екі батырдың мүсіні бар. Бұл мүсіндер VII-VIII ғасырға жатқызылып отыр. 1 жыл бұрын (2010) Алматыда «Алтын қалам» әдеби байқауы жарияланды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында «Алтын қалам» жобасының ұйымдастырушылары мәлім етті. «Жас жазушылар қолдау таппағандықтан, жазғандарын жарыққа шығара алмай отыр. Елімізде мемлекет тарапынан жас таланттарды анықтап, олардың жазғандарын көпшілікке таратудың жолға қойылған жүйесі жоқ. Дүкен сөрелеріндегі қазақша кітаптардың аздығы, сонымен қатар, жас қаламгерлер шығармашылығына жағдайдың жасалмауы, шетелдік авторлар жазған қызықты туындылардың қазақ тіліне кәсіби деңгейде аударылмауы қазақ жастарының рухани сұранысын ана тілінде қанағаттандыра алмауына себеп болып отыр. Сондықтан да, қазақ жастары қалаған кітабын оқып, қажетін өтеу үшін өзге тілді меңгеруге мәжбүр. Біз осындай жағдайда, айтылған түйткілдердің оң шешілуіне жеке үлесімізді қосу үшін дарынды қаламгерлерді қолдайтын бұл әдеби жобаны қолға алып отырмыз. Бұл бастама - қазақ әдебиетінде жаңа есімдердің танылуына, шығармаларының жарық көруіне, еліміздегі әдеби әлемнің кең қанат жаюына септігін тигізетініне сенімдіміз», деді «Алтын қалам» әдеби жобаның ұйымдастырушысы Досым Сатбаев. Аталмыш жоба ұйымдастырушыларының бірі Ербол Жұмағұловтың айтуынша, бұл сыйлық Қазақстанда немесе шетелдерде тұратын, қазақ тілінде жазатын талантты қаламгерлерді анықтауға, олардың еңбектерін жарыққа шығаруға ықпал етеді. «Авторларға қаржылай сыйлық тағайындау және үздік шығармаларды марапаттау рәсімі үстіміздегі жылдың қазан айында өтеді. Тәуелсіз комиссия үздік автор мен үздік туындыларды ашық конкурс арқылы 2010 жылдың маусым және қыркүйек айлары аралығында «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік ғылыми басылымы», «Жылдың үздік іскер басылымы», «Жылдың үздік балалар кітабы», «Блогомания» («Е-Кітап»), «Үздік әдеби аударма», «Жылдың үздік полиграфиясы», «Қазақстан әдебиеті саласындағы жетістігі үшін» аталымдары бойынша анықтайтын болады. Өтініштер мен шығармалар «www.arzu.kz» ақпаратты порталында қабылданады. Байқауға қатысу тегін, сондай-ақ ниет білдірген кез келген автор бұл бәйгеде бақ сынай алады», дейді ұйымдастырушылар. ЕСІМДЕР 70 жыл бұрын (1941) тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері ОЗҒАНБАЕВ Өмірзақ дүниеге келді. Атырау облысында туған. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастап, аудандық, қалалық партия комитеттерінде, облыстық «Білім» қоғамдық ұйымында, Маңғышлақ облыстық кәсіби-техникалық білім беру басқармасында лауазымды қызметтер атқарған. 1988-1990 жылдары - Қазақ КСР Халыққа білім беру министрлігі Республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры. 1990-1994 және 1995-1996 жылдары - Маңғыстау облыстық білім басқармасының бастығы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ғылым, білім және жаңа технологиялар жөніндегі комитетінің мүшесі. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Аймақтық даму және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы, Қазақстан халықтық бірлігі партиясы фракциясы төрағасының орынбасары. 1999-2001 жылдары - Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті. 2002-2004 жылдары - Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің проректоры. 2004 жылдан - «ҚазМұнайГаз» Кен Барлау» АҚ бас директорының кеңесшісі, «Рауан Медиа Групп» АҚ бас директорының кеңесшісі. 2007 жылдың қазанынан - Маңғыстау облысы әкімі жанындағы Ардагерлер Кеңесінің төрағасы. 50-ден астам ғылыми жарияланымның және бірнеше кітаптың авторы. «Құрмет» орденімен, 8 медальмен марапатталған. МАУСЫМНЫҢ 10-Ы, ЖҰМА Португалия Республикасының Ұлттық мейрамы - Португалия күні (1580). Қазақстан Республикасы мен Португалия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 19-ында орнатылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 15 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңы қабылданды. 13 жыл бұрын (1998) Астана қаласында Қазақстан Республикасының жаңа астанасын ресми таныстыруға арналған салтанатты мәжіліс өтті. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы қазанның 20-ында астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы мамырдың 6-ында Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. Маусымның 10-ы 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді. 2006 жылдан бастап шілденің 6-сы елорда күні ретінде атап өтіледі. 10 жыл бұрын (2000) Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұражайы ашылды. 8 жыл бұрын (2003) Астана - Бурабай бағытында жаңа «Оқжетпес» электр пойызы қатынай бастады. 6 жыл бұрын (2005) Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақ ұлттық музыка академиясында орган залының ашылу салтанаты өтті. 6 жыл бұрын (2005) Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар саябағы ашылды. 6 жыл бұрын (2005) Астанада бес жұлдызды «Риксос Президент Отель Астана» қонақ үйі ашылды. Не бары 9 айдың ішінде салынып біткен аталмыш ғимарат Rixos Group халықаралық қонақ үйлер желісі мен Түркияның Sembol İnşaat компаниясының Қазақстанның Елордасындағы алғашқы ірі жобаларының бірі. Қонақ үй астананың жаңа әкімшілік орталығында халықаралық әуежайдан 12 шақырым жерде орналасқан. 6 жыл бұрын (2005) Астанада жаңа ашылған студенттер бағы мен Ислам орталығының алдында екі субұрқақ кешені ашылды. 6 жыл бұрын (2005) Жезқазғанның Достық пен халықтар мәдениеті үйі алдында ақын Тайжан Қалмағамбетовке ескерткіш орнатылды. Тайжан Қалмағамбетов (1879-1937) - суырып салма ақын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қатысушысы. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. Сталиндік тәртіп кезінде «халық жауы» атанып 1937 жылдың 26-шы қыркүйегінде ату жазасына тартылған. Тайжан ақынның шығармалары «Қазақ халқының 1000 өлеңі», «Пернедегі термелер», «Халық ақындары» жинақтарында жарияланған. 1984 жылы «Ой ағысы» атты өлеңдер мен әндер жинағы, 2004 жылы «Сақ-сақ күлсін сырнайым» атты жинағы жарық көрді. Оның есімі Жезқазған филармониясына берілген. Ескерткіштің авторлары - мүсіншілер Өмірхан Жүнісбеков, Шақыбәдін Сейткенов, сәулетші Асқар Сариев. 2 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор Өмірбек Байгелдінің «Табылмай келген қазына» атты ғылыми-деректі фильмінің және қытайдың ақыны Ли Бо туралы кітабының тұсау кесер рәсімі өтті. Өмірбек Байгелді өзінің жұмысында 1300 жыл бұрын дүниеге келген қытайдың ұлы ақыны Ли Бо Қазақстанның Шу өңірінде туғанын дәлелдеген. ЕСІМДЕР 105 жыл бұрын (1906-1996) эпидемиолог дәрігер, медицина ғылымының кандидаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері ТІЛЕУҒАБЫЛОВ Мұхамедрақым Қуандықұлы дүниеге келді. Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. Орынбор қаласындағы Аймақтық медицина техникумын бітірген. 1938-1941 жылдары - Павлодар облысы ауылдық ауруханалардың дәрігері, Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі. 1941-1944 жылдары - Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау халық комиссарының орынбасары. 1944-1946 жылдары - Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау халық комиссарының бірінші орынбасары. 1946-1947 жылдары - Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау министрінің орынбасары. 1947-1949 жылдары - Алматы обаға қарсы стансасының дәрігері, Алматы медициналық университетінің Эпидемиология кафедрасының ассистенті. 1949-1978 жылдары - Орталық Азиялық обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, директоры. 1978 жылдан зейнеткерлікте болған. Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапаталған. 75 жыл бұрын (1936) қоғам қайраткері, генерал-майор КАМАЛИДЕНОВ Закаш Камалиденұлы дүниеге келді. Атырау облысының Новобогат ауданында туған. Мәскеу мұнай институтын, КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1959-1964 жылдары - Жылой аудандық, Атырау облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1964-1970 жылдары - Шевченко қалалық партия комитетінің екінші хатшысы. 1970-1978 жылдары - Атырау облыстық Кәсіподақ кеңесінің төрағасы, Қазақстан ЛКЖО ОК-інің бірінші хатшысы. 1978-1979 жылдары - Қазақстан коммунистік партиясы Целиноград облыстық комитетінің екінші хатысы. 1979-1980 жылдары - КСРО МҚК-інің аға инспекторы. 1980 жылы - Қазақ КСР МҚК төрағасының орынбасары. 1980-1982 және 1985-1988 жылдары - Қазақстан КП ОК-інің хатшысы. 1982-1985 жылдары - Қазақ КСР МҚК-інің төрағасы. 1988 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы - КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болған. 1988 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан. Ленин, Қазан Революциясы, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 75 жыл бұрын (1936) тарих ғылымының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Қазақ КСР-і Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, Хошимин (Сайгон) қаласының құрметті азаматы ИРМУХАНОВ Бейімбет Бабиктеевич дүниеге келді. Ресей Федерациясының Астрахань облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. Алматы Жоғары партия мектебінде аға оқытушы, доцент, профессор болып қызмет атқарған. 1987-1992 жылдары - Алматы шет тілдер педагогикалық институтының (қазіргі Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті) ректоры. 1992 жылдан - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі, 2000 жылдан - аталмыш университеттің профессоры. 100-ге жуық жарияланымның авторы. КСРО және Вьетнам медальдарымен марапатталған. 45 жыл бұрын (1966) танымал журналист, жаңалықтар қызметі бөлімінің продюсері және «Хабар» агенттігі «Ән сал!» әуезді тележобасының жүргізушісі ХАНГЕЛДИНА Қымбат Садықбекқызы дүниеге келді. Қызылорда қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтында жұмыс істеген. 1992-1998 жылдары - «Қазақстан», «Ақшам», «Шапағат» бағдарламаларының жүргізушісі, тілші, таңертеңгілік көңіл көтеру бағдарламасының аға редакторы. 1998 жылдан - ақпараттық бағдарламалар дирекциясының жүргізуші редакторы, «Дилемма» ток-шоуының жүргізушісі, «Хабар» агенттігі Ақпараттық бағдарламалар бөлімінің атқарушы продюсері. МАУСЫМНЫҢ 11-І, СЕНБІ ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 93 жыл бұрын (1918) «Алаш» қазақ ұлттық қозғалысы кеңес үкіметінің Қазақстан аумағындағы барлық декреттерін заңсыз деп жариялады. 20 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасының Жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және монополиялық қызметті шектеу мемлекеттік комитеті құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы қаңтардың 11-індегі Жарлығымен аталмыш комитет Қазақстан Республикасының Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитеті болып қайта құрылды. 19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының әскери соты және әскери прокуратура органдары туралы» қаулысы қабылданды. 12 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы жарияланды. 10 жыл бұрын (2001) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Елордадағы жаңа нысандар: Есіл өзені үстімен өтетін автомобиль көпірінде, «Мастер» құрылыс материалдар орталығында, Қазақ мемлекеттік заң академиясының филиалында болды. 9 жыл бұрын (2002) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысының Целинный ауданын Ғабит Мүсірепов атымен атау туралы Жарлыққа қол қойды. 4 жыл бұрын (2007) Өскеменнің төрт орталық көшесі жаңа атаулармен өзгертілді. Бұрынғы Ленин даңғылы - Тәуелсіздік даңғылы, Қызыл Қыран жағалауы - Александр Протозанов атындағы көше деп аталды. Текстильщиктер даңғылы - академик Қаныш Сәтбаевтың, Ермак көшесі - Жақыпбек Малдыбаевтың есімдеріне ие болды. Бұдан басқа қаланың орталық алаңы - Республика алаңы, ал қалалық саябақ - «Жастар» саябағы деп аталды. Қаланың тағы бір көшесі Панкратьев бағының негізін қалаған Густав Винтениустің, солтүстік жағалауда салынып жатқан жаңа даңғыл Ілияс Есенберлиннің есімдерін иеленді. 4 жыл бұрын (2007) Ресейде семейлік жазушының «Сталин - разгадка Сфинкса» атты кітабы жарық көрді. Кітаптың авторы Марат Ахметов - бұрынғы журналист, біздің республикамызда КСРО-ны басқарған тарихи адамдар туралы жазатын адамдардың бірден бірі. «Сталин - разгадка сфинкса» кітабында Иосиф Джугашвили басқа тұрғыда бейнеленген. Кітап автордың екі ел мұрағатында ізденіс жұмыстарын өткізіп және Сталинді жеке таныған адамдармен кездесу нәтижесінде жасалған хроникалық-деректі шығарма болып табылады. 2 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қостанай облысы Рудный қаласында №6 ТЭЦ АО «ССГПО» энергоблогы іске қосылды. Жобаның құны - 8241,3 млн. теңге, ал қуаттылығы - 63 МВт. ЕСІМДЕР 65 жыл бұрын (1946) «Шығыс-Батыс» корпоративтік қорының атқарушы директоры, Ішкі қызмет полковнигі, заң ғылымының кандидаты УӘЛИЕВ Хасан Құсайынұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында туған. Семей жеңіл өнеркәсіп техникумын, Бүкілодақтық тоқыма және жеңіл өнеркәсіп сырттай оқыту институтын, КСРО Ішкі істер министрлігі Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Еңбек жолын Семей тері-мех бірлестігінде дәнекерші-реттеуші болып бастап, Семей облыстық «Суарнақұрылыс» басқармасының дәнекершісі, Тұрмыстық қамсыздандыру басқармасының аға инженері, Крупская атындағы тігін фабрикасының бас инженері, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болған. 1984-1990 жылдары - Семей облыстық атқару комитетінің Ішкі істер басқармасы Еңбекпен түзеу мекемесінің бөлім бастығы, басқарма партия комитетінің хатшысы. 1990-1993 жылдары - Атырау облыстық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары. 1993-1994 жылдары - Қарағанды облыстық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары. 1994-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Бас қылмыстық түзету жүйелері басқармасы бастығының бірінші орынбасары, бастығы. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық түзету жүйелері департаментінің директоры. 1998-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Кадр және тәрбие жұмыстары департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2001 жылдың қазан айынан бастап істейді. 60 жыл бұрын (1951) Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі, генерал-майор УАЖАНОВ Тұрсын Үшбайұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында туған. КСРО МҚК-інің Феликс Дзержинский атындағы Жоғары шекаралық-командалық училищесін, КСРО МҚК-інің Қызыл Тулы институтын бітірген. 1972-1979 және 1982-1985 жылдары - КСРО МҚК-інің Шығыс шекара округі Зайсан шекара отрядының офицері, аға офицері. 1985-1987 жылдары - Шығыс шекара округі Күршім шекара отрядының бөлім бастығының орынбасары. 1987-1993 жылдары - Үшарал шекара отряды бастығының орынбасары - бөлім бастығы - жедел бөлім бастығының орынбасары, бастығы. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Шекара әскерлері штабы бастығының орынбасары - Ақпараттық-сараптама бөлімінің бастығы, Шекаралық бақылау бөлімінің бастығы. 1995-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі комитетінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі мемлекеттік комитетінің штаб бастығының орынбасары - Шекаралық бақылау басқармасының бастығы. 1998-1999 жылдары - Мемлекеттік шекараны қорғау күштері Бас штабы бастығының орынбасары, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Сыртқы қатынас қызметінің бастығы. 1999-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы ҰКК Шекара қызметі директорының орынбасары - Бас басқарманың бастығы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, КСРО-ның бірнеше медальдарымен, 2-ші дәрежелі «Шекара әскерлерінің үздігі» белгісімен, «Интернационалшы жауынгерге ризалықты ауған халқынан» медалімен марапатталған. МАУСЫМНЫҢ 12-СІ, ЖЕКСЕНБІ Бүкіләлемдік бала еңбегімен күрес күні. Халықаралық Еңбек ұйымы (ХЕҰ) 2002 жылы барлық елдерді қамтыған балалар еңбегіне және оның ең жайсыз түрлеріне тыйым салу үшін қозғалысқа көңіл аудару мақсатында маусымның 12-сін Бүкіләлемдік бала еңбегімен күрес күні деп жариялады. Нәтижесі 1999 жылдың 17 маусымында Халықаралық Еңбек ұйымы Бас конференциясының Женевадағы 87-ші сессиясымен қабылданған бала еңбегінің ең жайсыз түрлері туралы Халықаралық Еңбек ұйымының №182 және ең төменгі жас туралы № 138 Конвенциясын бекіткен елдердің саны арта түсуі болып табылған бұл қозғалысқа Бүкіләлемдік күн жаңа серпін бермек. Қазақстан бұл Конвенцияны 2002 жылдың 26 желтоқсанында ратификациялады. Ресей Федерациясының Мемлекеттік мейрамы - Ресей күні (1990). 21 жыл бұрын (1990) РКФСР халық депутаттары съезі Ресей Федерациясының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Декларация қабылдады. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қазанның 21-де орнатылды. Филиппин Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1898). Тынық мұхитының батыс бөлігінде Малай архипелагының бөлігі болып табылатын Филиппин аралдарында орналасқан мемлекет. Оңтүстігінде Сибуян (Целебеский), шығысында Филиппин, батысында Оңтүстік Қытай теңізімен шектеседі. Мемлекет 7100-ден астам аралда қоныс тепкен. Олардың ірілері - Лусон, Минданао, Самар, Негрос, Палаван, Панай, Миндоро, Лейте, Себу, Бохоль, Масбате аралдары, қалғандарының аумағы шағын. Әкімшілік жағынан 74 провинцияға бөлінеді. Астанасы - Манила қаласы. Ресми тілі - пилипино және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі - филиппин песосы. Елді Президент басқарады. Жоғарғы заң шығарушы органы Сенат және Өкілдер палатасынан тұратын екі палаталы парламент - Конгресс. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Қазақстан Республикасы мен Филиппин Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 25-де орнатылды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 157 жыл бұрын (1854) Сібір қырғыздарының (қазақтар) аймағы құрылды. Оның құрамына Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы аудандары кірді. Қазақстанда 1867-1868 жылдары жүргізілген реформалардан кейін таратылды. 147 жыл бұрын (1864) орыс әскерлері Түркістанды алды. Осы ұрыс кезінде полковник Николай Веревкиннің бұйрығымен қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесі атқыланып, кешеннің қабырғалары едәуір зақымданды. 125 жыл бұрын (1886) «Түркістан өлкесін басқару туралы» ереже шықты. 87 жыл бұрын (1924) РК(б)П Орталық Комитетінің Саяси Бюросы «Орта Азия республикаларын (Түркістанды, Бұхарды, Хорезмді) ұлттық межелеу туралы» қаулы қабылдады. Өлке халықтарының тілегін ескере келіп, Түрікмен мен Өзбек КСР-лері құрылды. Түркістанның қазақтары тұратын аудандарын Қырғыз (Қазақ) АКСР-мен біріктіру, РКФСР құрамында Қара Қырғыз (қырғыз) автономиялы облысын, Өзбек КСР-нің құрамында Тәжік автономиялы облысын құру қажет деп табылды. 86 жыл бұрын (1925) Қазақ өлкелік комитетінің РКП (б) хатшылығы қазақ пролетар жазушыларының ассоциациясын (ҚазААП) құру туралы шешім қабылдады. Бұл ассоциация жазушылардың дүниетанымының қалыптасуында, олардың саяси көзқарастарының анықталуында, әдебиетке жаңа күштерді тартуда, жазушылар мен ақындардың идеялық-көркемдік шеберлігін арттыруда маңызды рөл атқарды. 77 жыл бұрын (1934 жылғы маусымның 12-сі мен 18-і аралығы) Алматы қаласында Қазақстан жазушылар одағының 1-ші съезі өтті. 54 жыл бұрын (1957) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Екібастұзкөмір елді-мекенінің аты Екібастұз қаласы болып өзгерді. 19 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 11 жыл бұрын (2000) Алматыда жазушы Сәбит Мұқановтың ескерткіші ашылды. 4 жыл бұрын (2007) Екібастұз ГРЭС-інде қуаты 500 киловаттық жаңартылған №4 энергоблок іске қосылды. 2 жыл бұрын (2009) Қазақстанда алғашқы рет Австрияның бір тума сазгері Франц Шуберттің «Октет фа мажор» атты шығармасы орындалды. Концертті «А-Моторс» компаниясының Алматыдағы Nissan ресми дилерінің қолдауымен Халықаралық фаготистер қауымдастығының мүшесі, халықаралық байқаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның түлегі Жамбыл Мұхамбетжанов ұйымдастырды. 2 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң интеллектуалды мектептерiнiң дамуы туралы сарапшы-консультациялық кеңестің алғашқы мәжiлiсi болып өттi. Сарапшы-консультациялық кеңес «Өркен» АҚ-ның жанындағы зияткерлік мектептерде физика-математикалық және химия-биологиялық пәндерді тереңдетіп оқытуға бағытталған бiлiм беру ісіне ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету мақсатымен құрылған. 1 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев трансферттік баға белгіленіміне бақылау тетіктерін, сондай-ақ салық салу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгіленімі және салық салу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. ЕСІМДЕР 45 жыл бұрын (1966) Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары САПАРОВ Айдарбек Сейпiлұлы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданында туған. Омбы ауылшаруашылығы институтын, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын кеңшарда есепші болып бастаған. 1986-1995 жылдары Булаев ауданының ауылшаруашылығы кәсіпорындарының зоотехнигі, коммерциялық директоры. 1995-2003 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы «Ноғайбай» ЖШС директоры, бас директоры. 2003-2005 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы «Продкорпорация» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі директорының орынбасары. 2005-2006 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы «Продкорпорация» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі директорының бірінші орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстық аумақтық инспекциясының бастығы. 2006-2008 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының әкімі. 2008-2010 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың сәуірінен бастап істейді. «Құрмет» орденімен, «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. 45 жыл бұрын (1966) Қаржы полициясы академиясының бастығы, заң ғылымдарының докторы, тарих ғылымының кандидаты, профессор БӘШІМОВ Марат Советұлы дүниеге келді. Өскемен қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін және осы университеттің Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру орталығының аспирантурасын бітірген. 1995-1996 жылдары - «Hexal GMbH» фирмасының заңгері. 1996-1998 жылдары - Мәскеу мемлекеттік университеті Мемлекеттік басқару институтының ассистенті, аға оқытушысы. 1998-1999 жылдары - Ресей Федерациясы Адам құқықтары жөніндегі өкілдігі хатшылығының меңгерушісі. 1999-2001 жылдары - Еуразия ұлттық университетінің доценті, Мемлекет тарихы, теориясы және құқық кафедрасының меңгерушісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті хатшылығының меңгерушісі. 2002-2003 жылдары - Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры. 2004-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметінің секторы меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2000-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының профессоры. 2005 жылдан Еуропалық құқық сараптамалық институтының директоры, «Человек и закон» газетінің бас редакторы, «Құқық және саясат» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2010 жылдың қыркүйегінен бастап істейді. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның сараптамашысы, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы заң жобалау жұмысы жөнінде азаматтық заңнама бойынша ведомствоаралық комиссияның мүшесі. Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы), Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі, Астана қаласы Ішкі істер департаменті жанындағы қоғамдық кеңестердің мүшесі. Қазақстан халықтар Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшесі, Астана қаласы Қазақстан халықтарының кіші Ассамблеясының мүшесі, Қазақстанның электрондық және баспа БАҚ бас редакторлар клубының мүшесі, «Нұр-Отан» ХДП жанындағы құқықтық саясат жөніндегі кеңесінің мүшесі. Шетелдердің конституциялық құқығы, еуропалық интеграцияның құқықтық проблемалары, адам құқығының жалпы теориясы саласының маманы. 150-ден астам ғылыми жұмыстары, соның ішінде 6 монографиясы жарияланған. Білім беру туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына жауапты болды және «Адам құқығы жөнінде уәкілеттілігі туралы» және «Ноториат туралы» Заң жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін