ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
85 жыл бұрын (1928) Қызылордада «Ленинская смена» атты жастар газетінің (қазіргі «Экспресс-К» республикалық газеті) алғашқы саны жарық көрді.
66 жыл бұрын (1947) Өскемен мырыш зауыты іске қосылды.
7 жыл бұрын (2006) Қазақстан мен Үндістанның әскери альпинистер тобы Ладакхедегі 7140 метрлік Нун шыңына көтерілді. Бұл екі елдің шыңға өрмелеушілерінің бірлесіп жасаған алғашқы шарасы. 34 адамнан тұратын аталмыш экспедицияға Үндістан Қарулы Күштерінің подполковнигі А.Гот жетекшілік жасады. Оған Қазақстаннан аға лейтенант Тахир Алпысов пен Рүстам Жорабаев және сержант Юрий Горбунов, Сергей Самойлов, Александр Рудаков пен Дмитрий Чумаков қатысты.
76 жыл бұрын (1937) Алматыда қалалық хайуанаттар бағы ашылды.
Бүгінгі күні хайуанаттар бағында 3 мыңнан астам жануарлар мен құстардың 500 түрі бар. Ол қала қонақтары мен тұрғындарының демалатын және көз тартатын орындарының біріне айналды.
43 жыл бұрын (1970) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қостанай облыстық атқару комитетінің әділет бөлімі құрылды. Бірінші бастығы болып Ертай Делмағамбетұлы Баймұхамбетов тағайындалды.
12 жыл бұрын (2001) Астанада ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Венгрия мен Қырғызстанның Төтенше және Өкілетті елшілері Миклош Яцкович пен Жұмағұл Сааданбеков сенім грамоталарын табыс етті.
8 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Ресейдің, Шығыс Еуропаның және Орталық Азияның, Қытай Халық Республикасының қоғамдық ғылымдар Академиясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары достастық мемлекеттер арасындағы сауда және қаржы-экономикалық қарым-қатынасты кеңейту болып табылады.
Зерттеу орталықтары мамандар арасындағы біріккен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр, олар кездесулер аясында жүріп жатқан ғылыми шаралар туралы ақпарат алмастыра алады.
8 жыл бұрын (2005) Шымкент археологтары Оңтүстік Қазақстанның Ордабасы ауданында көне жазба ескерткіштерінің бөлшектерін тапты.
Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жәдігерлер біздің дәуіріміздегі І-VI ғасырлардан жетіп отыр. Сол дәуірде Ежелгі Шығыс мемлекеттерінде қыш тақталарға жазу тәсілі кеңінен тараған. «Мирас» университетінің археологиялық отряды күйдірілген қыш тақтасын Арыс өзені алқабында орналасқан Қылымжар деген жердегі көне қоныстан тапты. Табылған қыш тақтада төрт қатар етіп жазылған 15 таңба анық көрінеді.
6 жыл бұрын (2007) Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданының Игілік ауылында жаңа мешіт ашылды.
6 жыл бұрын (2007) Алматыда британдық «Хэйлибэри» мектебінің құрылысының іргетасына капсула қалау рәсімі өтті.
ТМД-дағы бұл алғашқы британдық орта мектеп «Хэйлибэри Алматы» деп аталатын болады. Оқуды аяқтаған оқушылар орта білім бітіргені жөніндегі сертификатты — IGCSE (International General Certificate of Secondary Education) және халықаралық бакалавр дипломын алады.
4 жыл бұрын (2009) Талдықорғанда Алматы облысы Ішкі істер департаментінің ғимаратында Жедел басқару орталығы ашылды.
Ішкі істер органдарын техникалық қайта жарақтау және ақпараттық қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламасы аясында Ішкі істер министрлігі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған полиция қызметінің жаңа тұжырымдамасын белсенді және мақсатты жүзеге асырып отыр. Жедел басқару орталығы қалада орын алатын кез-келген оқиғаға: жеке тұлғалардың шағымдарынан бастап бүкіл қалаға қатысты төтенше жағдайларға үн қататын болады.
ЕСІМДЕР
105 жыл бұрын Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, Социалистік Еңбек Ері ӘЛІБЕКОВ Ысқақ (1908-1982) дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Ғ.Мүсірепов ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алматы мемлекеттік медицина институтын (қазіргі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген. 1942-1943 жылдары Еңбекшілдер, Рузаев аудандық ауруханаларында, Ақмола, Петропавл қалаларындағы облыстық денсаулық бөлімшелерінде істеген. 1943-1946 жылдары Германиядағы Кеңес Армиясының госпиталін басқарып, бригада дәрігері болған. 1946-1953 жылдары Рузаев аудандық ауруханасын, 1953-1958 жылдары Көкшетау облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқарған. 1958-1973 жылдары Алматы облысындағы Қарғалы емханасының меңгерушісі қызметін атқарған.
«Ленин», 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған.
75 жыл бұрын (1938) химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты НҰРАХМЕТОВ Немеребай дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Осы білім ордасында аға лаборант, стажер-зерттеуші, аспирант, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, дайындық бөлімшесінің деканы қызметтерін атқарған. 1991-1997 жылдары — Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім беру проблемалары институтының директоры. 1997 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бейорганикалық химия кафедрасында профессор болып істеген. Ғалымның 350-ден аса ғылыми еңбегі, соның ішінде 1 монографиясы жарияланған.
98 жыл бұрын (1915-2002) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Ғылым Академиясының, Қазақстан Республикасының Медициналық алдын алу академиясының академигі БЕКЛЕМИШЕВ Николай Дмитриевич дүниеге келді.
Мәскеу облысында туған (Ресей). Вильно (Польша) университетін бітірген.
1939-1949 жылдары — дәрігер, емдеуші инспектор, дәрігерлік бөлімнің меңгерушісі. 1949-1972 жылдары — Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1972-2002 жылдары — Қазақ эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары әрі бөлім меңгерушісі, ғылыми консультанты, құрметті директоры.
Негізгі ғылыми еңбектері иммунология және аллергология мәселелеріне арналған. Ол адам денесінің аллергендерге деген сезімталдығын зерттеп, тыныс жолының аллергендік ауруларын анықтау тәсілдерін жетілдіріп, бруцеллез микробы тудыратын аллергендік реакцияның табиғи сырын ашты. «Хронический бруцеллез», «Курорт Боровое», «Кортизон и его производные в клинике», «Инфекционная аллергия», «Руководство к диагностике, лечению и предупреждению человеческого бруцеллеза» (1982 жылы ағылшын тілінде шыққан), «Аллергия к микробам в клинике и эксперименте», «Иммунотерапия при аллергии к микробам», «Поллинозы» атты кітаптардың авторы.
Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
88 жыл бұрын (1925-1984) қазақстандық геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы ЕФИМОВ Игорь Андреевич дүниеге келді.
Ресейдің Смоленск облысында туған. Кишинев мемлекеттік университетін бітірген.
1955-1958 жылдары — Қазақ минералдық шикізаттар ғылыми-зерттеу институтының минералогия-петрография зертханасының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі. 1958-1964 жылдары осы институттың қара металлдар секторының аға ғылыми қызметкері. 1964-1965 жылдары — Ауғанстандағы кеңес геологтары тобында бөлімнің меңгерушісі. 1965 жылдан — Қазақ минералдық шикізаттар ғылыми-зерттеу институтында зертхана меңгерушісі болған.
Ғылыми еңбектері минералдық шикізатты зерттеудің методикалық мәселелеріне арналған. «Методы выделения мономинеральных фракций», «Древнейшие породы Казахстана и Северной Киргизии» атты еңбектері жарық көрген.
53 жыл бұрын (1960) Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрының меццо-сопрано дауысты әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, М.Глинка атындағы халықаралық әншілер байқауының лауреаты ИЩАНОВА Сара дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театры жанындағы опера студиясын, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы музыкалық училищесін, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1990 жылдан бастап Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры құрамының соло-әншісі. Осы театрдағы алғашқы партиясы — Любаша (Н.Римский-Корсаков «Патша қалыңдығы»). Бұдан кейін Граф әйелі, Ольга (П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі»,«Евгений Онегин»), Амнерис («Аида» Дж.Верди), Флора («Травиата» Дж.Верди), Азучена («Трубадур» Дж.Пуччини), Кармен («Кармен» Ж.Бизе), Марта («Фауст» Ш.Гуно), Маддалена («Риголетто» Дж.Верди), тағы басқа орыс және шет ел классиктерінің опера партияларын кемеліне келтіре орындап, шығармашылық концерттерге белсене қатысқан. Гастрольдік сапармен Қытай мен Түркияда, Мәскеу, Санкт-Петербор қаларында болып, өнер көрсетті.
72 жыл бұрын (1941-2003) техника ғылымының докторы, профессор РАХИМОВ Есентай Рахимұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысының Көктерек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым Академиясы Мәскеу мемлекеттік машинатану ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің ассистенті болып бастап, өмірінің соңына дейін осы оқу ордасының аға оқытушысы, аға ғылыми қызметкері, доценті, факультет деканы, кафедра меңгерушісі, теоретикалық және қолданбалы математика кафедрасының профессоры болған.
Ғалымның 130 ғылыми еңбегі, оның ішінде 5 монографиясы, 6 оқу құралы және бірнеше ғылыми шығармалары бар. Көптеген шығармалары Ұлыбританияда, Италияда, Испанияда, Югославияда, Үндістанда, Болгарияда, Германияда және ТМД елдерінде жарық көрген. 8 техника ғылымының кандидатын даярлаған.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
248 жыл бұрын (1765-1833) поляк, беларус және ресей саяси қайраткері ОГИНСКИЙ Михаил Клеофас дүниеге келді.
114 жыл бұрын (1899-1921) ақын ІЗТӨЛИН Баймағамбет Қанапияұлы дүниеге келді.
Ақмола губерниясы, Петропавл уезі, Аққұрсақ болысы, Шәліңке ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы) туған. Пресногорьков мектебінде, Троицкідегі «Уазифа» медресесінде оқыған. Өлең жазумен жастайынан айналысады. «Ала топырақ», «Жалғыз жілік», «Өкпеге жауап», «Өмірім», «Соғыс», «Айым мен күніме» сияқты жырлары ақын атағын шығарады.
Петропавл қаласында мұсылман бюросы мен қазақ-татар клубында жұмыс істейді. Федоров аудандық оқу бөлімінің нұсқаушысы болады. 1921 жылы кулактар көтерілісі кезінде қайғылы қазаға ұшыраған.
Шығармалары: Өмірі мен шығармалары (Құрастырып, кіріспе сөзін жазған Сәбит Мұқанов), А., ҚМКӘБ, 1957; Таң сәулесі. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1981.
50 жыл бұрын (1963) «Қазақстанның халық банкі ЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымы АРЫСТАНБЕКОВА Кәмиля Валерийқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы ауылшаруашылық институтының «Қаржы және несие» факультетін бітірген (1984), экономист. 1984 жылдың қыркүйегінен — ҚазКСР Министрлер кеңесінің жанындағы Басалматықұрылыстың сметалы-келісімді бөлімінің инженері . 1985 жылдың желтоқсанынан — Алматы ауыл шаруашылығы институтында аға лаборанты, 1990 жылдың қазанынан — банк жұмысын ұйымдастыру кафедрасының оқытушысы, 1990 жылдың желтоқсанынан — банк жұмысын ұйыдастыру кафедрасының аспиранты. 1991 жылдың қаңтарынан- «Alem Bank Kazakhstan» ЖАҚ операциялық басқарманың халықаралық сауда есебі бөлімінің экономисі , жетекші экономисі , 1992 жылдың желтоқсанынан — жобалы қаржылау және басқа несиелік желілерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы. 1994 жылдың мамырынан — «Эксимбанк Қазақстан» ЖАҚ басқарма басшысының орынбасары, 1995 жылдың мамырынан — шетел несиелеріне қызмет көрсету департаментінің директоры. 1995 жылдың қазанынан — «АТФ банк » АҚ коммерциялық басқармасының басшысы, 1996 жылдың қыркүйегінен — басқарма төрағасының орынбасары. 1999 жылдың қыркүйегінен — «Қазақстан ұлттық банкі» ҰЗҚ» АҚ президенті , 1999 жылдың қаңтарынан бері — басқарма төрағасы.
«Қазақстан темір жолына 100 жыл» мерейтойлық медалімен (2004), Қазақстандық сапа ассоциациясының «Қазақстандағы сапаның дамуына қосқан жоғарғы үлесі үшін медалімен және дипломымен (2007); ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрмет грамотасымен6 «XXI ғасырға жалпылама сапамен» қазақстандық конкурсының қорытындысы бойынша басқарудың үздік жүйесі үшін Қазақстанның сапа ассоциациясының «Үздік топменеджер» дипломымен (2005) марапатталған.
48 жыл бұрын (1965) ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төрағасы ӘБІШЕВ Бақыт Шалқарұлы дүниеге келді.
Шымкент қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заңгер.
1990-2005 жылдары — ОҚО Сайрам ауданы сот отырысының хатшысы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, алматы облыстарында прокуратура органдарының қызметкері, Жамбыл облыстық прокуратурасының басқарма бастығы, Т.Рысқұлов атындағы аудан прокуроры, Тараз қаласы прокурорының міндетін атқарушы. 2005-2007 жылдары — Қарағанды облысы әділет департаментінің бастығы. 2007-2008 жылдары — ҚР Әділет министрлігі Тіркеу комитеті төрағасының орынбасары. 2008-2009 жылдары — 2008-2009 жылдары — ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары. 2009 жылы — ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төрағасы, ҚР Жоғарғы соты Аппараты бөлімі төрағасының кеңесшісі. 2009-2010 жылдары — ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы. 2012-2013 жылдары — ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитетінің төрағасы. Қазіргі қызметінде — 2013 жылғы сәуірден бері.
«Астананың 10 жылдығы» медалімен, ҚР Құрмет грамотасымен марапатталған.
38 жыл бұрын (1975) «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары — вице-президенті ТІЛЕБАЛДИНОВ Қайрат Рахатұлы дүниеге келді.
Қазақстанда туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. 1998-2000 жылдары — «Казкоммерц Секьюритиз» АҚ талдамашысы; 2002-2005 жылдары — «Іскерлік бастамалар орталығы» ЖШС консультанты; 2005-2006 жылдары — «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас менеджері. 2006-2007 жылдары — «ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис Лтд» аймақтық директорының көмекшісі (жоба менеджері). 2010-2010 жылдары — «Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, басқарма төрағасы. 2011-2012 жылдары — ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде — 2012 жылғы шілдеден бері.
107 жыл бұрын (1906-1975) ұлы орыс композиторы ШОСТАКОВИЧ Дмитрий Дмитриевич дүниеге келді.
64 жыл бұрын (1949) испан кинорежиссері Педро Альмодовар КАБАЛЬЕРО дүниеге келді.
117 жыл бұрын (1896-1990) итальян саясаткері-социалист, 1978-1985 жылдардағы Италия президенті Алессандро (Сандро) ПЕРТИНИ дүниеге келді.