30 қаңтар. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 518.81
  • 596.27
+24 °C
Алматы
2025 Жыл
19 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
30 қаңтар. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

30 қаңтар. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

30 қаңтар СӘРСЕНБІ

  • 30 Қаңтар 2013
  • 812
Фото - Caravan.kz

Әзiрбайжанда кеден қызметкерлерiнiң күнi. 1997 жылғы қаңтардың 10-да Әзірбайжан Президентінің Жарлығымен бекітілген. Жыл сайын аталып өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кірді.

7 жыл бұрын (2006) Астанада Марат Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным — Жұмекен» атты кітабының таныстырылымы өтті.

7 жыл бұрын (2006) «Ана тілі» баспасынан Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші Мәлік Ғабдуллиннің «Алтын жұлдыз» атты естелік кітабы жарық көрді. Бұл жинаққа қаһарман ғалымның әскери шығармалары топтастырылған. Аталған жинақты құрастырып, алғы сөзін филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов жазған. Сонымен қатар осы баспадан Серік Негимовтың «Қазақтың сал-серілері» атты жаңа кітабы оқырмандармен қауышты. Ғалымның аталған зерттеу еңбегіне Сегіз сері, Ақан сері, Біржан сал сынды қазақтың белгілі тұлғаларының өмірі мен шығармалары енгізілген.

6 жыл бұрын (2007) Мәскеу монета сарайы қасиетті Құран кітабын алтыннан жасап шығарды. Коммерциялық фирмалардың бірінің тапсырысы бойынша дайындалған мұсылмандардың басты кітабының мұндай данасының бірінші иегері Ресей президенті Владимир Путин болды. Алтын Құранның нақты бағасы жария етілмеген. Тек «бірнеше ондаған миллион рубль» туралы сөз болғаны белгілі. Кітапты жасауға 14 килограмм 999-шы сынамалы алтын жұмсалған. Құранда араб қарпімен жазылған 163 алтын парақ бар. Олардың биіктігі — 14 см, ені — 10 см. Кітаптың басылуын «Әлемдік саяхат» жарнама фирмасының осы жоба үшін арнайы құрылған еншілес кәсіпорны қаржыландырған. Басылымға қасиетті кітаптың VIII ғасырда жазылған көне қолжазбасы түпнұсқа ретінде алынған. Қасиетті кітаптың 10 көшірмесін жасау көзделген. Олардың барлығы ислам негізгі дін болып табылатын мемлекеттердің басшыларына сыйға тартылады.

13 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев түркі тілдес елдердің мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесі ТҮРКІСОЙ-дың XVII отырысына қатысушылармен кездесті. Кездесуде ұйым алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер талқыланды.

13 жыл бұрын (2000) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің депутаттары Қазақстан мен Қырғызстан үкіметі арасындағы Шу және Талас өзендерінің су шаруашылық құрылымдарын екі мемлекеттің тең пайдалануы туралы келісімін талқылады.

9 жыл бұрын (2004) Ресей Федерациясының Омбы қаласында қазақтың ұлы ғалымы, этнограф Шоқан Уәлихановқа ескерткіш орнатылды.

Ескерткіш Омбыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы көшеге орнатылды. Мүсін авторы — Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, доцент Азат Баярлин.

6 жыл бұрын (2007) Мәскеудің «Вече» баспасында шығысқазақстандық журналист, тарихшы-зерттеуші, облыстық «7 күн» газетінің бас редакторы Вадим Обуховтың «Схватка шести империй. Битва за Синьцзян» атты кітабы жарық көрді.

Жаңа кітап «ХХ ғасырдың әскери құпиялары» топтамасымен басылып шықты.

37 жыл бұрын (1976) Бозашы бөлігінің солтүстік еңісінде орналасқан Қаламқас мұнай-газ кен орны 1976 жылы ашылған. 1976 жылы БА-15Н жеңіл өзі жүретін бұрғылау станогы қатты аязда Қаламқас үстіртінің солтүстік қанатына жеткізілді (бұрғылама шебері А.Волочев). 1976 жылғы қаңтардың 30-ында К-1 скважинасынан 587 метрлік тереңдіктен газ шықты. 1979 жылғы тамыздың 23-інде өнеркәсіптік мұнай-газ шығарыла басталды, ал 1980 жылдың қаңтарында Қаламқас мұнайының бірінші танкері Бакуге жіберілді. 2005 жылғы маусымның 6-ында «Қаламқасмұнайгаз» кен орнының өнеркәсіптік басқармасы жүз миллион тонна мұнай шығарды.

5 жыл бұрын (2008) Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне Еуропалық бизнес қауымдастығының «Еуропалық сапа» атты Халықаралық сыйлығы тапсырылды. Сонымен қатар, аталған оқу орнының ректоры белгілі ғалым-түркітанушы Шәкір Ибраев Еуропадағы ықпалдастықты дамытуға қосқан үлесі үшін «Біріккен Еуропа» атты халықаралық сыйлықты бірінші рет алды.

5 жыл бұрын (2008) Ақордада Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Бурабай» курорттық аумағын дамыту жобасы таныстырылды. «БФ Глобал» түрік компаниясы жасаған жоба Щучье көлінің жағасында әлемдік деңгейдегі туристік-ойын-сауық кешенін құруды қарастырады. Онда қазіргі заманғы талаптарға сай 3700 нөмірлік 9 қонақ үй салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жалпы ауданы 21 мың шаршы метрден асатын ойын-сауық және сауда орталықтары салынады. Кешенге бірнеше казино, 700-ден астам жеке меншік коттедждер мен 1620 пәтерлік 4-5 қабаттан тұратын тұрғын үйлер кіреді. Жобаны жүзеге асыру «Бурабай» курорттық аумағын танымал жазғы және қысқы демалыс орны ретінде дамытуды көздейді. Гольф-клубтар, ат-спорт орталығы, шыңға өрмелеуге арналған учаскелер осында әлемнің түпкір-түпкірінен туристерді тартады. Қыста демалуды сүйетіндер үшін онда мұз айдындары, шаңғы жолбағыттары мен осы заманғы көтергіштері бар тау шаңғысы жолдары ұйымдастырылады. Жобаны 5 кезеңге бөліп, 12 жылда жүзеге асыру жоспарланып отыр. Президент жобаны жасаушыларға курорттық аймақтың көлік инфрақұрылымын салу қажеттігін ескертті. Елбасы «Бурабай» курорттық аумағы Қазақстанның інжу-маржаны екендігін атап өтті. Ормандарды қолдан келгенше сақтап, шабылған ағаштардың аумағын қалпына келтіру қажет.

ЕСІМДЕР

65 жыл бұрын (1948) Халықаралық бизнес университетінің ректоры, «Халықаралық битзнес университетінің хабаршысы» журналының редакторы, экономика ғылымының докторы, профессор, «Еуразия» Халықаралық энергетика академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі ГАМАРНИК Геннадий Николаевич дүниеге келді.

Ресейде туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Аталмыш білім ордасының оқытушысы, аға оқытушысы, деканның орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия комитетінің хатшысы, доценті қызметтерін атқарған. 1988-1992 жылдары — Қазақ агроөнеркәсіп кешендерін басқару республикалық жоғары мектебінің проректоры, Қазақстан Республикасы Жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және монополиялық қызметті шектеу жөніндегі мемлекеттік комитеті бас басқармасының бастығы. 1992-1995 жылдары — Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің проректоры, бірінші проректоры. 1995-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті аппаратының бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Білім министрінің бірінші орынбасары. 1997-2000 жылдары — Семей мемлекеттік қаржы институтының ректоры. 2000-2003 жылдары — Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры. 2003 жылдан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым бірінші вице-министрі. 2006 жылдан — қазіргі қызметінде.

«Құрмет орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

50 жыл бұрын (1963) «Казахстанская правда» газеті бас редакторының бірінші орынбасары ВОЛКОВ Сергей Анатольевич дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және монополиялық қызметті шектеу жөніндегі мемлекеттік комитетінің сектор меңгерушісі болған. 1992-2004 жылдары — «АБВ», «Караван», «Деловая неделя», «Новое поколение» газеттерінің шолушысы, «Бизнес-Класс», «Неделя», «Портрет недели», «Политбюро», «Профи» теледидарлық бағдарламалардың авторы әрі жүргізушісі, «Когда мы вместе», «Экспертиза» бағдарламаларының бас редакторы қызметтерін атқарған. 2004-2005 жылдары — «Казахстанская правда» газеті бас редакторының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді. Ол Қазақстан басылымдарында жарық көрген 900-ден астам журналистік материалдың, 20-ға жуық деректі видеофильмдер сценарийінің және 5 авторлық телебағдарламаның авторы.

75 жыл бұрын (1938) Өзбекстан Республикасының Президенті, Өзбекстан Ғылым академиясының академигі, Өзбекстан Батыры КАРИМОВ Ислам Абдуғаниұлы дүниеге келді.

Өзбекстанда туған. Ортазия политехникалық институтын, Ташкент халық шаруашылығы институтын бітірген. 1961-1966 жылдары — Ташкент авиация зауытының жетекші инженері, құрастырушысы. 1966-1983 жылдары — Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1983-1986 жылдары — Өзбекстанның қаржы министрі. 1990 жылы наурыздың 24-інде Өзбекстанның Президенті болып сайланған, сонымен қатар Министрлер Кабинетіне де басшылық жасаған. 1995 жылы өткен бүкілхалықтық референдум шешімімен Каримовтың президенттік уәкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылған. Ал 2000 жылы өткен бүкілхалықтық сайлауда Каримов Өзбекстан Республикасының Президенті болып қайта сайланған. Ол тәуелсіз мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйелерін қалыптастыруға, оның халықаралық қарым-қатынастарын орнықтыруға, ішкі тыныштық пен татулық ахуалды орнатуға көп үлес қосқан. Сыртқы саясатта ТМД-ның, түркі халықтары мемлекеттері басшыларының саммиттерін, кездесулерін белсенді ұйымдастырушылардың бірі ретінде танылған. Қазақстанда достық сапармен бірнеше мәрте болған. Екі ел арасындағы туысқандық қарым-қатынасты жетілдіріп, жақсарта түсу үшін Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевпен көптеген кездесулер өткізген. 1997 жылы Қазақстанның «Алтын қыран» орденімен марапатталған.

99 жыл бұрын (1914-1937) жазушы ЕРУБАЕВ Саттар дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. Алдымен ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан. Түркістан жетіжылдық мектебін бітіріп, сонда аудандық комсомол комитетінде біраз уақыт қызмет істеген. Алматыдағы жоғары оқу орындарына түсуге даярлайтын арнайы курсты, Ленинградтың тарих-философия-лингвистика институтын бітірген. 1933 жылы «Орыс неоромантизмі және қазақтың ұлттық әдебиеті» деген тақырыпта диплом қорғап, аспирантурада қалдырылды. Бірақ Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің арнайы шақыртқан телеграммасымен елге оралды. Алдымен «Ленинская смена», кейіннен «Лениншіл жас» газетінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Мұнымен қатар Алматыдағы жоғары ауыл шаруашылығы мектебінің философия кафедрасында ассистент болып, лекция оқыды. Біраз уақыт «Лениншіл жас», «Қарағанды пролетариаты» газеттерінде жауапты редактордың орынбасары болды. Өзінің болашақ романы — «Менің құрдастарымның» материалын осы кезеңде дәл осы жердегі өмірден жинақтаған. Ол Қазақстан жазушылары одағының I съезіне делегат болып қатысып, одақтың мүшелігіне алғаш қабылданғандардың бірі. 1935 жылы Алматыға оралып, Ленинград университетінің аспирантурасына түсуге дайындалды. Бірақ меңдеп кеткен ауруы оның оқуына еркіндік бермеді. Қазақ педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасына доцент боп орналасып, әдебиет тарихы мен теориясынан дәріс оқыды. Осы кезде «Менің құрдастарымды» жазып жүрді. Толық аяқтап үлгермегенмен, «Менің құрдастарым» романымен, көркем әңгіме, новеллаларымен прозашы ретінде, суреттеме-очерк, мақалалары арқылы — публицист, өлең-жыр, балладалары, эпиграмма, пародиялары арқылы ақын ретінде ол туған әдебиеті тарихынан өз орнын алды. 1966 жылы «Менің құрдастарым» романы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді.

99 жыл бұрын (1914-1986) кинооператор, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері БЕРКОВИЧ Марк Исаакович дүниеге келді.

Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. 1937-1956 жылдары «Мосфильм» және «Моснаучфильм», ал 1956-1986 жылдары «Қазахфильм» студияларында қызмет етті. Шәкен Аймановпен шығармашылық бірлікте болып, ол қойған «Біз осында тұрамыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Әнші ауыл», «Алдаркөсе», «Тақиялы періште», «Найзатас баурайында» фильмдерін, сондай-ақ «Асау Ертіс жағасында», «Ән қанаты» атты көркем фильмдерді түсірді. Ол «Бес жылдан кейін», «Мұқанның қайта тууы», «Алматы», «Алғашқы гүлдер», «Жаңа жылыңызбен», «Шәкен Айманов», «Түсті металургия», «Жаңа алаң» тағы басқа ғылыми-көпшілік және хроникалық-деректі ленталардың түсірушісі және қоюшысы болды. «Аяқталмаған өмір киноленталары» атты естелік кітабы жарық көрген.

2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және медальдармен марапатталған.

113 жыл бұрын (1900-1955) кеңес композиторы, Ресей халық әртісі ДУНАЕВСКИЙ Исаак Осипович дүниеге келді.

Украинаның Полтава облысында туған.

Харьков консерваториясын бітірген.

«И нашим, и вашим», «Женихи», «Ножи», «Золотая долина», «Соломенная шляпка», «Дороги к счастью», «Вольный ветер» оперетталардың, «Отдых фавна», «Мурзилка», «Невеста и автомат» балеттерінің, «Летите, голуби», «Вечер вальса», «Школьный вальс», «Молчание», «Не забывай» әндерінің және көптеген спектакльдерге, мультфильмдерге, кинофильмдерге арналған музыкалардың авторы.

Екі мәрте Сталиндік сыйлықтың иегері.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Оның есімімен Мәскеу, Липецк, Новосібір, Алматы қалаларындағы көшелер аталған.

68 жыл бұрын (1945-1990) қазақ ақыны ЖАҚЫПБАЕВ Жұматай Сағадиұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған.

Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет) бітірген.

Талдықорған облыстық газетінде, «Жалын» баспасында, «Жалын» журналында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген.

Қазақ өлеңіне нәзік те сырбаз сезімге, сырлы суретке толы, әсем нақышпен өрнектелген қанық бояулы жырлар әкелді. «Саратан», «Ләйлә», «Шұғынық гүл төркіні» жыр жинақтарында туған жердің көркем табиғатын, махаббат пен сұлулықты жырлады. Ақын дүние салғаннан кейін жарық көрген «Көктемгі хаттар» өлеңдер жинағы оқырман қауымының ілтипатына бөленді.

57 жыл бұрын (1956) тарих ғылымының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан Республикасының тарихы кафедрасының меңгерушісі АЛТАЕВ Асқар Шауқатұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1979-1980 жылдары — Қазақ КСР Ғылым академиясы тарих, археология және этнография институтының лаборанты. 1980-1981 жылдары — КСРО Ғылым академиясы КСРО тарих институтының стажер-зерттеушісі. 1981-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының кіші ғылыми қызметкері, ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, аспиранты, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі. 1999-2008 жылдары — Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің факультет деканы қызметтерін атқарған. 2008 жылдан — қазіргі қызметінде.

«Социальное развитие рабочих Карагандинского угольного бассейна в 1970-1980-е гг.», «Социальное развитие рабочих промышленности Казахстана» кітаптарының авторы.

52 жыл бұрын (1961) Павлодар облысы Май ауданының әкімі ПІШЕНБАЕВ Нығман Құдайбергенұлы дүниеге келді. Павлодар облысы Май ауданында туған. Семей зооветеринарлық институтын, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін бітірген. 1983-1984 жылдары — Семей облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал дәрігері. 1984-1991 жылдары — Павлодар облысы Май ауданы станциясының мал дәрігері, Май ауданы «Белогор» кеңшарында бас мал дәрігері. 1991-1997 жылдары -Павлодар облысы Май ауданы «Қызыл-Құрама» кеңшарының директоры, Павлодар облысы Май ауданының әкімнің бірінші орынбасары — АӨК-нің департамент бастығы, 1997-2000 жылдары — Павлодар облысы ветеринария комитетінің жетекші маманы, Павлодар ауданы әкімнің бірінші орынбасары — Павлодар облысының Павлодар ауданының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. 2000-2009 жылдары — Павлодар облысы Ақтоғай ауданының әкімі. 2009-2010 жылдары Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

2010 жылдың наурыз айынан — қазіргі қызметінде.

73 жыл бұрын (1940) Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музвыкалық-драма театрының әртісі ЖҮНІС Шәміл Сыздықұлы дүниеге келді.

Челябі облысының Бреды стансасында (РСФСР) туған. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры жанындағы театр студиясын бітірген. 1960 жылдан — С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының (Қарағанды) әртісі.

Қазіргі қызметінде — 1990 жылдан бері.

«Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері», «Астананың 10 жылдығы» медальдармен марапатталған. Қазақстанның және халықаралық театр фестивальдарының лауреаты.

51 жыл бұрын (1962) Иорданияның 1999 жылдан бері королі АБДАЛЛА II дүниеге келді.

131 жыл бұрын (1882-1945) АҚШ-тың 1933-1945 жылдардағы 32-ші президенті Франклин Делано РУЗВЕЛЬТ дүниеге келді.

90 жыл бұрын (1923-1993) кеңестік кинорежиссер, сценарист, актер, КСРО халық әртісі ГАЙДАЙ Леонид Иович дүниеге келді.