Жарияланды: 780

5 ай бойы Қазақстанды жаяу аралап шыққан Ризабек Еламанов Павлодарға оралды

5 ай бойы Қазақстанды жаяу аралап шыққан саяхатшы Ризабек Еламанов жұбайы Айсұлумен бірге Павлодарға оралды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі. Отбасылық жұптың саяхаты 161 күнге созылып, осы мерзімде Р.Еламанов 6960 шақырым, ал Айсұлу 6312 шақырым жолды жаяу жүріп өтті.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 31 жастағы Ризабек пен 28 жастағы Айсұлу Еламановтар отбасы еліміз аумағын жаяу айналып өту мақсатымен 1-маусымда Павлодардан шыққан. Отбасылық жұп қалаға 17-қарашада қайтадан оралуды жоспарлаған болатын. Алдын-ала жорамал бойынша жолдың жалпы ұзындығы 6960 шақырымды құрауы тиіс еді. Өздерінің жаяу сапарын Павлодар облысының 65-жылдығына арнаған Еламановтар Гиннес кітабы үшін ректорд тоқтатуды көздеген. Сапарға шықпас бұрын Еламановтар осы жөнінде Гиннес кітабына өтінім жолдағандықтан, олардың сапарын арнайы бақылаушылар қадағалады. Сапар мрзімінде Еламановтар бейнекамера мен фотоаппарат тәрізді мүліктерін тартып алуға жасалған бұзақылардың шабуылына 8 мәрте душар болған. Алайда, саяхатшылардың айтуынша, еліміздің көптеген елді мекендерінің тұрғындары оларды жылы шыраймен қарсы алып, қонақжайлық танытыпты. Сапар барысында Айсұлу "ағзаның әлсіреуі, дене салмағының шамадан тыс кемуі" деген диагнозбен үш мәрте әртүрлі ауруханаларға түскен. Алайда, жолдасын ұдайы машинамен қуып жетіп отырған әйел сапарды одан әрі жалғастыра беріпті. Осы мерзімде Айсұлу 17 килограммға арықтаған. 29-қазаннан бері Павлодар топырағына аяқтары тиген саяхатшыларды әртүрлі елді мекендерден жолай қосылған жолсеріктер қалаға дейін шығарып салды. Еларамановтар осы орайда " алдағы жылы Меккеге қажылық сапармен барып қайтуға ниет еткендерін " хабарлады. Бұрын тарих мұғалімі болған Р.Еламанов жаяу саяхаттан бұған дейін де тәжірибе жинақтаған. Еламановтар отбасы 2, 4 және 6 жастағы үш қыз тәрбиелейді. Павлодар облыстық туризм және спорт департаментінен хабарлағанындай, бүгін С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетінде саяхатшылардың облыс әкімі Қ.Нұрпейісовпен, Павлодар Мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арынмен және студенттермен кездесуі өтеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін