«Ағза алмастыруға мұқтаж науқастар біздің елімізде өте көп. Бұрын ол қолжетімсіз болып келген еді. Енді мамандардың біліктілігін көтеру үшін Еуропа мен Азиядан білікті мамандарды шақырып отырмыз. Мақсат шет елдердің озық тәжірибесін қысқа мерзімде өз елімізде енгізу. Бұл бағытта осы жолы Нидерланды мен Жапония, Беларусь елдерінің білікті мамандары шеберлік дәрісін жүргізеді. Мәселен 17 қыркүйек күні біздің орталықтағы 10-шы бауыр алмастыру операциясы жасалады. Онда 48 жастағы анасы 16 жастағы қызына өз бауырын береді», — дейді трансплантолог Данияр Тоқсанбаев. Орталықтың бөлім меңгерушісінің айтуынша, онда ағза алмастыру 1978-79 жылдардан бері жүргізіліп келе жатыр. Бұған дейін 600-ден астамның бүйрегі, 9 адамның бауыры мен 1 адамның жүрегін алмастыру операциясы жасалды. Қазір туыстық донорларының келісімімен операцияны Қазақстанда жасауға шет мемлекеттерден де өтініштер көп түсіп жатқан көрінеді.