Air Astana ұшағы Астанадан ұшып шыққаннан кейін қозғалтқышы істен шыққанын хабарлады - kaz.caravan.kz
  • $ 463.41
  • 546.27
+32 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Air Astana ұшағы Астанадан ұшып шыққаннан кейін қозғалтқышы істен шыққанын хабарлады

Air Astana ұшағы Астанадан ұшып шыққаннан кейін қозғалтқышы істен шыққанын хабарлады

Ұшу кезінде экипаж қосалқы аэродромға қону туралы шешім қабылдады.

  • 8 Мамыр
  • 5
фото: Caravan.kz

Астана – Франкфурт бағыты бойынша KC921 халықаралық рейсін орындаған Air Astana ұшағы техникалық себептерге байланысты Ақтөбеге қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Tengri Travel әуе компанияға сілтеме жасап.

Не болды?

Тасымалдаушы мәліметінше, борт Астанадан жергілікті уақыт бойынша сағат 08:54-те ұшып шыққан. Ұшу кезінде экипаж қосалқы аэродромға қону туралы шешім қабылдады.

Ұшақ Ақтөбеге сағат 11:34-те сәтті қонды.

«Ұшақ техникалық себеппен Ақтөбеге қонды. Әуе кемесінің экипажы стандартты қауіпсіздік рәсімдеріне сәйкес қону туралы шешім қабылдады. Қону штаттық режимде өтті», — делінген хабарламада.


Жолаушыларды одан әрі тасымалдау үшін Алматыдан резервтік ұшақ жіберілді. Әуе компания мәліметінше, рейстің Ақтөбеден ұшу уақыты сағат 14.20-ға жоспарланған.

Министрлік не дейді?

Кейін Көлік министрлігінің баспасөз қызметі авиациялық оқиға зерттеліп жатқанын хабарлады.

«2026 жылғы 8 мамырда Астана – Франкфурт бағыты бойынша KZR921 рейсін орындау кезінде Air Astana-ның EI-KGJ тіркеу нөмірлі Airbus A321 әуе кемесімен авиациялық оқиға болды. Астана әуежайынан ұшып шыққаннан кейін әуе кемесінің экипажы қозғалтқыштардың бірі істен шығуына байланысты PAN-PAN шұғыл дабылын жариялады. Осыған байланысты экипаж Ақтөбенің қосалқы әуежайына қону туралы шешім қабылдады», — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, әуе кемесінің бортында 93 жолаушы, оның ішінде 4 бала мен 1 нәресте, сондай-ақ 9 экипаж мүшесі болған.

«Әуе кемесі Ақтөбе әуежайына жергілікті уақыт бойынша сағат 11:34-те штаттық режимде қонды. Экипаж әуе кемесінің жедел пайдалану жөніндегі анықтамалығында (QRH – Quick Reference Handbook) көзделген рәсімдерге сәйкес әрекет етті. Қонғаннан кейін әуе кемесі тұрақ орнына өздігінен жетті. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әуежайдың авариялық-құтқару және тиісті жерүсті қызметтері жұмылдырылды», — деп хабарлады министрлік.

Баспасөз қызметі зардап шеккендер немесе әуе кемесінің зақымдануы туралы ақпарат әзірге түспегенін нақтылады.

«Авиациялық оқиға әуе кемесінің күштік қондырғысындағы техникалық ақауға байланысты болды. Авиациялық оқиғалар мен инциденттер туралы деректерді ұсыну және оларды тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес, бұл авиациялық оқиға ауыр инцидент ретінде жіктеліп, оны Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаменті тергейді», — деп толықтырды ведомство.

Алғашқы іс-шараларды жүргізу және ақпарат жинау мақсатында авиациялық оқиға орнына департамент қызметкері барады деп жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, ұқсас жағдай 6 мамырда болған еді: SWISS әуе компаниясының Airbus A350 ұшағы Қазақстан аумағында ұшу кезінде дабыл белгісін берген. Flightradar24 сервисінің мәліметінше, борт Балқаш маңында болып, кейін Алматыға бағытталды. Кейін жоспардан тыс қонудың себебі белгілі болды — екінші пилоттың денсаулық жағдайының нашарлаған. Ұшақ шұғыл қонғаннан кейін оны жергілікті ауруханаға жатқызды.