Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында өзін ең алдымен халықтың қызы екенін айтып, саясатқа барлық сұрақтың жауабын білемін деген оймен емес, елдің үнін тыңдап, бірге жұмыс істеу үшін келгенін жеткізді.
«Мен — халықтың қызымын.
Ес білгелі өмірім халықпен байланысты! Үлкен қалаларда да, шалғай ауылдарда да, үлкен кен орындарда да елмен жүздестім. Аналардың тілегін, ақсақалдардың батасын, жастардың арманын, қарапайым еңбек адамдарының үмітінің отын байқадым. Сонда бір нәрсені анық түсіндім: өнер адамы халықтан бөлек өмір сүре алмайды.
Өнердің де, өмірдің де тамыры — халықта. Маған бұл партияның “Халық” деген тауының өзі өте жақын. Бағдарламамен таныстым. Көңіліме қонды. Мен Халық партиясына барлық мәселенің жауабын білемін деп келген жоқпын. Мен тыңдауға, үйренуге, бірге жұмыс істеуге, елмен бірге болуға келдім. Өйткені халықпен жұмыс істеудің ең басты шарты — шынайылық», – деп жазды әнші.
Тамара Асардың айтуынша, өмірінде басынан өткен сынақтар оған қиындыққа тап болған жандардың жағдайын тереңірек түсінуге мүмкіндік берген.
«Өмірде әр адамның басынан әр түрлі сынақ өтеді. Менің де тағдырым өзгеше жолды таңдапты. Сондықтан қиындық көрген адамның көңіліне жылы сөздің, шынайы қолдаудың, әділдіктің қаншалықты қажет екенін жақсы түсінемін. Адам қиналған кезде оған құрғақ уәде емес, жанашырлық керек екен. Оған биік мінберден айтылған сөз емес, жүректен шыққан шынайы қолдау керек.
Аяғын қолын жоғалтқан адамдардың жүректеріне жалау болармын мүмкін. Мен бұл тақырыпты өзім арқылы ұзақ зерттедім. Ол жайындағы мәселелерді бүге-шүгесін жақсы білетініме сенімдімін. Осы мәселені көбірек қозғауға тырысамын», – деді ол.
Сөз соңында әнші бұл қадамын өнердегі жолының қоғамдық қызметтегі жалғасы деп бағалайтынын айтты. Сондай-ақ басты мақсаты халыққа жақын болып, ел игілігі үшін еңбек ету екенін жеткізді.
«Бұл партиядағы жол менің өнердегі жолымның саяси жалғасы болсын деймін. Өйткені өнерде де, қоғамдық істе де басты мақсат біреу — халыққа жақын болу, елге пайдалы болу, жүректерге жылу сыйлау. Барлығымыдың илегеніміз бір терінің пұшпағы. Халықтың әлеуметтік әл ауқатын арттыру! Барлық партиялардың мақсаты да біреу ғана деп түсінемін!!!», — деп жазды әнші.
Еске сала кетейік, биыл 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Жаңа Конституцияның күшіне енуіне және бұрынғы Сенат пен Мәжілістің таратылуына байланысты елде бір палаталы жаңа парламент жасақталмақ. Жаңа Құрылтайдың құрамына 145 депутат енеді. Олар саяси партиялардың тізімі бойынша пропорционалды сайлау жүйесі арқылы таңдалады.