Қызылордадан 20 шақырым жердегі Талдыарал ауылы бұл. Қалаға қарайды. Мұндағы білім ордасының қазіргі сиқы мынау: спорт залдың төбесі ортасына түскен, тақтай еден шіріп кеткен. Балалардың өміріне қауіп төнетін болған соң жергілікті билік ескі мектепті жауып, орнына жаңасының құрылысын бастады. Облыс әкімі жаңа білім ошағы 25 тамызда тапсырылады деп ант-су ішкен. Бірақ, жаңа оқу жылы тақап қалды, құрылыс жұмысы әзір аяқталар емес. Ал оқушылардың ата-аналары 6 шақырым жердегі мектепке бара алмаймыз дейді.
Марат Көптілеуов, оқушының әкесі:
— Менің де биыл 3 балам бар. Кенже балам мектеп алдындағы дайындыққа баруы керек. Уайым болып тұр. Күні-түні соны уайымдаймын.
Атқамінерлер болса енді қайттік деп абдыраған талдыаралдықтарды сабырға шақырып әлек
Наурыз Байқадамов, Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы:
— Оқушыларды тасымалдау мәселесі құрылыс жүрігізіп жатқан мекеме есебінен шешілген. Сондықтан балалар сабаққа бара алмай қалады, сабақ басталмай қалады деген уайым болмау керек.
Биылғы оқу жылына сақадай сай отырмыз деп атыраулықтар да мақтана алмайды. Облыстағы 31 мектеп жұмысы сот шешімімен тоқтатылды. Себебі, жиырмадан астамында өртке қарсы құралдар орнатылмаған, ал 11 мектеп апатты жағдайда деп танылған. Атыраудағы 3 осындай мектеп сүрілгенімен, олардың орнына салынар жаңа мектептің құрылыс жұмыстары биыл аяқталмайды. Ал шенеуніктер болса, балалар далада қалмайды, бәрі де білім алады деп сендіріп отыр.
Ерлан Өтемағамбетов, Атырау облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары:
— 11 апаттық мектептің 5 құрылысы журіп жатыр. 6-ның құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр. Ал балалар болса осы жылы басқа мектептерге оқуы қарастырылған.
Бір қызығы, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті 2007 жылдан бері жыл сайын 48 мектепті жабуға ұсыныс берген. Себебі, талапқа сай емес. Бірақ, әкімдіктің кепілхаты негізінде балаларды осы мектептерге қабылдауға рұқсат берілген. Департаменттегілер биыл тағы да әкімдік кепілхат берсе «амал жоқ, тәуекелге бел буып, балаларды мектепке қабылдауға рұқсат береміз» деп отыр.