Әкімшілік бір күндік фирмаларға ақша мен құрылыс салатын жер бөліп беріп жатыр - телеарна - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+18 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Әкімшілік бір күндік фирмаларға ақша мен құрылыс салатын жер бөліп беріп жатыр - телеарна

Әкімшілік бір күндік фирмаларға ақша мен құрылыс салатын жер бөліп беріп жатыр - телеарна

Алматы. 27 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - Әкімшілік бір күндік фирмаларға ақша мен құрылыс салатын жер бөліп беріп жатыр. Бұл туралы сәрсенбі күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында құқық қорғаушылар мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасай отырып.

  • 27 Наурыз 2008
  • 667
Фото - Caravan.kz

Заңгерлердің мәліметтеріне сүйенсек, жарғылық капиталы бар болғаны 100 мың теңгені, кейде тіпті одан да аз соманы құрайтын бір күндік фирмаларға шенеуніктер ақша мен құрылыс салатын жер бөліп беріп жатыр. Мұндай құрылыс компаниялары қазірдің өзінде мыңдап тіркелген», — деп көрсетілген телеарна хабарламасында.

«Әкімшілік қаулысына сәйкес, әкімшілік құрылыс салушыға құжат беруден бұрын құрылыс салушы әкімшілікке өзінің төлем қабілетінің дәлелдемесін ұсынуға міндетті. «Алматыжер» қайда? Қаржылық төлем қабілетінің дәлелі қайда? Деген сауалдарға: «Бізде Алматыжер жоқ. «Алматыжер» Алматы қаласы әкімінің атынан әрекет етеді», — деген жауап алдық деп атап көрсетті баспасөз мәслихатында Кәсіпкерлер және меншік иелері одағының президенті Василий Резван.

Құқық қорғаушылар қаланың жоғарғы бөлігіндегі үйлерді бұзуға байланысты орын алған жағдайды шешуді өтініп ҚР президентіне, ҚР Бас прокурорына және ҚР Әділет министрлігіне хат жолдады.

Естеріңізге сала кетсек, осы үйлердің тұрғындары сейсенбі күні әкімшілік алдында пикет өткізген. Себебі, олар өтемақыны түкке тұрғысыз деп санайды. «Құқық қорғаушылар анықтағандай, құрылыс компаниясында ақша болмауы себепті үйлердің бұзылуы тоқтатылды», — деп атап көрсетілген телеарна хабарламасында.

Бұрын хабарлағанымыздай, сейсенбі күні Алматыда әкімшілік ғимаратының алдында кезекті наразылық митингісі болған, бұл жолғы шараға Әл-Фараби — Розыбакиев — Қожабеков — Гагарин көшелері орналасқан қала ауданында тұратын тұрғындар қатысты, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Тұрғындар «Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының іс-әрекеттеріне қатысты наразылықтарын ортаға салып, әкімшілік қызметкерлеріне қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовқа арнаған жолдауын табыс ету үшін келіпті.

«Үйлері бұзуға жіберілген аудан тұрғындары біздер сіздің іс-әрекеттеріңізге және сізге бағынышты «Алматыжер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «Сити Сервис Инвест Строй» ЖШС атты құрылыс салушы компанияның іс-әрекеттеріне наразылық білдіреміз», -деп жазған қала тұрғындары И. Тасмағамбетовқа жолдаған петициясында.

Осындай митинг өткізуге рұқсат берілмегендіктен, тәртіп сақшылары наразылық шарасына бірден тосқауыл қойды. Бастамашы топ құрамындағы ең белсенді жеті адам ұсталды. Полицейлердің айтуынша, оларды қоғамдық тәртіпті бұзушылар ретінде Бостандық аудандық ІІБ-ына жіберген.

Әкімшілік ғимаратының алдына келген адамдар өз талаптарын жария етпек болған. Біріншіден, олар Алматы қалалық әкімшілігінің «Мемлекеттік қажеттілік үшін жер телімдерін алу (сатып алу) туралы» 2006 жылдың 21 ақпанындағы №1/159 қаулысының күшін жоюды талап етеді. Өйткені, олар бұл қаулыны заңсыз әрі Қазақстан Конституциясына қайшы деп таниды. Екіншіден, олар «әкімшіліктің жер телімдері мен жылжымайтын мүлікті жер телімдерінің иелеріне мәжбүрлі иелікке аударып беру туралы шағымдарының кері қайтарылуына» қол жеткізбекші.

«Әкімшілік пен сіз президент Нұрсұлтан Назарбаевтың коммерциялық құрылыс салуға арналған жер егер ол жеке меншікте болса, меншік иесімен келісімге келу арқылы сатып алынуға тиіс, ол соттар арқылы тәркіленуге тиіс емес деген сөзін назарға алмай отырсыздар», -дейді наразылық білдірушілер.

Наразылық шарасына келгендердің пікірінше, «құрылыс салушы компания мемлекеттік қызметкерлермен тізе қоса отырып, өздері ұсынған шарттарға келіспеген адамдарға өлшеусіз қысым көрсетуде. Басқа аудандарға қатысты барлық сот шағымдары құрылыс нарығындағы дағдарысқа байланысты кері қайтарып алынған. Ал біздің құрылыс салушы компаниямыз жерді өз капиталы жоқ бола тұра, негізнен сот арқылы және несиеге сатып ала бастады. Ал қазір оның қаржылық ахуалы нашарлап, 2006-жылдың қазан-қараша айларында өткен соттардың шешіміне сәйкес те, меншік иелерімен арадағы сату-сатып алу келісіміне сәйкес те өтемақы төлей алмай отыр».

«Бірақ бұл жайт құрылыс салушы компанияны да, әкімшіліктің мүддесін қорғаушы «Алматыжер» МКК-ын да тоқтата алмай отыр. Біздің жер теліміміз бойынша меншікті мемлекеттік қажеттілікке деп мәжбүрлі иеліктен шығару жөнінде 100-ден астам шағым түсірілген. Ал шын мәнінде ол жерде тұрғын үй құрылысы салынбақшы», -деп ашуланады тұрғындар.

«Біздің бастамашы топтың өкілдері әкімның орынбасарының қабылдауында болды. Біздің мәселемізді тек әкім ғана шеше алады деп ойлап, біз оған бірнеше сұрқ қоймақ болған едік. Біздің жер теліміміздегі жерді сатып алумен «Сити Сервис Инвест Строй» компаниясы айналысады, бірақ бізге шағым түсіріп отырған -әкімшілік. Біз бұл компанияның тіпті қайда екенін де білмейміз, оның кеңсесі де жоқ. Олар бізбен жұмыс істеп отырған жоқ, бізбен байланысқа шықпайды. Біз тіпті құрылыс салушы компаниямыздың басшылығын көрмедік. Бірақ біздің үстімізден сотқа шағым түсіріп отырған «Сити Сервис Инвест Строй» емес, ол — әкімшілік. Біздің осы жерде жиналу себебіміз осыда», — деді акцияға қатысушы Гүлстан Маликова.

Митингіге тағы бір қатысушы Светлана Тарасованың айтуынша, үйлері бұзуға жіберілген аудан тұрғындары аудандық әкімшіліктен бастап прокуратураға дейінгі барлық мемлекеттік ұйымдарға шағымданған. Бірақ өз сауалдарына жауап алмаған. Компанияла қазір жеткілікті қаржысы жоқ, сол себепті өткен жылғы күзде сотта жеңіліс тапқан тұрғындарға және сотқа бармай, құрылыс салушы компанияның шарттарымен келісуге ұйғарған тұрғындарға бүгінгі күнге дейін өтемақы төленген жоқ.

«Егер оларда ақшасы жоқ болса, біздің тыныштығымызды бұзбағаны жөн еді. Немесе құрылыс салушы компания бізге келіп, адам сияқты, заңды сөйлессе жөні бөлек. Біз миллиондарды сұрап отырған жоқпыз, бізге осы ауданнан тепе-тең баспана ғана керек. Бізді не себепті асықтырып отыр? Менің екі бөлмелі пәтерімнің орнына маған бір бөлмелі пәтер ұсынады. Ал менің бес балам бар», — деді Нұрсұлу Райымбекова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті