Жарияланды: 590

Алдағы жылы Таразда табылған 2 мың жылдық тарихы бар көне шаһар орнында қазба жұмыстары жүргізіледі

Тараз қаласының ортасындағы базар аумағында табылған көне шаһар орнына академик Карл Байпақов бастаған археологтардың қазба жұмысын жүргізуі үшін 2013 жылы бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді.

Бұл туралы кеше Таразда өткен инвестициялық форумда айтылды. «Жамбыл облысының мәслихатында 2011 жылы туризм кластерін дамытудың шеберлік-жоспарын бекіткенбіз. Оны Қазақстан туристері қауымдастығы Жапония мен Алмания мамандарын қатыстырып біз үшін арнайы жасаған болатын. Оның бір бөлімі рухаани туризмге арналған. Біз облыс аумағындағы туристік нысандарды жөндеп, инфрақұрылымын жүргізу үшін бюджеттен қаржы бөліп отырамыз. Мәселен өткен аптада Тараздың ортасындағы базарды басқа жерге көшірдік. Енді аумағы 21 гектар болатын бұл жер мемлекет меншігіне сатып алынып, онда 2013 жылы архелогтар қазба жұмыстарын жүргізетін болады», - дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев. Оның айтуынша, туризм нысандарын жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі керек. Академик Карл Байпақовтың пайымдауынша, қала ортасындағы базардың астында 2 мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһары бар. Сондықтан оны ашып, төбесін шатырлап айналасына ұлттық мейманхана, қонақ үй, жатақхана сияқты әлеуметтік нысандар салынып тарихи туризмді дамыту арқылы қала тұрғындарына жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Мәселен бұған дейін кәсіпкерлердің демеушілігімен облыс аумағындағы Айша бибі кесенесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған 180 миллион теңге қаржы тартылған болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін