Қазір екінің бірінің басында несие бар. Несие мен қарыз күнделікті өмірдің үйреншікті көрінісі. Үйлену тойы, тұрмыстық техника, оқу ақысы, тіпті азық-түліктің өзін несиеге алу қалыпты жағдайға айналды. «Қазір сатып ал, кейін төле» ұраны халықты көзге көрінбес қарыз торына байлап тастады. Аталмыш құбылыс бүкіл Орталық Азия елдеріне тән. Алайда Қазақстан қауіпті үрдісті тоқтатуға шешім қабылдап, жаңа «қаржылық диетаға» көшті. Бұл не және ол қалай жұмыс істейді? Caravan.kz тілшісі осыны талдап көрді.
Несие — жаңа әлеуметтік норма
Биылғы жылдың көрсеткіштері халықтың қарызға тәуелділігін айқын көрсетіп отыр. Банктер 2025 жылы қазақстандықтарға 12,9 трлн теңге несие берген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға көп. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, халыққа берілген несиелердің жалпы көлемі 22,7 трлн теңгеге жетіп, бір ай ішінде 3,1%-ға, ал жылдың басынан бері 14,7%-ға артқан.
«Халыққа берілетін несиелер құрылымында тұтынушылық қарыздар 2,1%-ға өсіп, 16 трлн теңгені құрады», — делінген агенттік хабарламасында.
Орталық Азия елдерінде де жағдай ұқсас. Соңғы бес жылда өңірде микронесиелеу көлемі 1,5 есеге ұлғайып, 5,5 миллиард еуродан асқан. Қырғызстанда ересек тұрғындардың үштен екісі, Тәжікстан мен Өзбекстанда жартысы, ал Қазақстанда шамамен 40%-ы микронесиеге жүгінеді.
Инфляция мен қымбатшылық қарызды көпшілік үшін жалғыз құтқару құралына айналдырды. Ауылдық жерлерде орташа табыс 150-250 доллар көлемінде ғана, ал баға жыл сайын 10-15%-ға өсіп отыр. Банктер ресми табысы жоқтарға несие бермейді, ал микроқаржы ұйымдары «ақшаны қазір және тез» алуға мүмкіндік ұсынады.
Алайда жылдам несиенің бағасы тым қымбат: жылдық пайыздық мөлшерлеме 80-150%-ға дейін жетеді. Көп жағдайда адам алған сомасынан екі-үш есе артық қаражат қайтарады.
Туыстық байланыс әлсіреп, цифрлы несие күшейді
Бұрын қиындыққа тап болған адамға туысы, көршісі немесе досы қол ұшын созатын. Қазір бұл дәстүр өзінің мәнін жоғалтты. Оның себебі түсінікті, адамдардың өздері де қарызға белшесінен батқан.
Бұл үдерісті цифрландыру одан әрі жеделдетті. 2024 жылы Қазақстан мен Өзбекстанда микрокредиттердің 40%-дан астамы мобильді қосымшалар арқылы рәсімделген. Бәрі автоматтандырылған: алгоритм төлем мерзімін еске салып, уақтылы төлемесеңіз, картадан автоматты түрде ұстайды, үстінен айыппұл қосады. Осылайша, қарыз қорқыныш пен жазаның символына айналды.

«Қаржылық диета»: несиеге тәуелділіктен арылу жоспары
Ұлттық банк тамыры тереңге жайылған «қарыз мәдениетін» түбегейлі өзгертуді қолға алды. Бұл жаңа бағыт бейресми түрде «несиелік диета» деп аталады. Жаңа ережелерге сәйкес, енді банктер тек ресми табысты есепке алады. Барлық несиелер бойынша ай сайынғы төлем расталған табыстың 25%-ынан аспауы тиіс. Мысалы, егер ресми жалақыңыз 200 000 теңге болса, ай сайынғы несиелік төлем 50 000 теңгеден аспауы керек.
Реттеушінің уәжіне сүйенсек, шамадан тыс қолжетімді несие инфляцияны үдетеді. Бөліп төлеу немесе жеңіл несие де айналымдағы қарыз қаржысы. Ол тұтынушылық сұранысты күшейтіп, бағаның өсуіне ықпал етті. Халықтың қолында арзан ақша көбейген сайын, тауарға сұраныс артады, ал ұсыныс оған ілесе алмайды.
Сондықтан Ұлттық банк несиелеуді шектеу арқылы тұтынуды салқындатуды және банктердің капиталын тәуекелі төмен, өнімді секторларға бағыттауды көздеп отыр.
«Бір қарағанда логикалық шешім сияқты. Іс жүзінде ол тұтыну экономикасына соққы болуы мүмкін. Өйткені Қазақстандағы бөлшек сауда, қызмет көрсету және импорттың қомақты бөлігі дәл осы «несиелік отынмен» жұмыс істейді», — дейді Ляззат Рамазанова.
12–24 айға бөліп төлеу шындығында жарнама емес. Ол шағын және орта бизнестің қозғаушы күші. Егер адамдар жаңа талаптарға сай келмей, сатып алуды доғарса, сұраныс азайып, кәсіпкерлер мен сауда саласы қиындыққа ұшырайды. Оның салдары да түсінікті. Тапсырыстар азаяды, жалақы өсімінің тоқтайды және жұмыс орындары қысқарады.
Не десек те, реттеушінің мақсаты айқын. Тұтынушылық белсенділікті азайтып, инфляцияны тежеу. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сай, енді банктер халыққа емес, нақты секторға, яғни өндіріс пен бизнестің дамуына қаржы бағыттауы керек.
Алайда сарапшылар бұл шараның екінші жағы да бар екенін ескертеді. Қазақстанда халықтың ресми табысы төмен, ал тұрмыстық қажеттілік жоғары. Көптеген азамат үшін несие — амалсыз қажеттілік. Себебі ай сайынғы табыс азық-түлік пен коммуналдық қызметтен артылмайды.
Осыған байланысты шектен тыс қатаң шектеулер азаматтарды көлеңкелі несие нарығына итермелеуі мүмкін. Онда пайыздық мөлшерлеме тіпті жоғары, ал қарыз алушының құқығы мүлде қорғалмайды.
Моральдық дағдарыс: қарыздың жаңа мәні
Психологтардың айтуынша, қарыз қысымынан туындаған үрей мен депрессия деңгейі өсіп келеді. Қарыз тұзағына түскен адамдар көбіне туыстарынан, достарынан қашады. Себебі қарыз ұяттың, сәтсіздіктің белгісіне айналған.
Ғалымдар бұл құбылысты «тұрмыстың қаржыландырылуы» деп атайды, яғни өмірдің әрбір сәті ақша қатынасына тәуелді болып барады. Соның нәтижесінде «несиеге той», «қарызға мереке» сияқты жаңа ұғымдар пайда болды.
«Қазақстанның жаңа несиелік саясаты тек экономикалық емес, әлеуметтік сынақ. Біз адамдарды «қаржылық диетаға» отырғыза отырып, олардың шынайы табыс деңгейін, күнделікті қажеттілігін және психологиялық жағдайын ескеруіміз қажет. Егер тепе-теңдік сақталмаса, диета аштыққа айналады. Ал аш қоғам әрқашан көлеңкеге кетеді. Ұлттық банк пен банктер шекараны өте нәзік сезінуі керек: қай жерде тұтынушылық тәуелділік тоқтайды, ал қай жерде адам өмірі қиындай бастайды», — дейді журналист Ләззат Рамазанова.
Бүгінгі таңда көптеген ел несиенің қолжетімділігі мен қаржылық тәуекел арасындағы тепе-теңдікті іздеуде. Мысалы, Оңтүстік Кореяда жоғары қарыз деңгейі экономиканы «несиелік инеге» тәуелді етті. Ал Түркияда инфляция кезінде жасанды түрде төмен ұсталған пайыздық мөлшерлемелер ұлттық валютаның күрт құнсыздануына алып келді. Қазақстан бұл қателікті болдырмауға тырысуда. Ел билігі несиелік көпіршік жарылып үлгермей тұрып, экономиканы сауықтыруға кірісті.