ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: АҚШ-тағы президенттік сайлау - бұрынғы басшылыққа жаңа үміт артылды - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: АҚШ-тағы президенттік сайлау - бұрынғы басшылыққа жаңа үміт артылды

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: АҚШ-тағы президенттік сайлау - бұрынғы басшылыққа жаңа үміт артылды

Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық тыныс-тіршілікте қоғам назары АҚШ-тағы президентті сайлауға ауған болатын.

  • 10 Қараша 2012
  • 476
Фото - Caravan.kz

Белгілі болып отырғандай, 6 қараша күні өткен сайлауда АҚШ-тың қазіргі президенті, демократтар атынан кандидат Барак Обама 538 сайлаушының 303 дауысын (Президент болып сайлану үшін кемінде 270 дауыс жинау қажет) жинаған еді. Ал оның қарсыласы, республикашылар өкілі Митт Ромни не бәрі 206 дауыс жинай алды.

Б.Обамаға жеңісті соңғы сәттерге дейін біресе республикашыларға, біресе демократтарға көңіл ауып кетіп тұрған Огайо, Вирджиния, Висконсин, Нью-Гэмпшир, Айова, Невада және Колорадо штаттары сыйлады. Ал М.Ромни болса, дәстүрлі түрде республикашыл болып саналатын штаттардың ішінен Солтүстік Королинада ғана Б.Обамадан оқ бойы озық шықты. Айта кетерлігі, АҚШ-тың қазіргі Президентіне сайлау барысында жастар, әйелдер, халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған бөлігі және аз ұлт өкілдері барынша қолдау білдірді. Ромни кандидатурасы болса, консервативті көзқарастағы әрі ел халқының ауқатты бөлігі саналатын «ақ нәсілділерден» барынша қолдау тапты.

Чикагодағы сайлау штабында өз жақтастарының алдында сөз сөйлеген Б.Обама зор сеніммен АҚШ-тың гүлденер кезі алда екендігін баса айтқан болатын. Келесі 4 жылдың ішінде ол бар күш-жігерін елді құлдыраудан алып шығуға, американдық ұлтты ортақ идеал төңірегіне топтастыруға және өзінің сайлауалды науқан кезінде әлеуметтік бағдарламалар бойынша берген уәдесін орындауға бел буып отыр.

Б.Обама барлық саяси күштердің көшбасшыларымен бюджет тапшылығын қысқарту, салық кодексін реформалау және көші-қон мәселелерін шешу ісінде ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендігін де ашық айтуда.

Әзірше, алдағы жылы екінші мерзімге Президенттік лауазымына кірісетін Б.Обаманың ең алдымен қай елге ресми сапармен баратындығы жайында еш ақпарат жоқ. Дегенмен, Азия-Тынық мұхит өңірінде барынша қарқынды дамып келе жатқан Тайланд, Бирма және Камбоджа Вашингтон мүддесіне сай келіп, алғашқы лекте таңдауға ілінуі мүмкін. Бұған аталған өңірде Қытайдың ықпалымен де бәсекеге түсу тұрғандығы белгілі.

Ақ үйдің қазіргі әкімшілігі екінші мерзімге өз қызметтерінде қалады. Бірақ та халықаралық қоғамдастықты президент командасының жаңаруымен қатысты өзгерістер алаңдатып отыр. Белгілі болып отырғаны, мемлекеттік хатшы Хилари Клинтон Б.Обаманың бірінші мерзімінен кейін өз қызметінен кетуді жоспарлауда. Сондай-ақ елдің қорғаныс министрі Леон Панетта мен АҚШ қаржы министрлігінің басшысы Тимоти Гайтнер де өз қызметтерінен бас тартуы мүмкін.

Осыдан бірнеше күн бұрын жабық ақпараттарды ең негізгі жеткізуші, бүкіл әлемде құпия іс-шараларды орындаушы, сонымен қатар елдің ұлттық стратегиясында да маңызды рөл ойнайтын орган Орталық барлау басқармасының басшысы ауысқан болатын. Отбасылық түйткілдерге байланысты отставкаға кеткен Дэвид Петреустің орнына оның орынбасары Майкл Морелл уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалған еді.

Ақ үй мен Капитолий арасындағы болашақ жұмыстардың барысында да айтарлықтай түсініксіздіктер шоғырлануда. Өйткені демократтар сенаттағы басымдығын сақтап қалса, өкілдер палатасында республикашылар үстемдік етеді. Мұндай жағдайда, бұған дейінгі жылдардағыдай көптеген заң жобаларының кедергісіз қаралу мүмкіндігі барынша шектелетіндігі сөзсіз. Демек, таяу болашақта республикашылар мен демократтар арасында фискалды реформалар мен мемлекеттік шығыстарды төмендету жолында ұзаққа созылатын теке-тірестік сақталатын сияқты. Дәл осындай жолмен сыртқы саяси вектор шешімдері де қабылдануы мүмкін.

Айтпақшы, 6 қараша күні АҚШ-та екі кандидат пен партиялар арасындағы бәсекелестік қана орын алған жоқ. Дәл осы күні елдің әртүрлі штаттарында жүзден астам рефрендум өткізілді. Олардың қатарында өлім жазасын алып тастау, марихуананы заңдастыру, ерікті эвтаназияны заңдастыру, бір жынысты неке туралы сынды референдумдар бар.

Дегенмен, барынша қызықтысы АҚШ-тың өз қатарына жаңа 51-ші шататты қосу, қоспауына арналған референдум болды. Алғаш рет Пуэрто-Рико тұрғындарының басым бөлігі аралда орналасқан мемлекеттің АҚШ-тың аумақтық субъектісі ретінде құрамына кіруін жақтап дауыс берді. Айта кетерлігі бұған дейін дәл осындай 4 референдум өткізілген болатын. Б.Обама пуэрторикандықтардың таңдауын жақтауда, ендігі кесімді сөз Конгресс еншісінде.

Соңғы жаңалықтар