Жарияланды: 610

Әлем операсының артистері Қазақстан жайлы әсерлерімен бөлісті

Әлемдегі ең үздік опералық қойылымдардың бірі Астанаға келді. Елорда жұртшылығы Джаккомо Пуччинидің «Манон Леско» операсын тамашалады. Қойылым ең алғаш рет 1893жылы Италияның Турин қаласында сахналаныпты. Мәдени іс-шара Астана күніне орай «Опералия» фестивалі аясында ұйымдастырылып отыр.

Елордада астаналық мәдениеттің қалыптасқанын театрға келіп жатқан   қарқұрым халықтан байқауға болады. Көрермендер арасында қарапайым тұрғындармен бірге депутаттар, Мәдениет министріде бар. Бәрін осында жинаған бір ғасырлық тарихы бар әйгілі «Манон Леско» операсы. 

Спектакльден көркімен көз тойдырған ару Манон мен оған ғашық болған Де Грие арасындағы махаббат дастанын көруге болады. Бірақ қарапайым жігіт Де Гриенің бәсекелесі бай, банкир Жеронт Манон сұлуды қалай да өзіне қаратады. Өкініштісі, махаббатын байлыққа айырбастап жібергенін Манон тек кейіннен ғана түсінеді.

Тициана Карусо  - сұлу Манонды сомдаушы италиялық артист. Ханымға еліміз қатты ұнаған  екен.    

Тициана Карусо, Манон Лесконың рөлін сомдаушы:

- Қазақстандық әріптестеріммен жұмыс істеген ұнады. Алған әсерім ерекше, осында келгеніме қуанам. Әсіресе дастарқаны ерекше- көл-көсір.

Франческо Аниле,  Де Гриенің рөлін сомдаушы:

- Мұнда екінші рет келуім. Алғаш екі жыл бұрын «Отелло» операсына қатысқанмын. Мені осында шақырғандарына өте қуаныштымын. Ал Де Грие ол менің ажырамас кейіпкерім!

Бұрынғы шығарма мен осы заманға лайық қойылымды көрсету ресейлік режиссерге сеніп тапсырылыпты. Юрий Александров бұған дейін де елімізде бірнеше опера қойған.

Юрий Александров, қоюшы режиссер, (Ресей):

- Маған Қазақстанның Мәдениет министрі Мұхтар Абрарұлы хабарласты. Ол дәл осы қойылымды Венада көріпті. Содан кейін осыдан кем түспейтін қойылымды Астанадан да шығар деп қолқа салды.

Әлемнің ірі сахналарында көрсетіліп жүрген опералық қойылымдар енді Астананы айналып өтпейтін болады. Алдағы уақытта да өнер әлеміне танымал шығармаларды таңдап, отандық режиссерлер де сахналауға кіріспек. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін