Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бұл шараға Жапонияның Қазақстандағы елшісі Тетусо Ито қатысты. Арал өңіріндегі балық шаруашылығын дамытуға бағытталған бұл жобаға Жапон үкіметі қолдау жасап отыр.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов 2001 жылы алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін қол қойылған келісім шеңберіндегі жұмыстар сәтті жүзеге асырылған бұл жобаның келешегіне үлкен үміт артатынын айтты. Көкарал бөгіті салынып теңіздің солтүстік бөлігінің деңгейі көтерілді. Сырдария өзенінің арнасынан өтетін судың мөлшері екі есе көбейген. Сонымен қатар министр Арал теңізінің солтүстік бөлігінің акваториясы 500 шаршы шақырымға жеткенін, соның арқасында өңірдің экологиялық ақуалының жақсарғанын атап өтті. Жалпы Арал мәселесі тек Қазақстанға ғана емес бүкіл әлемге ортақ. Сырдария өзенінің арнасын реттеу мен Арал теңізін сақтап қалуға бағытталған ортақ жұмысымыздың нәтижесінде соңғы 5 жылда өңірдегі балық аулау кәсібі қайтадан өркендеп келеді. Қазір жылына 2 мың тонна балық аулау мүмкіндігі бар деп министр сөзін жалғастырды. Осы жобаны жүзеге асыруға ат салысқан Жапония үкіметі мен Дүниежүзілік банкке алғыс білдірді.
Жапонияның Қазақстандағы елшісі Тетусо Ито «Жапонияда Арал мәселесі Кеңестер одағының жағымсыз әрекеті ретінде кеңінен мәлім. Жапон халқы Арал теңізі маңындағы табиғатқа қолғабыс жасап, көмектесуге зор ықылас танытып отыр. Жапон үкіметінің Дүниежүзілік банкпен бірлесіп атқарып отырған жобасы арқылы жүзеге асырылып жатқан жобаның екінші кезеңін атқаруға бағытталған келісімге қол қойылғанына қуаныштымын. Жобаның мол жетістікке жететіне зор үмітім бар» — деп мәлімдеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті