Жарияланды: 670

Әлемдік банк несиелердің проценттік сыйақысын әкімшілік шаралармен азайтуға болмайды деген ҚР Ұлттық банкінің саясатын толық құптайды

Әлемдік банк ҚР Ұлттық банкінің несиелердің проценттік сыйақысын әкімшілік шаралармен азайтуға болмайды деген саясатын толық құптайды. Бүгін, 11-қарашада Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Әлемдік банктің Орталық Азия аймақтық өкілдігінің директоры Деннис де Трэй осындай мәлімдеме жасады.

"Проценттік сыйақыны заң жүзінде қолданысқа енгізуге болмайды. Осындай әрекетке барған көптеген ел үшін бұл тек залал-зардап қана әкелгенін өз көзімізбен көрдік",- деді өкілдік басшысы. "Проценттік сыйақыны төмендету әдістері елдегі банк жүйесінің сапалық деңгейі жақсарғанын және бәсекелестіктің күшейгенін айғақтайды",- деді Д.Трэй. Оның атап көрсетуінше, проценттік сыйақының жоғары белгіленуі республикдағы банктердің тәуекелділік көрсеткішін паш етіп отыр. Әлемдік банк өкілдерінің пікірінше, жоғары проценттік сыйақы Қазақстан экономикасы біртұтас тұрақтылық деңгейге қол жеткізгенге дейін сақталады. Ол үшін бухгалтерлік есеп беру және аудит жүйесінің ашықтық деңгейін арттырып, тәуекелділікті қабылдау, оған тәуелділік деңгейін төмендету керек дейді Әлемдік банк мамандары. Әлемдік банктің бағалауынша, ТМД елдерінің аясында ең таңдаулы деп танылған Қазақстанның қаржылық жүйесі әлі де өтпелі кезеңді бастан кешіруде. Қаржылық тапшылыққа душар болып отырған шағын және орта бизнестің үлес салмағын арттыру жөніндегі ел президенті алға қойған басты міндетті жүзеге асыру үшін қаржылық жүйені ілгерілетудің маңызы зор деді Д.Трэй. Осыған байланысты өкілдік төрағасы Әлемдік банк тарапынан республикадағы кәсіпкерлік ортаның жағдайын жақсартып, ашықтығын қамтамасыз ету үшін еліміздің қаржылық секторына көрсетілетін консалтингтік қызметтер одан әрі жалғасады деп мәлімдеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін