Жарияланды: 610

Әлемдік банктің вице-президенті Шигео Катцу Астанада еліміздің ресми өкілдерімен кездесуде

Елімізде ресми сапармен жүрген Әлемдік банктің Еуропа және Орталық Азия елдері жөніндегі вице-президенті Шигео Катцу сапар аясында Астанада еліміздің ресми өкілдерімен кездесуде. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Әлемдік банктің Орталық Азия аймақтық өкілдігінен хабарлады.

Сапар бағдарламасына сәйкес, Ш.Катцу ҚР үкімет басшысының бірінші орынбасары Александр Павлов, ҚР үкімет басшысының орынбасары әрі ауылшаруашылығы министрі Ахметжан Есімов, қаржы министрі Ерболат Досаев және басқа да бірқатар лауазым иелерімен кездесіп, Әлемдік банк пен Қазақстан Республикасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы талқылауда. Ш.Катцу сондай-ақ, Қырғызстан мен Өзбекстанда да болып, 11-12-қарашада Ташкентте өтетін Орта Азиялық ынтымақтастық жөніндегі мекемеаралық екінші конференцияға қатысады. Әлемдік банк вице-президентінің Орталық Азия елдеріне сапарының басты мақсаты - Әлемдік банктің аталмыш аймақтағы жобалар қоржыны мен жалпы іс-қызметі, жалпы Орталық Азия аймағындағы, сондай-ақ, аймақтың әрбір жеке елдеріндегі қазіргі экономикалық ахуал мен болашақ дамуы туралы талқылау болмақ. Әлемдік банк қазір елімізде жалпы құны 566,2 млн. долларды құрайтын 9 жобаны жүзеге асыруда. Қазіргі жағдаймен олардың 45 проценті игерілген. Банктің еліміздегі жобалар қоржынына жүзеге асырылу сатысындағы 7 инвестициялық жоба қамтылған. Олардың арасында жолдардың сапасын жетілдіру, Атырау қаласын сумен қамтамасыз ету жөніндегі пилоттық жоба, ауылшаруашылығы саласына жеткешелендіру сатысынан кейінгі қолдау, Өзен мұнай кенішін реабилитациялау, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру, электр жалғастыру желісін реабилитациялау және Сырдария және Солтүстік Арал теңізінің атырауларын бақылау жобалары бар. Әлемдік банктің директорлар кеңесі таяуда Нұра өзенін сынаптан тазарту жөніндегі кезекті инвестициялық жоба мен Ғаламдық экологиялық қордың шөлейттене бастаған аумақтарды басқару жөніндегі грантын мақұлдады. Бұл жобалар бойынша келісім парламентте бекітілуі тиіс. 1992-жылдың қыркүйек айында Әлемдік банкке мүшелікке өткеннен бері еліміз жалпы алғанда 23 жоба түрінде 1,9 млрд. доллар алды. Оның 1,4 млрд. доллары игерілді. Әлемдік банк өз несиелерін Қазақстанға 5 жылдық жеңілдетілген мерзіммен 20 жылға беріп келеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін